Maqsut Narikbayev University-де алғашқы Қазақстан-Малайзия университеттер форумы өтті. Қатысушылар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Форум екі елдің жоғары оқу орындары және білім беру ұйымдарының басшылары мен өкілдерін біріктірді. Сондай-ақ Қазақстан мен Малайзияның жоғары білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.

«Біздің елдеріміз түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайтуда және университеттер осы байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл форумның маңыздылығы жоғары. Іс-шара Қазақстан мен Малайзия университеттерінің басшыларын біріктіреді және олар ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашып, ұзақ мерзімді институционалдық байланыстардың негізін қалайды. Біз малайзиялық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып, басқа да білім беру мекемелерімен өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін қарастырудамыз», – деді MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Мемлекеттер арасындағы серіктестіктің басым бағыттарының қатарында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, білім беру бағдарламаларын дамыту, академиялық алмасу, сондай-ақ жасанды интеллект, инженерия, инновациялар және жоғары білікті адами капиталды дамыту саласындағы ынтымақтастық айқындалған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап өткендей, бүгінде 40-тан астам қазақстандық және 30-дан астам малайзиялық университет арасында 80-нен астам келісім жасалды. Тараптар жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге шығаруға және осындай кездесулерді тұрақты негізде өткізуге келісті.

«Біз университеттер арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде академиялық алмасу мен ғылым саласындағы жобаларды дамытатын боламыз. Сонымен қатар бірлескен зерттеулердің перспективалық бағыттары жеке айқындалды. Бұл жасанды интеллект, критикалық маңызды және пайдалы қазбалар, жаңартылатын және ядролық энергетика, сондай-ақ ауыл шаруашылығы», – деді Малайзияның жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир.
Форум соңында малайзиялық делегация MNU инфрақұрылымымен және оның инновациялық жобаларымен танысты.










