Maqsut Narikbayev University Қазақстан атынан тағы бір мәрте Филип Джессоп атындағы халықаралық құқық бойынша конкурсына қатысады. Университет студенттері Орталық Азия раундында қазақстандық лиганың жеңімпазы атанды.
Өткен аптада Өзбекстанның астанасында байқаудың Орталық Азия раунды өтті. Қазақстандық лигаға алғаш рет сегіз университеттің студенттік командалары қатысты (Maqsut Narikbayev University, KIMEP University, Narxoz University, Nazarbayev University, Suleyman Demirel University, Farabi University, Caspian University, Turan University). MNU командасы финалда Narxoz University командасымен кездесіп, жеңіске жетті.
Жеңімпаздар командасының құрамында Құқық жоғары мектебінің студенттері Әнел Сапарғалиева, Дана Құмарғазы және Шынар Байтон болды. Олар дәстүрлі кубокты иеленіп, осы жылдың 28 наурызы мен 4 сәуірі аралығында АҚШ-та өтетін конкурстың негізгі кезеңінде Қазақстанның намысын қорғайтын болды. Айта кетейік, MNU бұл конкурста 24-ші рет бақ сынайды.
Джессоп кубогы әлемдегі ең ірі студенттік сот жарысы болып табылады. Жыл сайын оған 90-нан астам мемлекеттен екі мыңға жуық студент қатысып, БҰҰ Халықаралық соты форматында дауларды қарауды моделдейді. Биыл қатысушылар Халықаралық сотта талқылауға араласу құқығы, сирек кездесетін минералдарға қатысты тұрғылықты халық құқығы, өркениетті ұлттар мойындаған құқықтардың жалпы принциптерін ұсыну және басқа мемлекеттің ішкі юрисдикциясынан мемлекеттік кәсіпорынның иммунитетіне ие болу бойынша кейстерді қарайтын болады.