
Maqsut Narikbayev University-дің туған күнінде оқу орданың Emeritus құрметті атағына ие болған профессорларын марапаттау рәсімі өтті. Жоғарғы атаққа университеттің 9 профессоры лайық деп танылды.
Professor Emeritus атағы университеттің қалыптасуына, дамуына және академиялық қауымдастықтың өркендеуіне айрықша үлес қосқан профессорларға беріледі. MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев жаңа атақ иелерін құттықтап, университеттің дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ профессорларға арнайы мантия, орден және сертификаттар табыстады.
Emeritus атағының иегерлері – елімізге кеңінен танылған тұлғалар. Олардың көбі құқықтық мемлекеттің қалыптасу процесіне сүбелі үлес қосқан. MNU Академиялық және ғылыми-зерттеу кеңесінің шешімімен Professor Emeritus атағына Сара Идрышева (з.ғ.д., доцент), Жаннетта Калишева (з.ғ.к., доцент), Төлеш Қаудыров (з.ғ.д., профессор), Клара Ким (з.ғ.к.), Марат Қоғамов (з.ғ.д., профессор), Лепуда Мұқатаева (т.ғ.к.), Рамазан Нұртаев (з.ғ.д., профессор), Сергей Ударцев (з.ғ.д., профессор) және Үнзила Шапақ (з.ғ.д.) ие болды. Профессорлардың көпшілігі университетте қызметін жалғастыруда, ал олардың орташа еңбек өтілі 45 жылды құрайды.
MNU профессорлардың жасампаздық миссиясының маңыздылығын және университеттегі ерекше рөлін жоғары бағалайды. Олардың еңбегі мен өмір жолы – көптеген ғалымдарға үлгі. Айта кетейік, жаңа атақ иегерлері ай сайын өмір бойы сыйақы алып отырады.