2024 жылдың 16 қыркүйегінде Maqsut Narikbayev University-де Германияның Федералды Канцлері — Олаф Шольцпен маңызды кездесу өтті. Бұл Олаф Шольцтің Қазақстандағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған ресми іс-сапары аясындағы кездесулерінің бірі болды.
MNU Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев қонақты қарсы алып, бүгінгі кездесу үшін және екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы ерекше назарына алғысын білдірді.
Кездесу барысында Олаф Шольц университет студенттерімен ашық сұрақ-жауап сессиясын өткізді. Іс-шара аясында халықаралық саясаттың өзекті тақырыптары, Қазақстан-Германия ынтымақтастығының келешегі, қарқынды технологиялық және әлеуметтік өзгерістер дәуірінде жастар алдында ашылатын жаһандық сын-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланды.
Канцлер MNU студентінің Қазақстан мен Германияның одан әрі ынтымақтастығы туралы сұрағына жауап бере отырып, елдер арасындағы ақпарат пен тәжірибе алмасудың ерекше екендігін атап өтті.
«Бұл екіжақты дамуға ықпал етіп қана қоймай, өзара пайдалы болуға мүмкіндік береді. Себебі ынтымақтастық және мүмкіндіктермен алмасу – әлемдік өзара байланыстың негізгі аспектілеріне айналуда. Германия өз кезегінде қазіргі заманда халықаралық қатынастарда шешуші рөл атқаратын тетіктің бірі, яғни ақпарат алмасуға және серіктестік қатынастарын нығайтуға әрдайым ашық », – деді ол.
Олаф Шольцтың сапары Maqsut Narikbayev University мен Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Бұған дейін университет Франция Президенті Эмманюэль Макрон және НАТО-ның қазіргі Бас хатшысы Марк Рютте сияқты әлемдік көшбасшыларды қабылдады, бұл өз кезегінде MNU-дің халықаралық академиялық алмасу орталығы ретіндегі мәртебесін растайды.
Іс-шара соңында университет Канцлерге сапары үшін құрмет пен алғыс белгісі ретінде естелік сыйлық сыйлады.