Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған заңнамалық бастамалардың нақты жемісін көруге мүмкіндік туды.
Бұған дейінгі құрылтай отырыстарында қоғамда жиі көтерілген – тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау секілді мәселелер енді заң деңгейінде шешімін тапты.
Соның ішінде әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза күшейтілді. Педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Сондай-ақ вейптер мен түтінсіз темекі өнімдеріне толық тыйым салынды. Мемлекеттік наградалар жүйесіне өзгерістер енгізіліп, Ұлы Отан соғысы батырларының есімдері «Айбын» орденіне берілді. Ономастика саласында атауларды беру тәртібі жетілдіріліп, орталық уәкілетті органның келісімі міндеттелді.

Құмар ойындарға шектеу енгізіліп, борышкерлер мен мемлекеттік қызметшілерге онлайн-казиноға қатысуға тыйым салынды. Тарихи-мәдени мұралар мен табиғи объектілерді қорғау мақсатында вандализмге қарсы жаза күшейтілді. Сонымен қатар, еліміздің ғылым, өндіріс, ауыл шаруашылығы сынды салаларында ерекше еңбек еткен азаматтарға жаңа құрметті атақтар бекітілді. Есірткімен күрес бағытында да нақты шаралар қабылданып, ұйымдасқан есірткі өндірісіне қатысты жаза қатаңдатылды. Археологиялық жұмыстарды жүйелеу және бақылау мақсатында тиісті құқықтық база жетілдіріліп жатыр.
Бұл реформалар Ұлттық құрылтайда айтылған қоғамдық пікірдің заңнамада нақты көрініс табуының айқын мысалы. Бұл бастамалар әділетті, қауіпсіз және адам құқығын алдыңғы орынға қоятын қоғам құруға бағытталған.

Рухани жаңғыру мен ұлттық тәрбие – Құндылықтар нақты жүйеге айналды
Қоғамда тәрбие мен рухани дамудың маңыздылығы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырыстарынан бері айтылып келеді. Бүгінде сол ұсыныстар нақты жүйелі тәрбие тұжырымдамасы ретінде жүзеге асты.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – құрылтай алаңында бұрын айтылған идеялардың жемісі. Бұл бағдарлама алты іргелі ұлттық құндылыққа негізделеді: Тәуелсіздік, Отаншылдық, Бірлік, Заң мен тәртіп, Еңбекқорлық, Жаңашылдық.
Сондай-ақ, Ұлттық кітап күні алғаш рет 2025 жылдың 23 сәуірінде атап өтілмек. Сонымен қатар, «Беташар» дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді. «Qazaq Culture» атты сегіз тілде жұмыс істейтін онлайн платформа іске қосылды. Қазақтың көрнекті тұлғаларына шет елдерде ескерткіштер орнатылды. Бұл жобалар қоғам санасын жаңғырту, жастардың ұлттық рухын күшейту бағытында жасалған нақты жұмыстардың нәтижесі.