Maqsut Narikbayev University Құқық жоғары мектебінің студенттері көне қазақ әліпбиі – төте жазудың ерекшеліктерін меңгеруде. Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенімен бірлесіп жоғары оқу орнында арнайы курс іске қосылды.
Бастама Телерадиокешеннің 30 жылдығы қарсаңында жүзеге асырылуда. Сабақты Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің Төте жазу редакциясының шеф-редакторы Ризабек Нүсіпбек жүргізеді. Жоспарға сай, үш жүзден астам болашақ заңгер осы жазуды оқып, үйренеді.
Төте жазуды ғалым Ахмет Байтұрсынов жасаған тұңғыш қазақ әліпбиі деп санайды. Үш апталық курс студенттерге төте жазумен басып шығарылған ХХ ғасырдың қылмыстық заңдарының қазақша нұсқаларын түпнұсқада оқуға мүмкіндік береді. Бұл оларға жүз жыл бұрынғы құқықтық мұраны талдауға және алған білімдерін Қазақстанның заманауи заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуде көмектеседі.
«Қазақтың алғашқы газеттері төте жазумен жарық көрді. Ұлтымыздың заңғар жазушылары өз шығармаларын осы жазумен жазды. Алашорда заңгерлері қылмыстық заңдарды төте жазумен хатқа түсірді. Біз төте жазуды үйрену арқылы тарихтың терең қатпарларына бойлай аламыз. Кешегі данышпан, ғұлама бабаларымыз жазып кеткен мұраларды түпнұсқада оқуға мүмкіндік туады. Толық курс барысында студенттер төте жазу әліпбиінің тарихи маңызымен танысып қана қоймай, жазуды еркін оқып, жаза алатын деңгейге жетеді», – деді Ризабек Нүсіпбек.

Айта кетейік, бұған дейін MNU-да жоғары оқу орнының оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған «Төте жазуға төте жол» атты үш күндік семинар өтті.