Maqsut Narikbayev University–де әлемдегі дамуды қаржыландыру мәселелеріне арналған «Financing for Development – the Future We Need» сараптамалық диалогы өтті. Дипломаттар, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері әділ, қолжетімді және тұрақты қаржыландыру жолдарын белгілеу жөнінде пікір алмасты.
Іс-шараны Қазақстандағы Испания Корольдігінің Елшілігі БҰҰ елдік командасымен бірлесіп, Дамуды қаржыландыру жөніндегі төртінші халықаралық конференциясына орай ұйымдастырды. Аталған шара 2025 жылғы 30 маусым мен 3 шілде аралығында Севильяда өтеді, онда дамуды қаржыландыру ұйымдарының әлеуметтік пайдалы жеке инвестицияларды көбірек жұмылдыру тақырыбы қаралады. MNU-дағы диалог жаһандық конференцияға дайындық процесінің бір бөлігі және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында халықаралық қоғамдастықтың алдында тұрған қаржылық сын-қатерлерді талқылау алаңына айналды.
«Maqsut Narikbayev University үшін мұндай диалогтың бір бөлігі болу – тек құрмет қана емес, сонымен қатар, біздің стратегиялық миссиямыздың көрінісі. Ол тұрақтылық пен әділдік қағидаттары негізінде жаһандық сын-қатерлерді шешуге қабілетті болашақ көшбасшылардың ойлау қабілеті қалыптасатын орын болу», – деді MNU провосты Сергей Пен.
Сарапшылар атап өткендей, бүгінде әлем халқының 40 пайызы білім мен денсаулыққа қарағанда, үкіметтері қарыздың пайыздарын өтеуге көп қаражат жұмсайтын елдерде тұрады. Диалогқа қатысушылар қаржылық тұрақтылықты күшейту және дамуды қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру тәсілдерін талқылады. БҰҰ өкілдері Севильяда өтетін халықаралық конференция жаһандық қаржы жүйесін реформалап, кедейлікпен, климат мәселелерімен және теңсіздікпен күресу үшін маңызды қадам болатынын атап өтті.
«БҰҰ мәліметінше, әлем 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібін орындаудан айтарлықтай артта қалып отыр. Талданған 140 мақсаттың жартысына жуығы теріс динамиканы көрсетеді. 2030 жылға қарай 600 миллионға жуық адам бұрынғысынша өте кедей жағдайда өмір сүреді деп болжануда. Сонымен қатар дамушы елдер жыл сайын 4 триллион долларын құрайтын қаржыландыру тапшылығына тап болып отыр. Осының аясында конференция өткізу жаһандық қаржылық архитектурасы реформаларын және ресурстарды жұмылдыруды талқылау үшін платформа ретінде ерекше маңызға ие болады», – деді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің басшысы Құртмолла Абдулғаниев.

Айта кетейік, іс-шараны Maqsut Narikbayev University-де өткізу жоғары оқу орнының білім, саясат және халықаралық бастамалар арасындағы байланысты нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Университет орнықты дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастыруға қатыса отырып, шетелдік әріптестермен академиялық ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда.