Климаттың өзгеруіне байланысты аймақтық жоспарлау және басқару үрдістеріне талдау
Жоба командасы атқарған жұмыстар:
1. Климаттың өзгеруіне байланысты аймақтық жоспарлау және басқару процестеріне талдау жүргізілді. Қазақстан әлемде ЖІӨ көміртек қарқындылығы бойынша 11-орында және жан басына шаққандағы CO₂ шығарындылары бойынша алғашқы 15 елдің қатарында екені ескерілді.
2. Global Methane Pledge бастамасына қосылу жолындағы негізгі кедергілер анықталды. Оларға метан шығарындыларын бақылау және қадағалаудың жеткіліксіздігі, өлшеу мен есеп беруге арналған нақты әдістемелер мен стандарттардың болмауы, қаржыландыру және білікті мамандарды даярлау мәселелері кіреді.
Жоба командасының ұсыныстары:
1. Қазақстанның Экологиялық кодексіне метан шығарындыларын азайтуға бағытталған өзгерістер енгізу, оның ішінде полигондар мен қараусыз қалған көмір шахталарында метанды ұстау және пайдалану шараларын қамту, сондай-ақ орман отырғызу жобаларын қаржыландыру міндетін өндірушілерге жүктеу.
2. Қаржыландыру және орман отырғызуды ынталандыру механизмдерін әзірлеп, іске асыру, соның ішінде жеке питомниктер мен жаппай ағаш отырғызу жобаларын құру. Бұл шара Президенттің бес жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес келеді.
3. Кәсіпкерлік, үкімет және ғылым арасындағы өзара іс-қимыл үшін климат мәселелеріне, әсіресе метанға басымдық бере отырып, салалық әдістемелер мен шығарындыларды басқару технологияларын әзірлеуге бағытталған диалог алаңын құру.
4. Климат мәселелеріне арналған оқу модульдерін университеттердің білім беру бағдарламаларына енгізу және тиісті министрліктер қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру.
5. Ауыл шаруашылығында биожанармай және органикалық тыңайтқыштар өндірісін енгізу, сондай-ақ қоғамдық мекемелердің азық-түлік рационындағы сиыр етін тұтынуды азайту арқылы метан шығарындыларын қысқарту.
6. Климат мәселелерін 2024-2029 жылдарға арналған Экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасына қосу және климаттық білім мен дағдыларды ынталандыру үшін Ұлттық және Орталық Азия климаттық чемпионаттарын ұйымдастыру.