Maqsut Narikbayev University басшылығы Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының делегациясымен кездесті. Тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.
Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының Бас хатшысы Абдулла Әл-Вашми университет базасында араб тілі тегін курстарын іске қосу мүмкіндігі туралы ұсыныс жасады. MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев бас хатшының жоспарларын қолдау көрсетіп, өзара тиімді және жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді. Делегация мүшелері сондай-ақ университеттің Ислам және қазақ құқығы орталығының қызметімен танысты.
Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы 2020 жылдың қыркүйегінде Сауд Арабиясының астанасында құрылған болатын. Ұйым бүкіл әлемде араб тіліне қызмет етуге, оның адами өркениетті, ғылым мен мәдениетті дамытудағы рөлін арттыруға және әлеуетін нығайтуға бағытталған. Бүгінде академия өз қызметін 60-тан астам елде жүзеге асырады.
Айта кетейік, араб тілі БҰҰ ресми тілдері құрамына кіреді. Бүгінде араб тілін әлемде 400 миллионнан астам адам меңгерген.


