Maqsut Narikbayev University жапондық Soka University-мен академиялық ұтқырлық бойынша студенттер санын арттырады. Бұл туралы MNU топ-менеджменті өкілдері Токиоға сапары барысында келісті.
Басқарма төрағасының орынбасары Шынар Зәкиева мен Жоғары гуманитарлық мектептің деканы Анар Ибраева Soka University қызметімен танысып, жоғары оқу орнының басшылығымен келіссөздер жүргізді. Ынтымақтастықты нығайту және өзара іс-қимылдың перспективті бағыттары мәселелерін талқылауға ерекше назар аударылды. Келіссөздер аясында академиялық ұтқырлық бойынша студенттер санын арттыру, профессорлар мен оқытушылардың өзара алмасу форматын әзірлеу, бірлескен майнор бағдарламасын іске қосу, қос диплом бағдарламасын ашу мүмкіндіктерін пысықтау тақырыптары қозғалды.
Айта кетейік, Soka University Жапонияның қарқынды дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Сондай-ақ университеттің АҚШ-та филиалы бар. Soka University-мен әріптестік аясында академиялық алмасу бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Бұған дейін Токиодан келген университет делегациясы MNU-да екі рет болды.
