Maqsut Narikbayev University-де Академиялық және зерттеу кеңесінің отырысы өтті. Қатысушылар «Журналистика және репортерлік іс» білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді даярлауды жетілдіру мәселелерін талқылады.
Білім беру бағдарламасын қайта қарау аясында Академиялық және зерттеу кеңесі мемлекеттік ақпараттық саясат пен ақпараттық қауіпсіздікке байланысты мазмұнды күшейтуді қолдады. Мысалы, OSINT пәнінің атауы «Ақпараттық қауіпсіздік және OSINT талдау әдістері» деп өзгертілді, ал оның мазмұнына мемлекеттік ақпараттық саясат, дезинформацияға қарсы іс-қимыл, ақпараттық қауіпсіздік және мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникация мәселелері енгізілді. 2027-2028 оқу жылынан бастап оқу жоспарына 5 академиялық кредит (ECTS) көлемінде «Ұлттық мүдделер бен ақпараттық қауіпсіздік» жаңа пәнін енгізу көзделген.
Болашақ журналистерді практикалық даярлауға ерекше назар аударылды. Жұмыс жоспарына мемлекеттік органдар, ұйымдар және мемлекеттік телеарналар есебінен өндірістік практика базасын кеңейту, сондай-ақ ресми құжаттармен жұмыс істеу дағдыларын дамыту жөніндегі бағыттар қосылды. Сондай-ақ бейінді тәжірибешілер мен сарапшыларды тарта отырып, профессорлық-оқытушылық құрамының құзыреттілігін арттыру және тиісті әдістемелік ұсынымдарды пысықтау бойынша жұмыс көзделген. Бұдан басқа, Академиялық және зерттеу кеңесі халықаралық ынтымақтастық мәселелерін, соның ішінде Хельсинки университетінің (Финляндия) жанындағы Александров институтымен меморандум жасауды, сондай-ақ MNU Академиялық ұтқырлық туралы ережеге толықтыруларды қарастырды.
Қабылданған шешімдер білім беру бағдарламаларын өзектендіруге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және мамандар даярлау сапасын арттыруға бағытталған.