Бір апта бұрын Maqsut Narikbayev University студенттер қатарына ресми түрде қабылдау салтанатты рәсіміне бес мыңнан астам адам қатысты. Ендеше, университеттің басты мерекесінің қалай өткенін біздің фоторепортаждан біле аласыздар.
27 қараша күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы ерекше сәнге еніп, тартысқа толы аренаға айналды. Төрт жоғары мектеп чемпион атағы үшін жыл сайын өтетін дәстүрлі додада бақ сынасты. Кештің басты тақырыбы – «Arman Iesi. Think. Create. Lead» – студенттерге кең ойлауға, жасампаз болуға және қарқынды дамып келе жатқан технологиялар дәуірінде көш бастауға жетелейтін үндеу болды. Қатысушылардың қойылымдары жасанды интеллекттің дамуы, болашақ мамандықтардың бейнесі және ақпарат басты рөл атқаратын замандағы адам кейпі турасында өрбіді.
MNU студенттер қатарына қабылдау дәстүрлері – айрықша дүние. Кешқұрым елорда шамдары енді жана бастағанымен, «Жекпе-жек» сахнасы ерекше жарқырап тұр. Прожектор сәулелері трибуна бойымен жалт-жұлт етеді. Көрермендер орындарына жайғасып жатыр: у-шу дыбыстар керемет кештің бір бастамасы іспетті. Бірнеше минуттан соң бос орындар қалмайтын секілді, өнер сүйер қауым салтанатты шараны асыға күтуде


Осы ауқымды шараны ұйымдастыруда басты рөл атқарған – хаосқа бой ұсынбайтын «басты hater» әрі өз ісінің шебер перфекционисті, MNU Teaching Professor-ы Руфат Гахраманов. Ол 90-жылдардың соңында жоғары мектептердің алғашқы чемпиондық додасының куәгері еді, ал бүгінде сол дәстүрлі шараның режиссеріне айналды. Руфат мырзаның тынымсыз еңбегі мінсіз сценарийге негіз болды және оның елеулі үлесін Студенттік істер департаментінің жетекшісі Камила Кулбаева мен университеттің вице-провосты Жарас Асылбаев үйлестіре білді. Олар 2,5 айлық дайындық кезеңін біртұтас механизмге айналдырған керемет команда.
Мінеки, сахнада MNU хоры мен оркестрі. Олардың орындауындағы заманауи композициялар кештің алғашқы сәтінен-ақ көрермендерге көтеріңкі, жарқын көңіл-күй сыйлады: музыка залда отырған қауымды бір ырғаққа тоғыстырғандай. Алайда біршама уақыттан соң лирикалық атмосфера салтанатты сипатқа ұласты: аренада Қазақстанның ең үлкен туы ашылып, университет түлегі әрі оқытушысы Нүркен Айменовтың орындауында «Атамекен» әні шырқалды. Бұл сәт – терең патриоттық сезім мен бірлік рухының символы еді.


Салтанатты кештің келесі бөлігіндегі «Үміт» студенттік театр тобының әсерлі қойылымы көрермендерді өткен күннің естеліктеріне жетелегендей. Ностальгиялық сарында құрылған мини-спектакль залды нәзік әуенге толтырып, лирикалық көңіл күйге бөледі. «Жекпе-жек» қабырғасында ресми салтанат орнына ішкі тыныштық пен естеліктерге толы атмосфера орын алды.
Кенет эпикалық әуен аясында сахнаға жарық шашқан кубок түсірілді. Бұл – басталғалы тұрған табанды тартыстың басты символы. Сахна периметрі бойымен жоғары мектептердің өкілдері салтанатты кейіпте кезекпен сап түзеп шықты. Аталмыш көрініс – сол бір кештің тек қана сайыс емес, MNU рухы мен бірлігінің нышаны екенін білдіргендей.


Зал қошеметімен сахнаға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көтерілді. Өз сөзінде министр университеттің білім беру реформаларындағы жетекші рөлін ерекше атап өтті. Бұл – тек өткен күнге берілген жоғары баға емес, университет дамуының болашағын да айқындай түскен ерекше мәртебе. Сондай-ақ, министр MNU-ды ChatGPT EDU білім беру платформасына қосатынын жариялап, кештің атмосферасына жаңашылдық пен жасампаздық сарын қоса түсті.
Академиялық дәстүрлердің бірлігін айшықтаған ендігі бір сәтте сахнаға провост Анар Ибраева көтерілді. Оны MNU-дың төрт жоғары мектебінің символдары – дана Түлкі, айбатты Арыстан, қайта жаңғырған Феникс және айбынды Айдаһар сүйемелдеп шықты. Бұл көрініс – университет қауымдастығының сан алуандығы мен бірлігінің көрнекті бейнесі. Артынша сахнаға бірінші курс студенттері шығып, бір дауыстан MNU қағидаттарын берік ұстануға салтанатты түрде ант етті.

Кештің алғашқы бөліміндегі Қазақстанның алып туы – ұлттық рухты білдіретін визуалды симфонияның тек алғашқы аккорды еді. Кеш жалғасында аренада MNU-дың ең үлкен күңгірт қызыл туы да ашылды. Жалаулар шеруінің шарықтау шегі – «Заң мен тәртіп» туының көтерілуі болды. Бұл – білім, жауапкершілік және қоғам алдындағы борыш ұғымдарының бір-бірімен тығыз байланысын білдіретін терең символикалық көрініс болды.


Ант беру рәсімінен соң басты мазмұнды тартыс бастау алды. Әр кезең бойынша әділ баға беру үшін 15 адамнан құралған қазылар алқасы таңдалып алынған. Олардың қатарында қайырымдылық, қоғамдық қор өкілдері мен MNU түлектері болды. Бірінші тур – жоғары мектептердің әлеуметтік жобаларын таныстыруы. Ол – жай ғана бизнес-жоспар емес, шынайы адамдардың қиын тағдырына қолдау беруге бағытталған игі бастамалар. Әсерлі оқиғалар залды толқытты да, толғандырды, тіпті кей көрерменнің көзіне еріксіз жас келтірді.
Әлеуметтік мәні терең қойылымдардан кейін сахнаға танымал әнші Yenlik шықты. Оның орындауындағы әндер көрерменге қуат беретіні анық. Еңлік ұлттық музыкалық мұраны тың серпіліспен жеткізе білді. Күшті дауыс, жарқын энергетика, жастық жалын – бәрі де шараның рухын жаңа деңгейге көтергендей әсер қалдырды.


Алда екінші тур – шығармашылық қойылымдар. Ол заманауи өнер мен технологиялардың айқын шеруі болды. Басты тақырып – Жасанды интеллект. Төрт мектеп те бұл идеяны ерекше масштабта ашып көрсетті. Сахнада болашақтың атмосферасын көрнекті бейнелейтін түрлі спектакльдер қойылды: би билейтін робот, «Қара жорға» биінің жаңа интерпретациясы, жарық пен проекцияның ғажап эффектілері көздің жауын алды. Сахнаға студенттермен қатар оқытушылар да шығып, командалық бірлігін паш етті. Әр қойылымнан кейінгі ду қол шапалақ – MNU жастарының өнер мен технология тілінде еркін сөйлей алатынының айқын дәлелі еді.
Шығармашылық кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің сахнаға шығуы. 60-жылдары студенттік аудиторияларда өнер жолын бастаған бұл топ бүгінде жаңа буын студенттерімен жүздесіп, мәңгі классикаға айналған ретро әндерін шырқады. Ұрпақтар сабақтастығының айқын символына айналған бұл сәт – таңғажайып нонсенс; жалынды жастық пен шығармашылық рух бірнеше онжылдықтарды артқа тастап, қайта жаңғырғандай болды.

Барша қауым көптен күткен оқиға – нәтижелерді жариялау. Көрермен толқынысы шарықтау шегіне жетті. Қазылар алқасы әр тур бойынша бағаларын жариялаған соң, кештің басты құпиясы айқындалды. Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтың арнайы жүлдесі – бір миллион теңге мен атаулы мүсінше – Халықаралық журналистика мектебіне бұйырды. Ал Халықаралық экономика мектебі 2025 жылдың чемпионы атанды. Көрермен қошеметін аямады, мектеп өкілдері қуаныштары қойнына сыймай, сахнаға жүгіріп шықты. Бұл жеңіс олардың 20 жылдық мерейтойына ұласқан елеулі жүлде болды. Басты кубок қайтадан ISE қазынасына оралып, сегіз мәрте чемпион атағын бекітті.

Осылайша, Maqsut Narikbayev University өз қатарына 1800-ден астам жаңа студентті ресми түрде қабылдады. Кубок үшін болған тартыс, әсерлі қойылымдар мен хедлайнерлердің өнері әлі талай уақыт көрерменнің есінде сақталары анық. Бірақ ең бастысы, бұл кеш – студенттер үшін ерекше мақтаныш әрі өмір бойы естен кетпейтін тәжірибе сыйлаған ерекше мереке екені хақ.