Maqsut Narikbayev University-ге Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори келді. Ол университеттің қызметімен танысып, студенттердің заңгерлік білім деңгейін бағалады.
Венеция комиссиясының президенті «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысу үшін Астанаға келді. Ол форум қатысушыларымен бірге бүгін Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Клэр Бази Малори Қазақстан Еуропа Кеңесінің маңызды серіктесі ретінде түрлі конвенцияларға белсенді қатысып, заң үстемдігін арттыру үшін тиімді институттық реформалар жүргізіп жатқанын атап өтті.
MNU-да Венеция комиссиясының президенті ҚР Конституциялық Сотымен бірлесіп ұйымдастырылған «Venice Commission Model» интерактивті имитациялық ойынына қатысты. Онда студенттер Венеция комиссиясының жұмысын моделдеп, халықаралық құқық және жоғары кәсіби деңгейде пікірталас жүргізу саласындағы терең білімдерін көрсетті. Клэр Бази Малори студенттердің дайындық деңгейін және іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, болашақ заңгерлерді даярлау үшін осындай форматтардың маңыздылығын атап өтті.
«Студенттердің құқықтық тетіктерді қаншалықты терең түсініп жұмыс істейтінін көру өте әсерлі болды. Бұл еліміздің құқықтық элитасының жаңа буынының зор әлеуетін көрсетеді», – деді Клэр Бази Малори.
Айта кетейік, Қазақстан 2012 жылдан бері Венеция комиссиясының мүшесі болып табылады. Комиссия Еуропа Кеңесі жанындағы конституциялық құқық жөніндегі консультативтік орган. Оның міндеттері конституциялық құқық пен адам құқықтарын қорғау мәселелерін қозғайтын заңдар мен олардың жобаларын талдау. Венеция комиссиясы президентінің MNU-ға сапары қазақстандық білім берудің өсіп келе жатқан халықаралық беделін және оның жаһандық құқықтық процестерді талқылаудағы рөлін көрсетеді.




