Maqsut Narikbayev University-де (MNU) Халықаралық экономика мектебінің (ХЭМ) академиялық орта мен индустрия арасындағы басты диалог алаңы саналатын Бизнес-кеңестің тоғызыншы отырысы өтті. Жиын барысында түлектердің өзекті құзыреттіліктері, білім беру бағдарламаларының трансформациясы талқыланып, мектептің даму бағытындағы бастамаларға оң баға берілді.

Бизнес-кеңес – Халықаралық экономика мектебінің тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-ұсынымдық органы болып табылады. Оның құрамында мектептің дамуына үлес қосып келе жатқан беделді және бәсекеге қабілетті жұмыс берушілер бар. Кеңес мүшелерін қарсы ала отыра MNU провосты Сергей Пен кеңестің маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Бізде әрдайым бір Бизнес-кеңес аясында түрлі кәсіби топтардың: бизнес, менеджмент, қаржы, халықаралық қатынастар, HR және т.б. мүдделерін қалай біріктіру туралы сұрақ туындайды. Егер ұйымдар ұсынысты ұжымдық түрде дайындаса, онда университет әкімшілігі оны ескеруге және іске асыру туралы келесі отырыста есеп беруге міндетті», – деді Сергей Пен.
Сонымен бірге Халықаралық экономика мектебінің деканы Сәуле Кемелбаева мектептің басты жетістіктері туралы баяндама жасады. 2024/2025 оқу жылында BBA in Marketing бағдарламасы Ұлыбританияның Chartered Institute of Marketing ұйымынан халықаралық аккредитацияға ие болды, ACCA ұйымы бағдарламаларымыздың аккредитациясын ұзартты, CFAI және ICAEW мәртебелері расталды. Сонымен қатар, Францияның Montpellier Business School оқу орнымен бакалавриат және магистратура бойынша бірлескен бағдарламаларды іске қосу жөнінде меморандумға қол қойылды, Германияның Hof University of Applied Sciences жоғарғы оқу орнымен қос диплом жобасы арқылы 8 студент оқу бітірді. Студенттерге арналған Big Week, EY One Day Offer және Mock Interviews сияқты кәсіптік бағдарлау және жұмысқа орналастыру жобалары жүзеге асырылды.
«Ғылыми-зерттеу қызметі айтарлықтай жанданды: екі ғылыми орталық ашылды, 12 ғылыми мақала жарияланды (Scopus Q1-Q2 журналдарында 7 мақаланы қоса алғанда), семинарлар мен талдамалық зерттеулер, оның ішінде мемлекеттік органдардың мүддесі үшін де бар. Сондай-ақ, Орталық Азия және Еуропа ұйымдарымен халықаралық зерттеу байланыстары нығайтылды», – деді Сәуле Кемелбаева.

Жұмыс берушілер университет жобаларын жоғары бағалап, білім беру процесіне енгізілетін жаңашылдықтар бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Олар оқу процесіне жасанды интеллектті белсенді енгізуді, фактчекинг, семантикалық және статистикалық талдау секілді курстарды қосу қажеттігін атап өтті. Бұл – цифрлық трансформация жағдайында аса маңызды дағдылар. Кеңес мүшелерінің ұсыныстары ХЭМ әкімшілігі тарапынан назарға алынды.

