Maqsut Narikbayev University-ге Алжир Халықтық Демократиялық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Атман Мехаджи келді. Ол «Қолданбалы дипломатия» курсы аясында дәріс оқыды.
Атман Мехаджи Қазақстан мен Алжир арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың перспективалары туралы айтып берді. Сондай-ақ ол студенттердің сұрақтарына жауап беріп, болашақ дипломаттар үшін құнды кеңестерімен бөлісті. Елші мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынастың дамуына ықпал ететін дәрістің маңыздылығына да тоқталды.
«Дипломаттардың рөлі байланыс нүктелерін табу және солардың негізінде ынтымақтастық мүмкіндіктерін анықтау. Елдер, әсіресе университеттер мен ғылыми орталықтар арасындағы байланыстар мәселелерінде басқа тараптардың жұмысы да маңызды. Болашақ дипломаттарға білім алып, қызығушылық танытып, бар жақсылықты тілеймін», – деді Атман Мехаджи.
Айта кетейік, келесі жылдың наурыз айында Қазақстан мен Алжир арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.




