
Maqsut Narikbayev University бакалавры дипломын биыл 700-ге жуық адам алды. 30-шы мерейтойлық түлектер кешінің басты кейіпкерлері алған білімдері үшін университетке алғыс айтып, естеліктерімен бөлісті.
Солардың бірі – Жоғары гуманитарлық мектептің түлегі Әсел Жолдасбек. Студенттік жылдары ол туризм бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері атанып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Латвияда білім алған.
«Университетті таңдағанда «MNU түлектері диплом алмай жатып жұмысқа бірнеше ұсыныс алады» деп естідім. Алғашында бұл жай ғана жарнама деп ойладым. Бірақ қазір қолымдағы дипломмен бұның рас екенін айта аламын. Топтастарымның көбісі қазір мықты компанияларда жұмыс істеп жатыр. Ал менің алдымда үш таңдау тұр: қазақстандық компанияда жұмыс істеу, Дубайда тағылымдамадан өту немесе Ұлыбританияда магистратура оқу. Таңдау жасау оңай емес, бірақ бұл таңдау ұйқысыз түндер мен қажырлы еңбектің және Maqsut Narikbayev University-дің арқасында пайда болды», – деді Әсел Жолдасбек.
Ал Халықаралық журналистика мектебінің түлегі Әлмир Ахметов университетте коммуникация, көшбасшылық және қақтығысты басқару дағдыларын меңгергенін айтты. Бүгінде ол халықаралық компаниялардың бірінде жұмыс істейді.
«Біз тек жазуды немесе талдауды үйренген жоқпыз. Біз дос болуды, қолдауды, шындықты ыңғайсыз болса да айтуды үйрендік. Ұстаздарыма, ата-анама және достарыма шыдамдылықтары, қолдауы мен сенімдері үшін алғыс айтамын. Бұл диплом тек менікі емес, сіздердікі де. Енді бізді жаңа кезең күтіп тұр. Ол – жаңа мүмкіндіктер, сынақтар және MNU берген білім мен құндылықтарды қолдану туралы», – деді Әлмир Ахметов.
Жоғары гуманитарлық мектептің түлегі Мәдина Салинжуарова да университетке ерекше ықыласпен алғысын білдірді. Ол MNU-дың тек диплом ғана емес, өз жолыңды таңдауға және соған сеніммен қадам басуға үйреткенін атап өтті.
«Біз тек білім алып қойған жоқпыз – біз өстік, тұлға болып қалыптастық, қателесуді де, қайта тұруды да үйрендік. Біз барлық сұрақтың жауабын білуге міндетті емеспіз. Бірақ сенуге, сезінуге және алға жүруге міндеттіміз. Осы сеніммен біз жаңа кезеңге аяқ басамыз», – деді Мәдина Салинжуарова.
Ал Халықаралық экономика мектебінің түлегі Аян Шаһарқали алға ұмтылудың және мойымаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, университет әркім өз арманы, болашағы үшін күресетін орынға айналды.
«Біреу жетістігімен, біреу қателіктерімен болды. Бірақ бәріміз де дипломға жеттік, мойымадық. Мен Қазақстандағы әрбір баланың осындай өсу мүмкіндігіне ие болғанын қалаймын. Білім тек баннердегі сөздер емес, бұл елді өзгертуге деген мүмкіндік екендігіне сенемін», – деді Аян Шаһарқали.
Жоғары гуманитарлық мектептің түлегі, оқу үздігі Әсемгүл Хамидоллова студенттік жылдарда дебаттан бастап ғылыми зерттеулерге дейін өзін түрлі бағытта сынап көргенін айтты. Ол сондай-ақ MNU-да студенттердің әлемдік көшбасшылармен кездескені және танымал қазақстандық әртістер қатысқан университеттік іс-шаралар өміріндегі жарқын сәттердің біріне айналғанын жеткізді.
«Біз ересек адамдардың рөлінде болдық – проблемаларды шештік, қиын емтихандарды тапсырдық, жобалар жаздық. Бірақ бәріне төтеп бердік. Енді біз ештеңеден қорықпаймыз. Maqsut Narikbayev University-ге – мүмкіндіктер үшін, ұстаздарыма – білім мен төзім үшін, ата-анама – моральдық және материалдық қолдау үшін, өзіме – батылдығым үшін рахмет», – деді Әсемгүл Хамидоллова.
Айта кетейік, Maqsut Narikbayev University-дің 30-шы диплом табыстау рәсімі 9 шілдеде жаңа Фемида гүлзарында өтті. Бұған дейін де түлектер университеттегі есте қаларлық сәттері және хикаяларымен бөліскен болатын.