Maqsut Narikbayev University-де ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан қонақ дәріс оқыды. Ол студенттерге қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығы туралы айтып, алаяқтық схемалардан қорғану әдістерімен бөлісті.
Ернар Тайжан агенттік қызметінің негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясындағы профилактикалық жұмысқа, сондай-ақ қаржылық құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу шараларына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, өткен жылы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар тәуекел топтарына жататын жеті миллионнан астам азаматты қамтыды. Сонымен қатар агенттік өкілі қоғамда қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамалар мен жүзеге асқан жобалардың нәтижелерімен бөлісті.
«Агенттік Maqsut Narikbayev University-мен белсенді ынтымақтасады. Университет біздің бастамаларды қолдайды және студенттер жобаларымызға тартылған. Олардың ішінде Қаржылық қауіпсіздік бойынша ұлттық олимпиадаға қатысу да бар. Студенттер агенттіктің бөлімшелерінде тәжірибеден өтіп, біздің жұмысымызға өз үлестерін қосып, жиі біздің әріптестерімізге айналуда. Мен олардың дайындығы жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді, өйткені бізге дайын, білікті мамандар келеді. Біз бұл серіктестікті жоғары бағалаймыз және оның одан әрі дамуына үміт артамыз», – деді Ернар Тайжан.
Дәріс барысында кең таралған алаяқтық схемалар тақырыбы тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ернар Тайжан азаматтар тап болатын ең өзекті алдау әдістеріне егжей-тегжейлі тоқталып, нақты кейстер мен қауіп-қатерлерден қорғанудың тетіктері туралы айтып берді. Студенттер спикерге бірқатар сұрақ қойып, қаржылық сауаттылықты арттыру мен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша өз идеяларын ұсынды.
Дәріс «Қоғаммен байланыс» курсы аясында өтті. Сабақ барысында Халықаралық журналистика мектебінің студенттері PR саласының өкілдерімен кездесіп, олардың ұйымдарының нақты кейстерімен жұмыс істейді және өздерінің PR стратегияларын дайындайды. Айта кетейік, бұған дейін ҚМА-мен ынтымақтастық аясында MNU-да «Қаржылық барлау және қаржылық қауіпсіздік» атты қосымша мамандандыру іске қосылған.




