Maqsut Narikbayev University-де Халықтық Конституция аясында заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына арналған форум өтті. Іс-шара Қазақстан прокуратурасының 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды.
Диалог алаңы Құрылтай депутаттарын, Астана қаласының прокуратурасы мен Республикалық адвокаттар алқасының өкілдерін, сондай-ақ университеттің студенттері мен оқытушыларын біріктірді. Іс-шарада конституциялық реформалар аясында құқықтық тәртіпті нығайту мәселелері, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі прокуратураның рөлі, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шаралар талқыланды. Астана қаласы прокурорының орынбасары Бауыржан Ертаев атап өткендей, қадағалау органының маңызды міндеттерінің бірі Халықтық Конституция аясында айқындалған құқықтық жүйе үшін жаңа стандарттарды жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылады.
«Прокуратура қоғамның, әсіресе жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда серіктес болуы тиіс. Бүгінгі билік, адвокатура, білім беру және студенттік қауымдастық өкілдері арасындағы ашық диалог заңдылықты нығайтуға және азаматтардың құқыққа деген сенімін арттыруға бағытталған нақты шешімдерге негіз болады деп сенемін», – деді Бауыржан Ертаев.

Форум барысында сондай-ақ прокуратура органдарының ардагері Әсет Әділхан, Құрылтай депутаты Мейрамбай Кемалов, Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Аманжол Мұхамедияров, MNU «Құқық» білім беру бағдарламасының жетекшісі Әйгерім Құсайынқызы, білім беру саласындағы қоғам қайраткері Ақмоншақ Нұғман, MNU студенті Айғаным Исабек және елордалық №73 мектеп-лицейі Болашақ прокурорлар клубының жетекшісі Жансері Сенғазы сөз сөйледі. Қатысушылар қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидасы мен құқықтық мәдениетті түбегейлі қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.








