MNU Logo

2025-2030 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІМДІ ДАМЫТУДЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

ПАСПОРТ

 

1. Атауы 2025-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы құқықтық білімді дамытудың тұжырымдамасы
2. Әзірлеу үшін негіздер Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» және «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» заңдары.

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Мемлекет Басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы;

«ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы;

«ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы;

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы;

«Қазақстан Республикасы Президентінің “Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым” сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 2 Жарлығы;

«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы Күшін жойған» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығы;

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысы.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің 2022 жылғы 14 желтоқсандағы № 45 (1.2-т.), 2023 жылғы 9 қаңтардағы № 07-1213 (2.1-т) және 2023 жылғы 20 ақпандағы № 07-1230 (3.2-т.) хаттамалық тапсырмалары.

3. Бағдарламалық құжатты әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі;

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі;

Қазақстан Республикасының Қаржы  министрлігі;

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі;

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі;

Жергілікті атқарушы органдар.

4. Іске асыру мерзімдері 2025-2030 жылдар

 

КІРІСПЕ

Құқықтық білім құқықтық мемлекетті қалыптастыру мен қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуде жетекші рөл атқарады. Жаһандану және технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында Қазақстан қазіргі заманғы юридикалық тапсырмаларды тиімді шешетін және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары білікті мамандарды сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін юридикалық білім беру жүйесін жаңғырту қажеттілігіне тап болуда.

Ұлттық ғылыми-зерттеу кеңесінің отырысындағы сөз сөйлеуінде Қазақстан Республикасының Президенті «бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет» деп атап өтті.

Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған заңнаманың сақталуын әзірлеуде, енгізуде және мониторингінде, әсіресе әлеуметтік әділдік пен экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу сияқты бағыттарда заңгерлердің рөлі айтарлықтай жоғары. Заңгерлер осы ресурстарды пайдалану мен қорғауды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді қамтитын табиғи ресурстарды тұрақты басқарудың құқықтық механизмдерін құру бойынша жұмысқа тартылады.

Білікті заңгерлер адамның құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары да бар. Сол себепті де заңгерлік көмек сапалы ғана емес, қолжетімді болуы керек, бұл тұрақты дамудың негізі болып табылады.

Технологиялық прогресс жағдайында заңгерлердің жаңа технологияларды қауіпсіз қолданудың құқықтық негізін құруға, әрі осындай қолдануды ұтымды құқықтық сүйемелдеуге, оның ішінде зияткерлік меншікті тиісті дәрежеде құқықтық қорғауға дайын болуы керек. Мұның бәрі Қазақстанның экономикасы мен инновацияларының одан әрі дамуына ықпал ететін болады.

Соңғы онжылдықтарда көптеген елдерде заңгерлерді даярлау сапасын арттыруға, оқытудың практикалық құрамдас бөлігін ұлғайтуға және халықаралық тәжірибені интеграциялауға бағытталған құқықтық білім саласында нәтижелі реформалар енгізілді. Қазақстан құқықтық білім сапасын жақсартуға ұмтыла отырып, осы мысалдарды өз реформалары үшін бағдар ретінде пайдалана алады.

Қазақстан Республикасындағы құқықтық білімді дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін және елдің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік дамуын қолдауды, сондай-ақ адам құқықтарын қорғауды және құқық үстемдігін қамтамасыз ету үшін қажетті компетенцияларға ие білікті заң кадрларын даярлауды қамтамасыз етуге қабілетті білім беру жүйесін құруға бағытталған.

Осы Тұжырымдамада айқындалған Қазақстандағы құқықтық білімді дамытудың негізгі бағыттары осы Тұжырымдамада айқындалған мақсатқа қол жеткізуге арналған және заң білімін мемлекеттік реттеуге және академиялық еркіндікті кеңейту көзқарастарын трансформациялауға; білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге; заңгерлерді даярлау процесін кадрлық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету сапасын арттыруға; кәсіби қоғамдастық пен академиялық орта арасындағы интеграцияны күшейту; болашақ заңгерлердің бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті және академиялық адалдықты дамытуға; заң білімін интернационалдандыруға; ғылым мен ғылыми кадрлардың сабақтастығын ынталандыруға бағытталған бірқатар шараларды қамтиды.

Осылайша, Қазақстан Республикасында құқықтық білімді дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қоғамға тиімді және жауапты қызмет етуге, Қазақстанда және одан тыс жерлерде заманауи құқықтық ғылым мен тәжірибені дамытуға белсенді қатысуға дайын, әрі юридикалық қызметтердің сапасын жақсарту үшін заманауи ақпараттық шешімдерді қолдануға қабілетті және құқықтық реформаларды іске асыруда қатысуға дайын жаңа форматтағы заң кадрларын даярлауды қамтамасыз ету үшін бағдарламалық негіздерді белгілейді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІМНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫН ТАЛДАУ

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап заңгер мамандығы елдің құқықтық жүйесін қалыптастыру мен нығайту үшін негізгі мамандық болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең маңызды міндет мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алатын берік құқықтық база құру болды. Бүгінгі таңда, «Жаңа Қазақстан» кезеңінде заңгерлердің рөлі одан да маңызды, өйткені олар құқықтық мемлекетті нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, сондай-ақ халықаралық құқықтық стандарттарды енгізу процесінде негізгі тұлғалар болып табылады.

Сонымен қатар, қазіргі кезеңдегі юридикалық білім беру сапасын қоғам сын көзбен қарайды. Жұмыс берушілер мен кәсіби заң қоғамдастығының мүшелері көбінесе түлектерді даярлаудың төмен деңгейін, олардың практикалық қызметті сәтті жүзеге асыру үшін қажетті компетенциялардың жоқтығын атап өтеді.

Өңірлерде сапалы профессор-оқытушылар құрамына деген қажеттіліктің болуы тағы бір маңызды мәселе болып табылады, ал жоғары білікті мамандардың басым бөлігі Астана мен Алматыда шоғырланған.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 59 университет «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын іске асырады, олардың ішінде ауыл шаруашылығы, техникалық және педагогикалық бейіндегі университеттер бар.

Жалпы, Қазақстандағы заң факультеттерінің саны салыстырмалы түрде басқа елдердегі осындай көрсеткіштен асып түседі. Мысалы, 20 миллионға жуық халқы бар Румынияда 66 университет бар және олардың 10-нан азында құқық факультеттері бар. Нидерландыдағы 18 миллиондық халқына 21 университет бар және олардың бірнешеуі ғана заң бойынша білім беру бағдарламаларын ұсынады.

Қазақстанда заңгерлерді дайындайтын университеттердің көптігі олардың академиялық сапа стандарттарын сақтауына контроль жасауды қиындатады, ал біліктілігі жеткіліксіз мамандар оқуды бітірген жағдайда қоғам мен мемлекеттің көпшілікті құқықтық қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етуге қабілетті сапалы заңгерлерге өсіп келе жатқан сұранысын қалыптастыра отырып, мамандықты құнсыздандырады.

Осы мәселені түсіне отырып, Ғылым және жоғары білім министрлігі мәселелерді табу мен шешу және риск критерийлерін бағалау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатыр. Осылайша, 2019 жылдан бері заңгерлерді даярлауды жүзеге асыратын жоғарғы оқу орындарының саны 71-ден 59-ға дейін түсті.

Заңгерлік білім беру сапасын арттыруға бағытталған тағы бір маңызды мемлекеттік шара заң мамандықтарына түсу үшін қажетті Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) шекті балын ұлғайту болды: егер бұрын 50 балл жеткілікті болса, енді бұл шек 75 баллға дейін көтерілді. Бұл шешім Медициналық және педагогикалық мамандықтарға қатысты қабылданған шаралар секілді неғұрлым дайындалған және ынталы студенттерді тартуға бағытталған.

Қазақстандағы құқықтық білімнің қазіргі жағдайын талдау SWOT-анализі нәтижесінде анықталған мықты және әлсіз тұстарды, мүмкіндіктері мен қауіптерін қамтиды:

 

Мықты тұстары (Strengths) Әлсіз тұстары (Weaknesses)
1. Реформаларды мемлекеттік қолдау

2. Халықаралық қауымдастықпен интеграция

3. Кәсіби қоғамдастықтың құқықтық кадрларды даярлау процесіне қатысуға ұмтылуы

4. Қазақ тіліндегі құқықты дамытуға деген қызығушылық

5. Заңгерлердің өзін-өзі реттейтін ұйымдарының дамуы

1. Теория мен практика арасындағы алшақтық

2. Кадрлық қамтамасыздандыру мәселелері

3. Заңгерлік кәсіпті жеткілікті түсінбеу, жүйеліктің болмауы

4. Құқық факультеттерінің тым көп болуы және білім беру сапасының төмендігі

5. Мемлекеттік тілдегі құқықтық білімнің мәселелері

6. «Заңгер» кәсіби стандартының болмауы

Мүмкіндіктер (opportunities) Қауіптер (threats)
1. Халықаралық ынтымақтастық

2. Жаңа технологияларды үйрену

3. Еңбек нарығын кеңейту

4. Ғылыми қарекетті ынталандыру

5. Soft skills, пәнаралық және салааралық құзыреттерді дамыту

6. «құқық» білім беру бағдарламаларның тобы бойынша тәуелсіз рейтинг құру

1. Экономикалық факторлар және экономикалық тұрақсыздық

2. Әлеуметтік және мәдени факторлар

3. Күнделікті тапсырмаларды жасанды интеллектпен ауыстыру

4. Ресейлік және посткеңестік құқықтық доктринадан тым қатты тәуелділіктің болуы

5. Ғылыми кадрлардың сабақтастығы мәселелері

 

 

Мықты тұстары (Strengths)

  1. Реформаларды мемлекеттік қолдау

Мемлекет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы ЖЖОКБҰ-ның академиялық еркіндігін одан әрі кеңейтуді, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуды және негізгі құзыреттер мен еңбек нарығының жаңа сын-тегеуріндерін ескере отырып, “Университет түлегі моделін” жетілдіруді, ғылымды қаржыландыруды барлық көздерден ЖІӨ-нің 1% – на дейін арттыруды және т. б. көздейді.

Өз кезегінде, бейінді министрлік академиялық сектордың реформаларын ілгерілетуге белсенді қатысады, ел ішінде жоғары оқу орындары арасындағы коммуникацияларды дамытуға және интернационалдандыруды кеңейтуге ықпал етеді, оқу-әдістемелік кеңестер мен бірлестіктердің қызметін ынталандырады, оларға тиімді тәжірибе алмасуды және озық тәжірибеге негізделген шешімдерді әзірлеуді қамтамасыз етуге арналған жан-жақты қолдау көрсетеді.

  1. Халықаралық қауымдастықпен интеграция

Құқықтық білім халықаралық интеграцияның тек халықаралық құқық циклының пәндері мен бағдарламалары тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар негізгі құқықтық институттар, салыстырмалы құқықтану, доктриналардың өзара ықпалдасуы мен іске асырылуы тұрғысынан да айтарлықтай әлеуетіне ие.

Бүгінгі таңда Қазақстанның «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын көптеген жоғары оқу орындары шетелдік университеттермен тығыз әріптестік байланыстар орнатқан, бірлескен және қосдипломды білім беру бағдарламаларын, онымен қоса академиялық ұтқырлық бағдарламаларын, сондай-ақ басқа да халықаралық академиялық жобаларды сәтті іске асырып келеді.

Қазақстанның білім беру нарығында соңғы онжылдықта шетелдік және халықаралық академиялық ұйымдар мен бағдарламалар (DAAD, Erasmus+, Fulbright және т.б.) тұрақты түрде ұсынылған. Халықаралық академиялық алмасулардың дамуы мемлекет тарапынан қаржылық қолдау арқылы жоғары оқу орындарына шетелдік профессорларды тарту және академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру үшін қосымша қаржыландыру бөлу аясында іске асырылады.

«Құқық» бағыты бойынша бірқатар білім беру бағдарламалары беделді халықаралық аккредитацияларға ие болып, халықаралық білім беру кеңістігіне сәтті кіріктірілген.

  1. Кәсіби қауымдастықтың құқықтық кадрларды даярлау процесіне қатысуға ұмтылуы

Соңғы 5 жыл ішінде құқықтық білім саласындағы негізгі тенденцияларының бірі – кәсіби қауымдастықтың заңгерлерді даярлау процесіне қатысуының сапасының экспоненциалды өсуі.

Бүгінде құқықтық нарықтағы негізгі субъектілер «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестік құрамында кеңінен ұсынылған, бұл оларға жаңа Қазақстанның заңгерлерін даярлау үдерісіндегі білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік қамтамасыз етудің сапасына тікелей әсер етуге мүмкіндік береді.

Заңгерлерді даярлау бағдарламаларының басым көпшілігі ҒЖБМ тапсырмасымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ұйымдастыратын жұмыс берушілердің тәуелсіз рейтингіне қатысады.

Кәсіби қауымдастықтар қолданыстағы білім беру бағдарламаларын аккредитациялау процесіне белсенді қатысады, олардың кейбірі (мысалы, «Kazakhstan Bar Association» Заң консультанттары палатасы) бұл қызметті институционалдық негізде жүзеге асырады.

Оқу үдерісіне тәжірибеге бағдарланған оқыту формалары кеңінен енгізілуде, бұл студенттерге табысты мансап үшін қажетті практикалық дағдылар мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

  1. Қазақ тіліндегі құқықты дамытуға деген қызығушылық:

Соңғы 3 жылда елде мемлекеттік тілде заңгерлік білім алуға сұраныстың тұрақты өсу үрдісі байқалады.

2024 жылы талапкерлердің 70%-дан астамы жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсыру тілі ретінде қазақ тілін таңдады.

Халықтың әділ сот төрелігі мен мемлекеттік тілде заң көмегін сапалы көрсетуге деген өсіп келе жатқан сұранысы қазақ тіліндегі құқықтық білім секторын кешенді дамытуды талап етеді. Бұл заң терминологиясын дамыту, сапалы контент пен оқу-әдістемелік материалдарды жасау, сондай-ақ мемлекеттік тілде заңгерлік білімнің қолжетімділігін арттыруды қамтиды.

  1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдарды дамуы:

Заң консультанттары палаталарын құру және олардың қызмет етуін ұйымдастыру, сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасының қайта құрылуы Қазақстандағы заңгерлік кәсіптің өзін-өзі реттеуі мен тәуелсіздігін дамытуға ықпал етті.

Бұл сондай-ақ заңгерлік нарықтың жұмыс істеуінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, заңгерлік практиканың қазіргі талаптарына сай білім, дағды және құзыретке ие мамандарды даярлау сапасына тұрақты сұраныстың қалыптасуына септігін тигізді.

 

Әлсіз тұстары (Weaknesses)

  1. Теория мен практика арасындағы алшақтық

Кәсіби заңгерлік қауымдастықтың заңгер мамандарды сапалы даярлаудағы өз рөлін түсінуі осы күнге дейін құқық саласындағы білім беру бағдарламаларының мазмұнында тиісті деңгейде көрініс тапқан жоқ.

Кәсіби мамандарды білім беру процесіне тарту көбіне фрагменттік сипатқа ие (қонақ лекциялар, бір реттік далалық сабақтар және т.б.) және жүйелі тәсіл мен әдістемелік негіздемеге ие емес. Өңірлік деңгейде кәсіби қауымдастық өкілдерін тарту академиялық қызметтің тартымдылығының төмендігі себебінен қиындайды.

Жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жетілдіру процесіне қатысуы да осы күнге дейін институционалдық сипатқа ие болмаған: заң факультеттері мен құқық мектептерінің көпшілігінде жүзеге асырылатын білім беру бағдарламаларының негізгі жұмыс берушілерінен тұратын және білім беру бағдарламасының дизайнын, құрылымын, оқу нәтижелерін, түлектің бейінін (моделін) және т.б. анықтауда нақты регламенттелген рөлдер мен өкілеттіктерге ие тұрақты жұмыс істейтін Бизнес Кеңестер немесе оларға ұқсас алқалық органдар жоқ.

Көптеген оқу пәндері шамадан тыс теориялық сипатқа ие, бұл практикалық дағдыларды, соның ішінде құқық қолдану және нормашығармашылық дағдыларын меңгеруге жеткілікті көңіл бөлмеумен ерекшеленеді.

  1. Кадрлық қамтамасыз ету мәселелері

Көптеген білім беру бағдарламаларының қатты ұлттық бағыттылығы, сондай-ақ академиялық заңгерлік кадрларды тиімді қалыптастыруды қамтамасыз етуді мүмкін болдырмайтын академиялық мансаптың тартымдылығының төмендігі, құқық саласында, әсіресе халықаралық тәжірибесі бар жоғары білікті оқытушылардың елеулі тапшылығын тудырды.

Жас оқытушылар академиялық мансап құруға деген төмен мотивациямен немесе оның мүлдем болмауымен ерекшеленеді. Ең талантты және амбициялы мамандар мансабын ірі қалаларда және ел астанасында құруды жөн көреді, бұл өңірлерде академиялық кадрлардың аса өткір тапшылығын туындатып, заңгерлік білім сапасына кері әсерін тигізеді.

  1. Құқықтық кәсіпті жеткілікті түсінбеу, жүйеліліктің болмауы

Барлық университеттерде заманауи жағдайдағы құқықтық кәсіптің рөлі туралы анық түсінік жоқ.

Университеттердегі академиялық еркіндіктің кеңеюі, сөзсіз, оң үрдістермен қатар, көптеген тар мамандандыру бағдарламаларының хаосты түрде әзірленуіне әкелді, олар, алайда, «құқық бакалавры» деген әмбебап біліктілікті беруімен сипатталады.

Барлық жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдары (ЖЖОКБҰ) құқық бакалаврының тар мамандандыруы мен профильденуінің осы біліктіліктің әмбебап сипатына қарама-қайшы келетінін түсінбей, студенттердің кең ауқымды негізгі білім мен дағдыларды алу мүмкіндігін шектейді. Бұл олардың мансап жолын құруда икемділіктің төмендеуіне әкеледі және көбінесе қосымша қайта даярлауды қажет етуге әкеледі, сондай-ақ жұмыс берушілердің оны, тар мамандандыру салдарынан, сапасыз даярлық ретінде бағалауына теріс әсер етеді.

Одан басқа, факультеттердің шектеулі мүмкіндіктері мен олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігі, әсіресе аймақтарда, университеттерді «ескіше» жұмыс істеуге мәжбүр етеді, бұл білім беру бағдарламаларын дамытуға кедергі келтіреді.

  1. Құқық факультеттерінің тым көп болуы және түлектің бірыңғай моделінің (бейінінің) болмауы

Құқықтық кадрларды даярлауды Қазақстанда 59 университет жүзеге асырады, олардың көпшілігі профильді немесе гуманитарлық емес. Мұндай тәсілмен оқыту бағдарламасының барлық пәндерін бір кафедра немесе департамент оқытушылары қамтамасыз ету жағдайлары жиі кездеседі, олардың нақты пәндер бойынша қажетті мамандығы жоқ.

20 миллион халықы бар ел үшін 59 заң факультеті – құқықтық білім беру жүйесінде стратегиялық басқаруды және біртұтас сапа стандарттарын қамтамасыз етуді қиындататын үлкен көрсеткіш. Кәсіби оқытушылардың ірі қалаларда шоғырлануы бұл мәселені одан әрі ушықтырады.

Құқықтық білім беруді реттеудің дамыған бәсекелік моделі және халықтың академиялық стандарттар мен артықшылықтар туралы ақпараттануы орта мерзімді перспективада бұл мәселені шешуге қабілетті, себебі бәсекеге қабілетсіз заң мектептері ақырында, абитуриенттер тарапынан сұраныстың болмауына байланысты, артық әлеуметтік шиеленіссіз жабылады. Алайда «дәл қазіргі сәтте» барлық университеттер контингент жинау барысында білім сапасын қамтамасыз етуге қажетті көңіл бөле бермейді, бұл жеткіліксіз дайындалған мамандарды шығаруға әкеледі.

Жағдай заң бакалавриаты түлегінің әмбебап моделінің болмауымен, яғни, осы нәтижеге қол жеткізудің құралдары мен тәсілдерін таңдауда университеттің академиялық еркіндігін шектемей, құқық саласындағы бакалавриаттың кез келген білім беру бағдарламасын игеру барысында қамтамасыз етілуі тиіс нарық күткен ең төменгі нәтиженің болмауымен қиындайды.

  1. Мемлекеттік тілдегі құқықтық білімнің мәселелері:

Қазақстанда қазіргі уақытқа дейін құқықтық қазақ тілінің корпусы қалыптаспаған, бірыңғай заң терминологиясы жоқ, қазақтілді мамандардың, сондай-ақ қазақ тіліндегі оқу материалдарының айтарлықтай жетіспеушілігі әлі де байқалуда.

Осының бәрінің салдары мемлекеттік тілдегі заңнаманың сапасының төмен болуына әкеліп соғады, бұл тек тікелей құқық қолдануды ғана емес, сонымен қатар қазақтілді заңгерлерді даярлауды да қиындатады.

  1. «Заңгер» кәсіби стандартының болмауы:

Білім беру бағдарламаларының мазмұны ЖЖОКБҰ бойынша айтарлықтай ерекшеленеді, ал ортақ болып негізінен жалпы білім беретін пәндер блогы қалады. Бұл оқыту нәтижелеріне, түлектің құзыреттерін қалыптастыруға әсер етеді және, соның салдарынан, жұмыс берушілер үшін кадрлардың біліктілігін болжауды қиындатады.

 

Мүмкіндіктер (Opportunities)

  1. Халықаралық ынтымақтастық

Шетелдік университеттермен серіктестік байланыстарды кеңейту және халықаралық бағдарламаларға қатысу, сондай-ақ шетелдік оқытушылар мен мамандарды тарту тәжірибе алмасуға, халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануға және білім беру бағдарламаларын интернационализациялауға ықпал етеді.

Геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты Қазақстан қазіргі уақытта Батыс пен Шығыстан келген шетелдік серіктестер үшін елеулі қызығушылық тудырып отыр, бұл халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, шетелдік оқытушылар мен студенттерді тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

  1. Жаңа технологияларды үйрену

Жасанды интеллект (AI) технологиясының қарқынды дамуы заңгердің кәсіби қызметі мен академиялық үдеріс құрылымындағы өзгерістерді сенімді болжауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта оны заңгерлерді даярлау бағдарламаларына тиімді енгізу маңызды, өйткені ол заңгердің жұмыс құралы ретінде рутиналық тапсырмаларды орындау процесін оңтайландыруға көмектеседі, дегенмен де ол адамның орнын толық баса алмайды.

Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйретуді қамтитын бағдарламалар түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады, ал жасанды интеллектті пайдалану заңгерлерге жұмыстың күрделі және шығармашылық аспектілеріне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, оқу процесінде AI қолданған кезде академиялық адалдық стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету қажет.

  1. Еңбек нарығын кеңейту

Экономиканың және құқықтық жүйенің дамуымен байланысты білікті заңгерлерге деген сұраныстың артуы халықаралық заңгерлік фирмалар мен корпорацияларда, сондай-ақ сот және құқық қорғау жүйелерінде жұмысқа орналасу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Білікті кадрлардың жетіспеушілігі заңгерлерді сапалы даярлауға тұрақты жоғары сұранысты қалыптастырады.

  1. Ғылыми қызметті ынталандыру

Лайықты профессорларды тікелей қаржыландыру және жас ғалымдарға арналған ынталандыру жүйесін енгізу академиялық және ғылыми-зерттеу мансабын тартымды етуі мүмкін.

  1. Soft Skills мен өзге де құзреттерді дамыту

Инновациялық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті, эмоционалдық интеллектті оқытуды кеңейту, сондай-ақ пәнаралық және тілдік құзыреттерді көптілділік форматында (қазақ, орыс, ағылшын тілдері) дамыту түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, оларды әлемдегі үздік әдебиеттер мен зерттеулерге қол жеткізумен қамтамасыз етеді және болашақ заңгерлерде тәуелсіз және сыни ойлауды қалыптастыруға ықпал етеді.

  1. «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларының тәуелсіз рейтингін құру

Білім беру бағдарламаларының тәуелсіз рейтингін олардың негізгі тұтынушысы болып табылатын кәсіби заңгерлік қауымдастықтың құруы заң қызметтері мен заң білім беру нарығында адал және әділ бәсекелестікке ықпал етеді.

 

Қауіптер (Threats)

  1. Экономикалық факторлар

Білім беру мекемелерін қаржыландыруды азайтуы мүмкін экономикалық тұрақсыздық. Сапалы жоғары оқу орындарындағы кейбір студенттер үшін заңгерлік білімге қолжетімділікті шектеуі мүмкін оқудың жоғары құны.

  1. Әлеуметтік және мәдени факторлар

Техникалық білім мен IT мамандықтарының танымал болуы, жастардың өз стартаптарын іске қосуға және кәсіпкерлікпен айналысуға ұмтылысы, жалпы алғанда, экономиканың дамуына оң әсер еткенімен, заңгерлік мамандыққа деген қызығушылықты төмендетеді. Жаңа буын студенттері арасында білімін жалғастыруға және заңгерлік салада мансап құруға мотивацияның жеткіліксіздігі жиі байқалады. Бұл мәселенің дамуына катализатор рөлін заңгерлік мамандыққа деген теріс көзқарас қалыптастырып, заңгерлердің артық мөлшерде екендігі және олардың еңбек нарығында сұраныссыз екендігі туралы мифтерді насихаттайтын әлеуметтік стереотиптер атқарады.

Бейресми білімнің танымал болуына байланысты университеттердің рөлі мен жалпы жоғары білімге деген сұраныс төмендеуде.

  1. Күнделікті тапсырмаларды жасанды интеллектпен алмастыру

Жасанды интеллект бүгінгі таңда күнделікті заңды тапсырмаларды сәтті автоматтандыруда, бұл жұмыс орындарының санының қысқаруына әкелуі мүмкін.

Жасанды интеллект арқылы бірнеше процестерді автоматтандыру нәтижесінде дәстүрлі заңды қызметтерге сұраныстың азаюы жас заңгерден бастапқы позицияның өзінде-ақ жоғары деңгейдегі біліктілікті талап етеді.

  1. Ресейлік және посткеңестік құқықтық доктринадан тым қатты тәуелділіктің болуы

Қазақстандық заң білім беру, доктрина, құқық қолдану және заң шығару өз дамуы барысында ұзақ уақыт бойы Ресей мен посткеңестік стандарттар мен тәжірибеге тәуелді болды, бұл Қазақстанның тәуелсіз және инновациялық құқықтық жүйесінің қалыптасуын шектеді.

Болон процесіне көшу академиялық құқықтық қауымдастыққа қазіргі құқықтық доктринаға кеңірек көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп, білім беру бағдарламаларының дизайнын халықаралық тәжірибені ескере отырып жаңартуды қамтамасыз етті.

  1. Ғылыми кадрлардың сабақтастығы мәселелері

Жаңа ғылыми кадрларды даярлауға жеткіліксіз көңіл бөлінуі және ғылыми мектептердің жүйелілігінің жоқтығы заң білім беру жүйесінде сапалы оқытушылар мен зерттеушілердің айтарлықтай жетіспеушілігіне әкелді, бұл мәселе алдағы онжылдықта болашақта одан да күрделі кадрлық проблемалардың алдын алу үшін толықтырылуы қажет.

ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕГЕ ШОЛУ

Дүние жүзіндегі құқықтық білім әртүрлі әлеуметтік-экономикалық, саяси және технологиялық өзгерістер нәтижесінде айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Шет елдердегі құқықтық білімнің эволюциясы технологиялардың дамуының жаһандық тенденцияларын ескере отырып өтті, бұл бірқатар заманауи сын-қатерлер мен мәселелерді шешудің бірегей тәсілдерін қолдануға негіз болды.

 

АҚШ

Америка Құрама Штаттарындағы (әрі қарай – АҚШ) құқықтық білім жүйесі түбегейлі ерекжеленеді. АҚШ-та құқықтық білім бакалавриат деңгейінде жүзеге асырылмайды, тек Juris Doctor (бұдан әрі – J. D.) дәрежесінен басталады және кіру үшін талапкерлерге басқа (сабақтас) мамандық бойынша бакалавр дәрежесін алу қажет. Бұл ретте құқықтық білімді тек мемлекеттік және жеке құқық мектептері ғана бере алады.

Құқық факультетіне түсудің тағы бір маңызды факторы- бұл құқық факультетіне түсу тесті (LSAT). LSAT емтиханы жылына төрт рет өткізілетін және білім алушылардың талдамалық(аналитикалық) және логикалық ойлау дағдыларын тексеретін стандартталған(қалыпты) тест болып табылады.

J.D бағдарламасының өзі күндізгі бөлімде оқитын студенттер үшін үш жыл, сырттай оқитын студенттер үшін төрт жылдық оқуды қамтиды, оны аяқтағаннан кейін жеке штаттар мен аумақтардың агенттіктері өткізетін бірыңғай адвокаттық емтихан – Bar Exam сәтті тапсырылған жағдайда құқық практикасын бастауға болады. Көптеген штаттарда емтихан екі күнге созылады және бірнеше жауапты сұрақтардан, эссеге арналған сұрақтардан және құқықтық жазбаның белгілі бір түрлерін модельдейтін «өнімділік сынақтарынан» тұрады.

J.D. дәржесі магистрлік дәрже болғанына қарамастан, Master of Laws (әрі қарай – LLM) – оқу ұзақтығы 1 жыл, белгілі бір салада мамандануға мүмкіндік беретін, АҚШ-тағы құқық білім жүйесіндегі келесі кезең. Егер J.D. адвокатқа емтихан тапсыру мен штатта тәжірибеден өтуге мүмкіндік берсе, LLM магистрлік дәрежесі мансаптық өсуге жол ашады.

АҚШ-тың құқық білім жүйесінің үшінші кезеңі – Doctor of Juridical Science (S.J.D) докторантура бағдарламасы болып табылады. Ол бойынша оқу ұзақтығы – 3 жыл. Түлек өз бағдарламасын аяқтағаннан кейін құқық мектептерінде білім беруге мүмкіндік алады. Не все школы права реализуют такую программу. Барлық құқық мектептері мұндай бағдарламаны жүзеге асыра бермейді.

 

Ұлыбритания

Ұлыбританиядағы құқық білім беру жүйесі көпсатылы және бакалавриат деңгейіндегі базалық білімнен басталады. Оған қоса, білім алушылар құқық саласындағы кәсіби дайындықты жалғастыру үшін заң бакалавры дәрежесін (Bachelor of Laws, бұдан әрі – LLB) немесе басқа кез келген мамандық бойынша бакалавр дәрежесін ала алады, бірақ қосымша арнайы бір жылдық Graduate Diploma in Law (GDL) бағдарламасын өтуі қажет. Бұл бағдарлама Common Professional Examination (CPE) деп аталады. Бакалавр бағдарламасының ұзақтығы – 3 жыл.
Бакалавриаттан кейін білім алушылар кәсіби дайындықтың екі бағытының бірін таңдай алады – солиситор немесе барристер. Бірінші бағыт үшін Legal Practice Course (LPC) деп аталатын бір жылдық курсты өтіп, екі жылдық құқық фирмасында тағылымдамадан (Training Contract) өту керек. Осыдан кейін үміткерлер арнайы емтихан – Solicitors Regulation Authority (SRA) тапсырып, тиісті кәсіби ұйымға тіркеледі және солиситор ретінде тәжірибе жүргізе алады, клиенттерге кеңес беріп, заң құжаттарын дайындайды.
Екінші бағыт соттарда өкілдік етуге мүмкіндік береді. Ол үшін Bar Professional Training Course (BPTC) деп аталатын бір жылдық курстан өтіп, екі кезеңге бөлінген бір жылдық тағылымдамадан өту керек – Pupillage. Тағылымдаманың бірінші жартысында барристерлер тәжірибелі әріптестерінің жұмысын бақылайды, ал екінші жартысында сот процестеріне өз бетінше қатысады. Барристер ретінде тәжірибе жүргізу құқығын алу үшін арнайы емтихан – Bar Standards Board (BSB) тапсырып, кәсіби ұйымға тіркелу қажет.
Магистрлік бағдарламалар бакалаврдан кейін ашылады. Оқу ұзақтығы – 1 жыл. Осы бағдарламаларды аяқтағаннан кейін докторантурада білімді жалғастырып, Juris Doctor дәрежесін алуға болады. Докторлық бағдарламалар бойынша оқу ұзақтығы – 3 жыл.

Канада

Канадалық құқық білімі Ұлыбританияның да, АҚШ-тың да ықпалымен эволюцияға ұшырады. Ол әдетте төрт жылдық бакалавр дәрежесін, содан кейін үш жылдық құқық дәрежесін қамтиды. Мамандыққа түсу тәжірибеден өтуді және провинциялық лицензиялау емтиханын тапсыруды талап етеді. Соңғы уақыттары канадалық құқық мектептері J.D. дәрежесін мойындап, американдық құқық мектептерімен бірлескен бағдарламалар құруда.

Австралия

Австралиялық құқық білім жүйесі британдық және американдық модельдердің элементтерін қамтиды. Құқық дәрежелер көбінесе басқа бакалаврлық дәрежелермен біріктіріледі, бұл бес жылдық оқуды талап етеді. Құқықтық тәжірибелік дайындық міндетті болып табылады, ал Австралияның Заңгерлік кеңесі штаттар арасындағы реттеуді үйлестіріп, ұлттық құқықтық қызметтер нарығын құру бағытында жұмыс істейді.

Үндістан

Үндістандағы құқық білім беру жүйесі Үндістанның Ұлттық құқық мектебі сияқты ұйымның арқасында елеулі реформалардан өтті. Үндістандағы құқық білімін Құқық білім кеңесі (BCI) реттейді. Құқық қызметімен лицензия негізінде айналысады, лицензия алу үшін All India Bar Examination (AIBE) емтиханын тапсыру қажет, оны Үндістанның Бар-кеңесі өткізеді. Бұл емтихан құқық практикасы үшін қажетті білім мен дағдыларды тексеруге бағытталған.

Құқық саласындағы білімін жалғастыруды және белгілі бір салада мамандануды қалайтындарға магистратура (LLM) және докторантура (PhD) бағдарламалары бар. Үндістандағы заңгерлер кәсіби этика мен біліктілік стандарттарын сақтау үшін үнемі біліктілігін арттыру курстарынан өтуге міндетті.

Жалпы алғанда, қазіргі кезеңде құқық білімінің дамуы пәнаралық зерттеулердің күшеюімен сипатталады. Қазіргі таңда құқық технология, бизнес, психология сияқты түрлі салалармен қиылысуда. Құқық мектептері студенттерді күрделі мәселелерді шешуге дайындау үшін пәнаралық курстарды оқу бағдарламаларына қосуда.

Технологиялар құқық білімін қайта ойластыруда маңызды рөл атқарады. Цифрлық дәуір құқық практикасын өзгертті, ал құқық мектептерң технологияларды өздерінің оқу бағдарламаларына енгізуде. Сонымен қатар, дәстүрлі оқыту моделі де өзгеріске ұшырауда. Белгілі бір мысалдарға негізделген оқыту, модельдеу және кейстік оқыту сияқты белсенді оқыту әдістері кең таралуда. Бұл әдістер студенттерге теориялық білімдерін практикада қолдануға, сыни ойлау дағдылары мен проблемаларды шешу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әртүрлілік, әділеттілік және инклюзивтілік маңыздылығын мойындау артып келеді. Құқық мектептері қоғамның әртүрлілігін бейнелейтін инклюзивті ортаны құруға тырысады. Әртүрлілікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар, инклюзивті оқу бағдарламалары мен мәдени құзыреттілікті оқыту, әділ құқық білім жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.

Интернатуралар, тағылымдамалар және құқық клиникалары құқық білімінің ажырамас бөлігіне айналуда. Олар студенттерге практикалық тәжірибе ұсына отырып, теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жоюға көмектеседі. Құқық білімі қазіргі әлем талаптарына сай болу үшін үлкен өзгерістерден өтуде.

Пәнаралық зерттеулерді қамти отырып, технологияларды ендіру, белсенді оқыту әдістерін қолдану, әртүрлілік пен инклюзивтілікке басымдық беру, сондай-ақ практикалық тәжірибеге назар аудару арқылы құқық мектептері болашақ заңгерлерді дайындау үшін өз тәсілдерін қайта қарауда. Құқық білім эволюциясы түлектерге қиын және серпінді құқық саласында табысты жұмыс істеу үшін қажет әмбебаптық пен тұрақтылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰҚЫҚ БІЛІМІН ДАМЫТУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ

Бағыт 1. "Құқық білімін мемлекеттік реттеу тәсілдерін трансформациялау және академиялық еркіндікті кеңейту"

Құқық білім жүйесі қоғамның құқықтық жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Оның әрі қарай дамуын ынталандыру Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуының, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырудың қажетті шарты болып табылады.

Университеттерді білім беру сапасын тұрақты түрде арттыруға ынталандырудың негізгі элементі – құқық білімін реттеудің бәсекеге қабілетті моделін әрі қарай дамыту және адал бәсекелестікті ынталандырудың қосымша тетіктерін енгізу.

Мұндай тетіктердің бірі құқық саласындағы білім беру бағдарламаларының тәуелсіз рейтингін жасау болады. Бұл рейтингтің нәтижелері мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу барысында, сондай-ақ заңгерлерді дайындауға арналған мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде ескерілетін болады. Сонымен қатар, бұл рейтингті өткізуге жұмыс берушілер мен қоғамды белсенді түрде тарту маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ, университеттердің академиялық еркіндігін кеңейту саясатын жалғастыру қажет, тек қана оқу процесі мен білім беру бағдарламаларының мазмұны тұрғысынан емес, сонымен бірге ұйымдастырушылық-басқарушылық функцияларды жүзеге асыруда да. Оның ішіне мемлекеттік университеттердің академиялық кадрлардың еңбекақы жүйесін мақсатқа сай және меритократия қағидаттары негізінде дербес анықтау да кіреді.

Құқық білім сапасын арттыруға мемлекеттік қолдауды күшейту ықпал етеді. Бүгінгі таңда заңгерлерді даярлау мемлекеттік тапсырыс пен қаржыландыру аясынан іс жүзінде тыс қалуда, ал нарықтық экономиканың және жеке кәсіпкерліктің дамуы жоғары сапалы заңгерлік кадрларға деген қажеттіліктің тұрақты өсуіне алып келуде. Бұл мәселені заңгерлік кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайту және мақсатты қаржыландыру арқылы, сондай-ақ нақты ЖЖОКБҰ-да кадрларды дайындау сапасы көрсеткіштерінің негізінде мемлекеттік тапсырысты бөлу жүйесін оңтайландыру арқылы шешуге болады.

Сапалы құқық білім жүйесінің маңызды элементі ретінде университеттердің тұрақты өзара іс-қимылы, өзін-өзі реттеу механизмдерін дамыту және тәжірибе алмасу болып табылады. Осы міндетті шешу үшін «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің (ОӘБ) қызметі оңтайландырылады, оның құрамында «Құқық» тобы бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын барлық ЖЖОКБҰ міндетті түрде мүшелікке ие болады. Бұл бағдарламаларды ЕЖБК тіркеудің бір шарты ретінде бекітіледі.

Бағыт 2. "Білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру".

Оқу бағдарламаларының мазмұны әртүрлі ЖЖОКБҰ айтарлықтай өзгеше, ал олардың ортақ элементі негізінен жалпы білім беру пәндерінің блогы болып табылады. Бұл оқу нәтижелеріне, яғни түлектердің құзыреттіліктерінің қалыптасуына және жұмыс берушілердің түлектерді қабылдау деңгейіне әсер етеді.

«Құқық бакалавры» біліктілігін иеленген маманға нарықтың ең төменгі стандартты талаптарын көрсететін бірыңғай модельді (профильді) әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Осы бағыттағы маңызды кезең – «Заңгер» кәсіби стандартын әзірлеу болып табылады, ол құқық бакалавриатының оқу бағдарламалары бойынша білім беру нәтижелерін әмбебаптығына мүмкіндік береді, сонымен қатар университеттердің оқу бағдарламаларының мазмұнын айқындау және қажетті нәтижеге қол жеткізу тәсілдерін таңдау бойынша академиялық еркіндігін сақтайды.

Оқу бағдарламаларының мазмұны заңгердің кәсіби этикасы саласындағы құзыреттіліктерді, пәнаралық құзыреттіліктерді, сондай-ақ құқық теориясын, философиясы мен құқық философиясын оқытудың заманауи тәсілдеріне негізделген тілдік және дүниетанымдық құзыреттіліктерді тереңдетіп дамытуға бағытталуы тиіс.

Осы мақсатта «Құқық» бағыты бойынша бакалавриаттың оқу бағдарламалары аясында жалпы білім беру пәндері блогының мазмұнын қайта қарап, философия мен құқық философиясының кеңейтілген модульдерін және құқық пен мемлекет теориясы блогын күшейтетін, әртүрлі құқық жүйелердің контекстінде салыстырмалы әдіске басымдық беретін Типтік оқу бағдарламаларын бекіту қажет. Бұл студенттердің құқықтық шынайылықты бейтарап қабылдауын, ең жақсы әлемдік құқық тәжірибесін түсінуге, талдауға және қолдануға ашықтығын қалыптастырады.

Сонымен қатар, елдегі кәсіби қызметті сапалы жүзеге асырып, мемлекеттік тілде заң шығару процесіне қатыса алатын заңгерлерге деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, олардың сапалы даярлануына ерекше назар аудару қажет. «Құқық» бағыты бойынша бакалавриат бағдарламаларының әрбір түлегі мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс, бұл оларға оқу бітіргеннен кейін қазақ тілінде табысты жұмыс істеуге және нормативтік құқықтық актілер жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеуге көшу үшін заң шығару қызметіне қатысуға мүмкіндік береді.

Онымен қоса, интеграциялық процестердің қарқынды дамуын ескере отырып, заманауи заңгерден шет тілін меңгеруді талап етеді. Заңгерлерді даярлау бағдарламаларында мұндай тіл халықаралық қарым-қатынастың ең кең тараған тілі болып табылатын және студенттер мен түлектерге әлемдік құқықтық әдебиеттер мен тәжірибеге барынша кең қол жеткізуге мүмкіндік беретін ағылшын тілі болуы мүмкін. Бұл олардың тәуелсіз және сыни ойлауын, сондай-ақ өзіндік қорытындылар мен пікірлерді қалыптастыру қабілетін дамытуға ықпал етеді.

Осыған байланысты қазақ және ағылшын тілдерін меңгерген заңгерлерді даярлауды қамтамасыз ету үшін көптілді білім беру бағыттарын кезең-кезеңімен дамыту қажет. Бұл үшін жалпы білім беру пәндері блогындағы тілдік компонентті кәсіби-бағдарланған бағытқа ауыстырып, құқықтық қазақ тілінің корпусын және қазақ-орыс құқықтық тілінің корпусын қатар әзірлеу қажет.

Практикалық құзыреттіліктерді дамыту тұрғысынан құқық клиникалары маңызды рөл атқарады. Олар құқық қолдану және құқықтық кеңес беру бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар заңгерлердің әлеуметтік жауапкершілік сезімін тәрбиелейді. Бұл жас ұрпаққа студенттік кезден бастап қолжетімді құқықтық көмек көрсету арқылы қоғамға қызмет етудің маңыздылығын түсінуге мүмкіндік береді. Құқық клиникалық білімді заңгерлерді даярлау бағдарламаларының бір бөлігі ретінде дамыту қажет, клиникада жұмыс өтілін мамандық бойынша жұмыс өтілі ретінде есептеу мүмкіндігін қарастыру керек.

Бағыт 3. "Кадрлық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету сапасын арттыру"

Оқу бағдарламаларының сапасы тікелей педагогикалық құрамның біліктілігіне және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету деңгейіне сәйкес байланысты.
Бүгінгі таңда құқық білім жүйесінде білікті академиялық кадрлардың айтарлықтай тапшылығы байқалады.
Кадрларды даярлауды ынталандырудың негізгі шараларының бірі докторлық дәрежелерді беру ережелерін қайта қарау болады. Бұл докторанттарға жүктемені азайту және оларды қорғауға жіберудің неғұрлым икемді критерийлерін енгізу арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының барлық жоғары оқу орындарында докторлық дәрежелерді беру кезінде тең мүмкіндік қамтамасыз етілуге тиіс. Осыған қоса, «Құқық» бағыты бойынша PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі мен грант құны ұлғайтылатын болады, диссертациялық кеңестерді құрудың, ғылыми консультанттардың корпусы жұмыс істеп жүрген ғалымдарға өтудің альтернативті критерийлері бекітілетін болады.

Білікті заңгерлерді даярлау үдерісін кадрлық қамтамасыз етуді дамытудағы маңызды элементтердің бірі – профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін жүйелі түрде арттыру.
Қазіргі уақытта бейресми және сертификаттық білім берудің тиісті реттелмеуі сапа стандарттарына сәйкес келмейтін және нақты нәтижелерге бағытталмаған ұсыныстардың артық болуына әкелді.
Бұл мәселені шешу үшін, бейінді оқу-әдістемелік бірлестік (ОӘБ) базасының негізінде «Құқық» бағыты бойынша профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін жүйелі түрде арттыруға арналған институционалдық негіз құру қажет.

Кадрлық қамтамасыз етуді дамытумен қатар, құқықтық пәндерді оқыту әдістемесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыру керек.
Бұл тұрғыда оқыту процесінің практикаға бағытталған бөлігін күшейте отырып, «заңға бағдарланған» модельден «доктринаға бағдарланған» модельге кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр.

Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету сапасын арттыру тұрғысынан назарды өзекті оқу әдебиеттерін әзірлеуге аудару қажет.

Бүгінгі күні Қазақстанда оқулықтар мен оқу-әдістемелік әдебиеттерді дайындау барлық құқықтық пәндер бойынша жүйесіз және әлсіз түрде жүзеге асырылып жатыр. Барлық негізгі құқықтық пәндер бойынша жоғары сапалы және өзекті оқулықтарды қазақ және орыс тілдерінде қатар дайындау қажет. Бұл үшін бейінді ОӘБ деңгейінде құқықтық цикл пәндері бойынша ең үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес келетін оқулықтарды жазу құрылымы мен әдістемесі бойынша бірыңғай ұсынымдар әзірленіп, бекітілетін болады.

Сонымен бірге, авторлық ұжымдарды ынталандыру мақсатында оқулықтарды дайындауды мемлекеттік қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ, университет кітапханаларын жазылым дерекқорларының санын көбейтуге ынталандыру жоспарлануда.

4-бағыт: "Кәсіби қоғамдастықпен интеграцияны күшейту"

Кәсіби заңгерлік қауымдастық жоғары заңгерлік білімнің түпкілікті нәтижесінің негізгі тұтынушысы болып табылады және оны барлық академиялық процестерге кеңінен интеграциялау қажет.

Осы мақсатта жұмыс берушілер мен олардың кәсіби бірлестіктерін білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жетілдіру, сондай-ақ заңгер кадрларды тікелей даярлау процесіне тартуды күшейту және институционализациялау қажет.

Білім беру бағдарламаларын әзірлеу негізіне нақты нарық қажеттіліктері мен түлектің икемді мансаптық жолын құру мүмкіндіктері кіреді. Білім беру бағдарламасының жұмыс берушілердің өзекті сұранысына сәйкестігін кәсіби қауымдастықтың аккредитациясы растайды. Өз кезегінде, түлектің дағдылары мен құзыреттерінің көпшілік жұмыс берушілердің күтуіне сәйкестігі бакалавриат деңгейінде білім беру бағдарламаларының тар бейінділігінен бас тарту және қосымша білім беру бағыты шеңберінде студенттердің мамандануын дамыту арқылы қамтамасыз етіледі.

Жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларын әзірлеу процесіне қатысуын қамтамасыз ету олардың қатысуын институционализациялау арқылы, атап айтқанда, жұмыс берушілерден құралған және олар басқаратын заң факультеттері жанындағы Бизнес Кеңестердің үлгілерін енгізу арқылы жоспарлануда. Мұндай Бизнес Кеңестер білім беру бағдарламаларын өзектендіру және олардың нарық қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын қайта қарайтын болады. Білім беру бағдарламаларының сапасын қосымша кепілдігі ретінде олардың кәсіби заңгерлік қауымдастықтармен міндетті аккредитациялау институты енгізіледі.

Оқу процесі шеңберінде жұмыс берушілердің студенттерді теориялық және практикалық оқытуға қатысуы дуалды білім беру бағдарламаларын дамыту және практик мамандарды оқыту процесіне тарту, сондай-ақ білім беру бағдарламаларына жұмыс берушілер ұсынған курстарды енгізу және олардың өкілдерін қорытынды аттестаттау процестеріне, тіпті оны толығымен кәсіби қауымдастыққа беру арқылы қамтамасыз етіледі.

Кәсіби қауымдастықпен интеграцияны күшейту сонымен қатар оларды академиялық қызметке қатысуға ынталандыратын тиімді механизмдерін құруды талап етеді.

5-бағыт: "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және академиялық адалдықты дамыту"

Құқық кадрларын даярлау түлектердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлыққа бейімділігін және академиялық адалдық стандарттарын сақтауын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

Университеттерге студенттердің этикалық сауаттылығын арттыруға, болашақ заңгерлердің кәсіби мінез-құлық және өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға ұмтылуы қажет.

Академиялық этика және академиялық адалдық стандарттарын тиімді енгізуге, оқу процесінде адал еместік, алдау, алаяқтық және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Заңгерлерді сапалы даярлау үшін университетте академиялық адал еместікке жедел ден қоятын және бұзушылық жасағандарға жаза мен жағымсыз салдардың бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді жүйе болуы қажет. Академиялық адалдық лигасына мүше болу ынталандырылады және бұл ЖЖОКБҰ рейтингін қалыптастыру кезінде ескерілуі тиіс.

6-бағыт: "Құқық білімін интернационалдандыру"

Шетелдік университеттермен іскерлік қарым-қатынастарды нығайту үшін білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамды алмасу бағдарламалары арқылы, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және қос дипломды бағдарламалар арқылы жұмыс күшейтілуі қажет. Құқық саласындағы шетелдік профессорларды тарту отандық кадрлардың білім, тәжірибе және дағдылармен алмасуына серпін береді.

Көптілді оқытуды енгізу тіл меңгеру деңгейін арттыруға ықпал етеді, бұл заңгерлер үшін маңызды дағды болып табылады. Сонымен қатар, бұл халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды жеңілдетіп, берік жаһандық байланыстарды орнатуға және шетелдік талапкерлер үшін қазақстандық білім беру бағдарламаларының тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Білім беру бағдарламалары мен білім беру процесін халықаралық білім беру сапасының стандарттарына бейімдеу бағдарламаларды біріздендіруге мүмкіндік береді, бұл академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытуға жол ашады. Бұдан бөлек, географиялық аумақты қамтуды кеңейту белгілі бір елдерге немесе өңірлерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Халықаралық деңгейдегі аккредитациялық агенттіктерде аккредитациядан өтуді қолдау ұлттық білім беру бағдарламаларының халықаралық академиялық нарыққа шығуын жеделдетеді. Халықаралық стандарттарды сақтау білім беру процесін инклюзивті етуге мүмкіндік береді, әртүрлі әлеуметтік топтардың, олардың нәсіліне, экономикалық жағдайына және басқа да факторларға қарамастан, сапалы жоғары білім алуына жағдай жасайды.

Шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлескен зерттеулерді басым қаржыландыру арқылы халықаралық зерттеу жобаларын қолдау жұмыстарын күшейту қажет.

7-бағыт: "Ғылым және ғылыми кадрлардың сабақтастығы"

Қазіргі таңда академиялық және зерттеушілік мансап жас заңгерлер үшін қызықсыз, бұл ғалым мәртебесінің құнсыздануына және заң ғылымының тоқырауына алып келеді.

Ғылыми кадрларды қайта даярлауды қалпына келтіру үшін ғалымдарды ынталандырудың түрлі тетіктерін енгізу қажет, оның ішінде олардың жалақысын арттыру, ғылым мен ғылыми қызметті тікелей қаржыландыру жүйесін енгізу, ғалымдарды әлеуметтік қорғау механизмдерін қамтамасыз ету, сондай-ақ академиялық кадрлар үшін айқын және түсінікті мансаптық жолды қалыптастыруға қолайлы жағдай жасау қажет.

Ғылыми кадрлардың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін профессор мен студенттердің арасындағы байланысты күшейту, студенттердің ғылыми мектептің ағымдағы жобаларына қатысуын ұйымдастыру және студенттің ғылыми және академиялық мансабын университетте жалғастыруы қамтамасыз етілуі керек.

Осы мақсатта қазақстандық ЖЖОКБҰ бірыңғай академиялық дәрежелеу жүйесіне көшіп, екі тректі айқындауы қажет: оқытушылық және ғылыми, сонымен қатар, ғылыми мектептердің (ғылыми мектептердегі профессорлардың) қызметін бағалау жүйесін енгізу қажет, ол жаңа ғылыми кадрларды даярлауды көздейтін жеке KPI арқылы жүзеге асырылатын болады.

Жас ғалымдар үшін мүмкіндіктерді кеңейту ғылым және инновациялар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізіне айналуы тиіс. Қазіргі таңда отандық дәйексөз базаларының болмауы, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (әрі қарай – ЖБССҚЕК) нәтижелерін жариялау үшін ұсынылған журналдардың шектеулі тізімі, сондай-ақ қазақстандық заң журналдарының Scopus және Thomson Reuters сияқты халықаралық дәйексөз базаларына енбеуі, жас ғалымдардың докторлық дәрежеге диссертация қорғау және зерттеушілік мансап жолын дамытудағы кедергілерді еңсеру мүмкіндігін айтарлықтай шектейді. Осыған байланысты отандық дәйексөз базасын құру, ЖБССҚЕК ұсынған журналдардың тізімін кеңейту, сондай-ақ отандық журналдарды халықаралық дәйексөз базаларына енгізуге ықпал ету қажет.

КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР

1. Құқық білімін реттеудің тиімді мемлекеттік қолдау жүйесіне негізделген дамыған бәсекеге қабілетті моделі.
2. Құқық саласындағы білім беру бағдарламалары түлектерінің оқу нәтижелері мен құзыреттеріне қойылатын бірыңғай ең төменгі стандартты талаптар.

3. «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларының нарық пен мемлекеттің өзекті қажеттіліктеріне сәйкестігі.

4. «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламалары үшін жалпы білім беру пәндері циклінің арнайы Типтік оқу бағдарламалары.

5. «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді дамыту.

6. Шетелдік университеттермен академиялық ұтқырлық пен қос дипломды бағдарламаларды көбейту.

7. Ғылыми қызметті тікелей қаржыландыру және Ұлттық дәйексөз индекс жүйесін енгізу.

8. Құқық білім беруде академиялық адалдық қағидалары мен стандарттарын ілгерілету.

9. Құқық клиникалық білім беруді дамыту.

 

ИНДИКАТОРЛАР

1. Мемлекеттік тапсырыс аясында құқық кадрларын даярлау үшін бөлінетін орын санын арттыру:
– бакалавриат бағдарламалары бойынша – жыл сайын 50 грант;
– ғылыми-педагогикалық магистратура бағдарламалары бойынша – жыл сайын 50 грант;
– PhD докторантура бағдарламалары бойынша – жыл сайын 10 грант.

2. «Құқық» бағыты бойынша бакалаврларды, магистрлер мен PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім грантының құнын, «Атамекен» ҰКП білім беру бағдарламалары рейтингінде көш бастап тұрған бағдарламалардың орташа оқыту құнына дейін арттыру.

3. Құқық кадрларын даярлауды жүзеге асыратын барлық жоғары оқу орындарының 100%-ы «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестікке мүше болуы.

4. «Заңгер» кәсіби стандартын әзірлеу және бекіту.

5. Құқық саласындағы бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары үшін түлектің моделі мен бейнесін әзірлеу және бекіту.

6. Мемлекеттік және ағылшын тілдерін меңгеру деңгейіне қойылатын бітіруші және қабылдау талаптарын кезең-кезеңімен енгізу.

7. «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларының 100%-ы кәсіби заңгерлік қауымдастықтармен аккредитациядан өтуі.

8. Барлық заң факультеттерінде жұмыс берушілердің қатысуымен Бизнес Кеңестер құру арқылы жұмыс берушілерді «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру процесіне институционализациялау.

9. Негізгі құқық пәндер бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде оқулықтармен 100% қамтамасыз ету.

10. «Құқық» бағыты бойынша білім алушылардың жалпы санына шаққанда, интернационалдық студенттердің (шетелдік студенттер, академиялық ұтқырлық бағдарламаларының қатысушылары, шетелдік жоғары оқу орындарымен қос диплом бағдарламаларының студенттері және т.б.) үлесін 5%-ға дейін арттыру.

11. Ғылыми қызметті тікелей қаржыландыруға кандидаттарды іріктеу және олардың тиімділігін бағалау жөніндегі Комиссия құру.

12. Ұлттық дәйексөз индексін енгізу.

13. «Құқық» тобы бойынша бағдарламаларды жүзеге асыратын барлық ЖЖОКБҰ құқық клиникаларының жұмыс істеуі.

Нарикбаев Талгат Максутович
Председатель Правления АО «Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева»
Пішінді толтырыңыз

    Тілді таңдаңыз

    Мәртебесі

    Міндетті түрде

    Академиялық дәреже

    Міндетті түрде

    Азаматтық

    Міндетті түрде

    Аты

    Міндетті түрде

    Тегі

    Міндетті түрде

    Электронды пошта

    Міндетті түрде

    Ұялы телефон нөмірі

    Міндетті түрде


    Пішінді толтырыңыз

      Аты-жөні

      Міндетті түрде

      Электронды мекенжайы

      Міндетті түрде

      Телефон нөмірі

      Міндетті түрде

      Сізде ғылыми дәреже бар ма?

      Міндетті түрде

      Қызмет атауы

      Міндетті түрде

      Сіздің түйіндемеңіз