Maqsut Narikbayev University-де Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының (HCCH) Бас хатшысы Кристоф Бернаскони болды. Жоғары оқу орны басшылығы және профессорларымен кездесу барысында ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды.
Тараптар Гаага конференциясының бастамаларын жүзеге асыру және отандық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты. Кристоф Бернаскони Қазақстандағы халықаралық жеке құқықты реформалау процесінде жеке сараптамалық және консультативтік қолдау көрсетуге келісім білдірді. HCCH бас хатшысы сондай-ақ жоғары оқу орнының инфрақұрылымымен және ғылыми қызметімен танысты.
Доктор Бернаскони 2013 жылдан бері халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Бас хатшысы қызметін атқарып келеді. Ол HCCH нормативтік және нормативтік емес жұмысын дамытуда үш негізгі салада шешуші рөл атқарады. Атап айтқанда, трансұлттық сот талқылаулары және мемлекеттік құжаттарды аутентификациялау (апостиль), отбасылар мен балаларды қорғаудағы халықаралық құқық, сондай-ақ халықаралық коммерциялық, цифрлық және қаржы құқығы. Ол бүгінде бүкіл әлемде қолданылатын электрондық апостиль бағдарламасын (e-APP) әзірлеген.
Кездесуде жасанды интеллектіні пайдалана отырып, құқықтық саланы цифрландыруға бағытталған университеттің Legal Graph жобасының таныстырылымына ерекше назар аударылды. Жоба заңнаманы талдау, түсiндiру және қолдану үшiн мүмкiндiктердi қамтамасыз ете отырып, заңнамалық нормаларды құрылымдалған заң бiлiмiне айналдыруға арналған. Сонымен қатар жоба құқықтық қайшылықтарды анықтауды және құқықтық бағалауды қолдауды көздейді.
Айта кетейік, HCCH халықаралық жеке құқық нормаларын прогрессивті біріздендіру үшін құрылған үкіметаралық халықаралық ұйым.






