Maqsut Narikbayev University-де Орталық Азияның критикалық маңызды минералдарын дамыту мәселелері талқыланды. Жоғары оқу орнында сарапшылардың қатысуымен воркшоп өтті.
Іс-шараны MNU жанындағы Жаһандық және өңірлік басқару орталығы (CEGREG) Гронинген университетінің (Нидерланды) Мәдениетті зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу институтымен және MIND ғылыми-талдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Воркшоп өңірдің жаһандық экономикадағы өсіп келе жатқан рөлін талқылау үшін мемлекеттік органдар мен академиялық қоғамдастықтың өкілдерін және салалық сарапшыларды біріктірді. Қатысушылар ресурстарға жаһандық сұраныс пен әлемдік экономиканың трансформациясы аясында Орталық Азияның өсіп келе жатқан стратегиялық маңызын атап өтті.
Воркшоп аясында сарапшылар мемлекеттік саясат, байланыстылық, қауіпсіздік, геоэкономика және құқықтық реттеу мәселелері бойынша пікір алмасты. Іс-шарада Қазақстандағы критикалық маңызды минералдар секторын дамытуға, елдің транзиттік хаб ретіндегі рөліне, сондай-ақ ресурстарға қол жеткізу үшін әлемдік державалардың бәсекелестігіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар энергетикалық ауысудың жеткізу тізбектерін қайта бөлуге әсерін және ұлттық мүдде мен орнықты даму қағидаттарын ескеретін теңгерімді саясат әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, CEGREG жаһандық және өңірлік басқару мәселелеріне баса назар аудара отырып, халықаралық қатынастар саласындағы зерттеулерге маманданған.







