Maqsut Narikbayev University-де студенттердің Wyndham Hotels & Resorts әлемдегі ең ірі қонақ үй тобының топ-менеджерлерімен кездесуі өтті. Спикерлер халықаралық қонақ үй бизнесінде табысты мансап құру жөніндегі кеңестерімен бөлісті.
Студенттер алдында Wyndham Garden Astana және Ramada by Wyndham Astana бас директоры Айдар Қойшыбаев, сондай-ақ Wyndham Garden Burabay директоры Рауан Бегімов сөз сөйледі. Олар өздерінің мансаптары мен жас мамандардың индустрияға сенімді кіруіне қандай дағдылар көмектесетіні туралы айтып берді. Cпикерлер клиенттерге бағдарлану, тәртіп және жұмыс жағдайларына жылдам әрекет ету дайындығының маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында үздіксіз білім алу мен қонақ үй желілерінің стандарттарын түсінудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. «Туризм» және «Қонақжайлылық» білім беру бағдарламаларының студенттері белсенді түрде сұрақтар қойып, құнды кеңестер алды. Сонымен қатар өз тәжірибесімен МNU түлегі, қонақ үйлер желісінің маркетинг бөлімінің қызметкері Аяулым Бақытжан бөлісті.
«Maqsut Narikbayev University тілдерді білу мен мамандануда тамаша негіз қалады. Бұл маған халықаралық деңгейде өзімді сенімді сезінуге мүмкіндік берді. Ең бастысы, төменнен бастаудан қорықпау және өзін тағылымдамашы ретінде сынап көру. Барлық кезеңдерді ішінен өткеннен кейін ғана мамандықты терең меңгеріп, кәсіпқой болып өсуге болады», – деді Аяулым Бақытжан.
Айта кетейік, «Атамекен» ҚР ҰКП ЖОО білім беру бағдарламаларының рейтингіне сәйкес, MNU қонақжайлылық саласында кадрлар даярлау бойынша еліміздегі үздік үш университет қатарына кіреді.




