Биыл Maqsut Narikbayev University бакалавры дипломын 700-ге жуық жас маман алды. 30-шы мерейтойлық түлектер кешінің кейіпкерлері университетке алғыстарын білдіріп, өз хикаяларымен бөлісті.
Халықаралық экономика мектебінің түлегі Айдана Қыдырхан MNU-дағы кезең толқу және белгісіздіктен басталғанын айтты.
«Мен жай ғана сынап көремін деп ойлап жүрдім. Бірақ бүгін мен осында Big4 компанияларының бірінің қызметкері ретінде тұрмын және арманға жету дұрыс шешім болғанын білемін. MNU мен үшін жай ғана университет емес, өзімді тапқан ортаға айналды», – деді Айдана Қыдырхан.
Ол стипендия алуға өткен сұхбатында университетті алға жылжытуға уәде бергенін және осы сөздерді іс-қимылға айналдырып, амбассадор болғанын еске алды.
Сонымен қатар диплом тапсыру рәсімінде түлектердің атынан Бақыт Сақышова сөз сөйледі. Халықаралық экономика мектебінің түлегі университет оған кәсіби дағдыларды ғана емес, икемділікті, өзін-өзі ұйымдастыруды және белгісіздік жағдайында әрекет ету қабілетін де үйреткенін атап өтті. Бүгінгі таңда ол аудиторлық қызметтерді ұсынатын Big4 компаниялардың бірі – PwC-те табысты жұмыс істейді.
«Осы төрт жыл ішінде маған Maqsut Narikbayev University берген тәлімгерлік пен мүмкіндіктердің арқасында мен үлкен компанияларда тағылымдамадан өтіп, түрлі кейс-чемпионаттарға қатыстым. Университет бізге мойымауды және өзімізге сенуді үйретті. Біздің қолымыздан көп нәрсе келді – дедлайн мен емтиханнан бастап кейс-чемпионаттар мен халықаралық сапарларға дейін. Біз шыдап, өсіп шықтық. Енді біздің алдымызда жаңа көкжиектер тұр», – деді Бақыт Сақышова.
Ішкі бағдарлар мен шектеулерді еңсеру қабілетінің маңыздылығы туралы Құқық жоғары мектебінің түлегі Бақытнұр Айтмұхамбетова айтып берді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасының арқасында ол сондай-ақ Льеж университетінде (Бельгия) оқыды және Уиллем Си Вис атындағы халықаралық коммерциялық төрелік бойынша беделді конкурста MNU командасының құрамында Қазақстанның намысын қорғады.

«Әркімнің өз шегі бар. Бірақ MNU бізді олардан қорықпауға және қай салада нағыз шексіз болғымыз келетінін түсінуге үйретті. Бүгінде біз әлемге дипломмен ғана емес, өз мүмкіндіктерімізді сезінудің жаңа деңгейімен шығудамыз», – деді Бақытнұр Айтмұхамбетова.
Ол сондай-ақ университет есімдер мен байланыстар емес, еңбек, интеллект пен сенімділік маңызды саналатын орын екенін атап өтті.
Жоғары гуманитарлық мектептің түлегі Дайана Әбілқас та көшбасшылық, жауапкершілік пен өсу туралы айтты. 2024 жылы ол MNU студенттік өзін-өзі басқару президенті болып сайланды. Оның айтуынша, университет көшбасшылық мектебіне айналды, онда әрбір студент өзін тек оқуда ғана емес, университет өмірінде де көрсете алды.
«Әрбір шешім мен күш-жігер біздің тәжірибемізді ғана емес, біздің мінезімізді де қалыптастырды. Бұл диплом – жай ғана нәтиже емес, біздің кім болғанымыздың символы», – деп атап өтті Дайана Әбілқас.
Биыл Халықаралық журналистика мектебінің алғашқы түлектері де диплом алды. «Журналистика: аналитика және тергеу» мамандығының түлегі Таңсу Оспан белгісіздік және әлемдік дағдарыс дәуірінде армандаудың маңыздылығын айтты.
«Мұздықтар еріп, өзендер мен сенім жойылып, соғыстар күшейіп, жалған ақпарат таратылып жатқан әлемде армандау армандау – бұл ерлік. Мүмкін, сондықтан да мен журналистиканы таңдадым: қиындығы көп жерге барып, үнсіз қалу ыңғайлы болған кезде сөйлеу үшін. Сенсация шығуы мүмкін оқиғаны емес, адамды ортаға қою. Құтқаруға болатын нәрсенің жоғалуына жол бермеуге әрекет ету», – деді Таңсу Оспан.
Әр түрлі мамандықтар, бағыттар және өмірлік жағдайларға қарамастан, барлық түлектерді бір нәрсе біріктірді – Maqsut Narikbayev University мүмкіндіктер, өсу және әрқашан есте сақталатын нағыз студенттік өмірдің кеңістігіне айналды. Айта кетейік, 30-шы диплом табыстау рәсімі 9 шілдеде жаңа Фемида гүлзарында өтті.