
PhD докторы, Maqsut Narikbayev University Associate Professor-ы Гүлфия Кучумова отандық ғалым әйелдерге арналған академик Найля Базанова атындағы марапатқа ие болды. Салтанатты марапаттау рәсімі Алматыда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өтті.
Жаңа марапатқа 66 жетекші ғалым әйелдер мен ғылыми қызметкерлер ие болды. Олар отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып, ғылымның түрлі бағыттарында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде республика бойынша 13 мыңға жуық әйел ғылыми қызметкер болып есептеледі.
Айта кетейік, Найля Базанова көрнекті отандық ғалым физиолог және Орталық Азияның тұңғыш академик әйелі. Бұдан басқа, ол биология ғылымының жаңа саласы – ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясының негізін қалаушы. Оның атындағы марапатты тағайындау жоғары ғылыми нәтижелерге қол жеткізген, жаңалықтар ашқан немесе қолданбалы зерттеулерді дамытуға елеулі үлес қосқан ғалым әйелдерге арналған құрмет белгісі ретінде саналады.