Scholarium төртінші халықаралық конференциясы Maqsut Narikbyev University-де өтуде. Оған 200-ден астам шет тілі мұғалімі қатысуда.
Іс-шара Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Кипр және басқа да елдердің білім беру салаларының өкілдерін біріктірді. Конференцияны Scholarium шет тілдер мұғалімдерінің қауымдастығы ұйымдастырды. Іс-шараға сондай-ақ MNU Жоғары гуманитарлық мектебінің студенттері, магистранттары және оқытушылары қатысуда.
Конференция бағдарламасына сарапшылардың түрлі дәрістері, шеберлік кластар мен практикалық сессиялар кіреді. Қатысушылар оқытуда цифрлық құралдарды қолдану, пәндік және тілдік оқытуды интеграциялау, білім беру жобаларын кеңейту, контент-маркетингтің ерекшеліктері тақырыптарын талқылайды. Бұдан басқа, сарапшылар IELTS және Cambridge емтихандарына тиімді дайындық, балалар мен жасөспірімдерді оқыту және дамыту, оқыту әдістемелері және кәсіби жолды дамыту бойынша тәжірибелерімен бөліседі.
Айта кетейік, Maqsut Narikbyev University «Қолданбалы лингвистика» және «Аударма ісі» бағыттары бойынша бакалавриат пен магистратураның білім беру бағдарламаларын іске асырады. Бұған дейін осы бағдарламалар мен Орталық Азияның жетекші гуманитарлық-тілдік және сертификаттау орталығы болу жоспарлары туралы MNU Жоғары гуманитарлық мектебінің деканы Анар Ибраева сұхбатта айтқан болатын.


