Maqsut Narikbayev University-де Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Парламенттік ассамблеясының төрағасы Пере Жоан Понс болды. Ол студенттерге қонақ дәріс оқыды.
Спикер студенттер мен оқытушылармен климаттың өзгеруі, халықаралық қауіпсіздік, адам құқықтары және жастардың орнықты болашағын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Пере Жоан Понс климаттық өзгерістер экологиялық жағдайға ғана емес, экономика, энергетика, әлеуметтік тұрақтылық пен халықаралық қатынастарға да тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, орнықты даму мемлекеттер, ғылыми қоғамдастық, азаматтық қоғам және саяси институттар арасындағы тығыз ынтымақтастықсыз мүмкін емес.
«Климаттық өзгерістерді ескермей жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл экологиялық емес, саяси және экономикалық шынайылық. Сіздердің ұрпақтарыңыз осы әлемнің қандай болатынын және оны сақтап қалуға үлгеретінімізді анықтайтын шешімдерді қабылдайтын болады», – деді Пере Жоан Понс.
ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының басшысы Қазақстанның жүйелі экологиялық реформаларға және халықаралық диалогты дамытуға ұмтылысын көрсететінін мәлімдеді. Сондай-ақ осы аптада Пере Жоан Понсты Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.




