Қазақстан Президенті бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Марапат иелерінің арасында Maqsut Narikbayev University профессорлары болды.
Күні кеше Ақордада Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына қол қойып, барлық отандастарды Ата заңның қабылдануымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталып, оның жұмысы өте ауқымды, тиімді болғанын және мемлекет пен қоғамның өзара сенімі мен серіктестігі аса маңызды екенін айқын көрсеткені туралы айтты.

Жиын барысында Қазақстан Президенті елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін Emeritus Professor, заң ғылымдарының докторы Сергей Ударцев алды, ал «Ерен еңбегі үшін» медалі профессор, PhD докторы Марат Ахмадиге табысталды. Сонымен қатар заң ғылымдарының кандидаты, Assistant Professor Алмас Жұмағали «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Айта кетейік, MNU профессорлары Конституциялық комиссияның құрамында болды және өз ұсыныстарын енгізді.





