
Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебі (ХЭМ) мерейтойлық күнін атап өтуде. Тура 20 жыл бұрын жоғары оқу орнында экономика және бизнес факультеті құрылды.
Осы жылдар ішінде мектеп бизнес саласы, мемлекеттік сектор және қоғам үшін халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мыңдаған мамандарды дайындады. Мектеп экономика, қаржы, менеджмент, маркетинг, бухгалтерлік есеп, IT, саясаттану және халықаралық қатынастар салалары бойынша бакалавриат, магистратура, докторантураның 11 білім беру бағдарламасын іске асырады. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі.
Мектеп бағдарламалары FIBAA, CIMA, CFA Institute, АССА, GARP, ICAEW, aPHRi, CIM, IQAA сияқты беделді халықаралық аккредитацияларға ие. Бұл білім беру бағдарламаларының жоғары сапасын және қатаң халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды. Бұдан басқа, «Атамекен» ҚР ҰКП білім беру бағдарламаларының 2025 жылғы рейтингіне сәйкес, ХЭМ елімізде «Экономика», «Менеджмент» мамандықтары бойынша үздік кадрлар даярлайды, ал «Қаржы» және «Бухгалтерлік есеп» бағдарламалары ТОП-3-ке кіреді.
Профессорлық-оқытушылық құрам жетекші шетелдік университеттердің түлектері, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері, халықаралық кәсіби сертификаттардың холдерлері және ірі отандық және шетелдік компанияларда үлкен тәжірибесі бар мамандардан құралған. Германия, Франция және Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындарымен қос диплом бағдарламалары белсенді іске асырылуда, сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасы қолжетімді. Осыған қоса студенттер қосымша 16 мамандануды меңгере алады.
Бүгінде Халықаралық экономика мектебі түлектерді жұмысқа орналастырудың жоғары көрсеткіштерін көрсетіп отыр. ХЭМ жанында Мансап орталығы, екі ғылыми орталық және беделді және бәсекеге қабілетті жұмыс берушілерден құралған Бизнес кеңес өз қызметін жүзеге асырады. Мектеп студенттері халықаралық компаниялардың түрлі кейс-чемпионаттары мен конкурстарында көбінесе жоғары орындарға ие болады.
Айта кетейік, биыл 250-ден астам жас маман Халықаралық экономика мектебінің түлектері атанды. Мектептің қызметі туралы толығырақ осыған дейін ХЭМ деканы Сәуле Кемелбаева сұхбатында айтып берді.