Maqsut Narikbayev University-ге Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу келді. Ол «Халықаралық қатынастар» мамандығының студенттеріне арналған дәріс оқыды.
Антонелло Де Риу осы жылдан бастап Италияның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясын басқарады. Ол өзінің 30 жылдық тәжірибесі, екі елдің серіктестігін кеңейтудің маңыздылығы туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Дәріс «Қолданбалы дипломатия» арнайы курсы аясында өтті.
«Егер студенттер дипломат мамандығын бастағысы келсе, менің бірінші ұсынысым – әрқашан төзімді және сабырлы болу. Себебі отыз жылдық дипломатиялық мансабымда бұл ең маңызды қасиеттер екенін түсіндім. Дипломатта болуы керек қасиет – тыңдау қабілеті, өйткені тыңдау жақсы келіссөз жүргізуге, ұсыныстарды әзірлеуге жағдай жасайды», – деді Антонелло Де Риу.
Айта кетейік, өткен аптада Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Президенті Серджо Маттарелланың келіссөздері өтті. Сондай-ақ MNU Assistant Professor-ы Альберто ПекорароSilk Way телеарнасының эфирінде екі елдің қарым-қатынастарының даму перспективалары туралы айтып берді.


