
Maqsut Narikbayev University-де «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің кезекті отырысы өтті. Сарапшылар республикадағы заң білімін дамыту мәселелерін талқылады.
Гибридті форматтағы іс-шараға MNU мен ҚР Әділет министрлігінің өкілдері және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Олар білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні енгізу, оқытушылардың біліктілігін арттыру және қазақ тіліндегі заң әдебиетін дамыту мәселелерін талқылады. Отырыс барысында MNU оқу процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің кешенді моделін таныстырды.
Бастамаға бакалавриаттың барлық бағдарламалары үшін жаңа міндетті пән – «ЖИ-ге кіріспе: заң мамандықтарына арналған қолдану негіздері» енгізу кіреді. Сондай-ақ «Заң хаты», «Заңгерлік консалтинг» және «Moot Court» сияқты пәндерге ЖИ-мен жұмыс істеу модульдері қосылады. Студенттер prompt engineering, мәтіндерді талдау мен тексеру, құжаттарды құрастыруды автоматизациялау және due diligence дағдыларын меңгеретін болады.
Магистранттар үшін үлкен деректермен жұмыс және дереккөздерді интеллектуалды іздеуге баса назар аудара отырып, құқықтық зерттеулерде ЖИ қолдану модулі енгізіледі. Сондай-ақ оқытушыларға арналған жасанды интеллектіні оқу процесінде қолдану бойынша біліктілікті арттыру курстары қарастырылған. Бұдан бөлек, «Құқық IT» бағдарламасы аясында ЖИ технологияларын реттеуді тереңірек зерттеу жоспарлануда.
Бірлестік мүшелері профессорлық-оқытушылық құрам үшін жазғы және қысқы мектептер шеңберінде біліктілікті арттыру курстарын тұрақты түрде өткізу қажеттігін талқылады. Олардың қатарында «Оқытушыларға арналған шешендік өнер», «Эмоциялық интеллект», «Әкімшілік құқық» және «Қылмыстық құқық бойынша кейс әзірлеу әдістемесі» сияқты пәндер бар.
Ерекше назар мемлекеттік тілдегі оқу әдебиетін дамытуға аударылды. MNU классикалық заң еңбектерін қазақ тіліне ресми аударуға құқық алу үшін Oxford баспасымен келіссөздер жүргізуде. Бұл студенттерді әлемдік білім беру ресурстарына қол жеткізумен қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басты тақырыбы жасанды интеллект дәуіріндегі өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу болды.