
Maqsut Narikbayev University-де Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Еуропа және Орталық Азия мәселелері жөніндегі бас директорының міндетін атқарушы Люк Девинь қонақ дәрісін өткізді. Ол студенттерге Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастардың жай-күйі мен перспективалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Люк Девинь халықаралық құрылымдардағы жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, Еуроодақтың Орталық Азия мемлекеттерімен сыртқы саяси өзара іс-қимыл бағыттары туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ халықаралық дипломатияның қазіргі заманғы сын-қатерлері, Еуроодақ институттарының құрылымы мен жұмыс принциптері және Орталық Азияның Еуропалық сыртқы саяси күн тәртібіндегі рөлі мәселелері қозғалды. Өңірлердің көліктік және энергетикалық өзара байланысына, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын модернизациялау жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударылды.
Қонақ дәрісі Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы академиялық және сарапшылық диалогты дамыту аясында өтті. Айта кетейік, Еуроодақ Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады. Өткен жылдың өзінде ғана тауар айналымы рекордтық 50 миллиард АҚШ долларына жетті.