Maqsut Narikbayev University басшылығы Ханой заң университетінің делегациясымен кездесу өткізді. Тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен академиялық алмасу бағдарламаларын іске қосуға, жазғы мектептер мен қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыруға, семинарлар мен тақырыптық дәрістер өткізуге баса назар аударылды. Ханой заң университетінің ректоры Хоанг Суан Чау MNU-мен ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ вьетнамдық тарап меморандум жасау және құқық саласындағы жоғары оқу орнынан кейінгі бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
MNU басшылығы делегация мүшелерін университеттің қызметімен және шетелдік азаматтарға арналған стипендиялық бағдарламалармен таныстырды. Кездесу барысында International Legathon MaxUP халықаралық заң байқауы туралы да айтылды. Сонымен қатар Вьетнамдық жоғары оқу орнының өкілдері келесі жылы өтетін байқауға қатысуға шақыру алды.
Айта кетейік, Ханой заң университеті – Вьетнамның құқық саласындағы жетекші мемлекеттік зерттеу орталығы. Университет құқықтық мемлекет құру, сот реформасы және халықаралық интеграция үшін жоғары білікті заңгерлерді даярлауда маңызды рөл атқарады.




