Бүгін Елордадағы Триатлон саябағында Maqsut Narikbayev University ұйымдастырған қайырымдылық марафоны өтті. Жүгіру жарысы ауыр дертпен күресіп жатқан бірінші курс студенті Ерсұлтан Бөрібекке қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Университет мәдениетінің бір бөлігіне айналған бұл шара 500-ден астам қатысушыны біріктірді. Жүгіру қашықтықтары 3, 5 және 10 шақырым болды. Сонымен қатар, 400 метрге арналған балалар эстафетасы өтті.
«Марафон – біз үшін барлығымызды біріктіретін маңызды оқиға. Біз бүгін студентімізге көмек көрсету үшін жиналдық. Жүгіруге тек студенттер ғана емес, ересектер мен балалар да қатысты. Бұл университеттің рухын, бірлігін көрсетеді. Мұндай шараны жыл сайын өткізіп тұру керек деп есептеймін», – деді Maqsut Narikbayev University Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Кристофер Кэмпбелл-Холт.
MNU Marathon осымен үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. Бұған дейін жиналған қаражат ауыр сырқатпен күрескен студенттер Сабина Сайранова мен Елдар Қармысұлына көмек ретінде бағытталған болатын. Қазіргі таңда олар Maqsut Narikbayev University-де оқуын сәтті жалғастырып жатыр.





«Мен Ақтаудағы Қазақстанның әскери-теңіз күштерінде қызмет етемін. Астанада демалыста жүріп, осы марафонға қатысуды ұйғардым. Бұл – қайырымдылық шарасы, біз мұндай бастамаларды әрқашан қолдауға дайынбыз. 10 шақырым жүгіріп өту қиын болған жоқ, себебі мен бір жылдан бері жүгірумен айналысып келемін. Бүгін екінші орынды иелендім, осы жетістігімді бапкерлеріме арнаймын», – деді марафон қатысушысы Әзімхан Әмірханов.
Айта кетейік, марафон жеңімпаздарына естелік медальдар мен серіктестер атынан сыйлықтар табысталды. Шараны Endowment MNU корпоративтік қоры Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының триатлон федерациясы және The Akan Building құрылыс компаниясының қолдауымен ұйымдастырды. Аталған қор бизнес-қауымдастық, түлектер мен институционалдық донорлармен бірлесе отырып, зерттеулерді қолдау, жоғары білім алуда инклюзияны қамтамасыз ету және MNU студенттеріне жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жұмыс істейді.