Maqsut Narikbayev University «Қытай – Орталық Азия» Заңгерлік білім альянсының мүшесі атанды. Жаңа бірлестік өткен аптада Үрімшіде іске қосылды.
Құқықтық негіздерді бірлесіп зерттеуге бағытталған альянстың ашылуы «Қытай – Орталық Азия» Құқықтық мәдениет саласындағы алмасу және өзара оқыту жөніндегі халықаралық конференциясы аясында өтті. Жетекші сарапшылар, ғалымдар және өңірдің 15-тен астам университеттерінің өкілдері алмасуды тереңдету, құқықтық мәдениетті өзара зерделеу және мемлекеттер арасындағы академиялық және мәдени өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Конференция жұмысына MNU Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Кристофер Кэмпбелл-Холт және MNU Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен қатысты.
Өз сөзінде Сергей Пен трансұлттық заңгерлік білім – айырмашылықтардан бас тарту емес, түрлі құқықтық жүйелерде сенімді бағдар үшін жағдай жасау екенін атап өтті. Баяндамада жасанды интеллект дәуіріндегі философия мен құқық теориясының рөліне ерекше назар аударылды. Ол сондай-ақ LegalTech және GovTech технологияларының дамуы көптеген типтік міндеттер автоматтандырылған заң мамандығының трансформациясына алып келетінін атап өтті. MNU-да әзірленген құқық теориясын оқытудың жаңа үлгісі туралы идеялар қатысушылар арасында қызығушылық тудырды. Жаңа үлгі түрлі құқықтық тұжырымдамалар мен дәстүрлер тұрғысынан құқықтық институттарды зерделеуді көздейді.
Айта кетейік, конференция барысында Maqsut Narikbayev University мен Қытай саяси ғылымдар және құқық университеті (CUPL) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта жасанды интеллект пен құқық саласындағы бірлескен зерттеулерге ерекше көңіл бөлінген.
