Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің білім беру бағдарламалары беделді халықаралық қауымдастықтың мойындауына қайта ие болды. ACCA (Association of Chartered Certified Accountants) қауымдастығы бакалавриаттың «Бухгалтерлік есеп» және «Қаржы» бағдарламаларын аккредиттеуді 2029 жылға дейін ұзартты.
АССА – қаржы және есеп саласындағы мамандарды біріктіретін жаһандық кәсіби қауымдастық. Сонымен қатар, әлем бойынша 8 500-ден астам компания қаржы мамандарын даярлау мен дамытудағы жоғары стандарттарды қолдай отырып, қауымдастықтың аккредиттелген жұмыс беруші мәртебесіне ие. Қайта аккредитациядан өту MNU-дің білім беру бағдарламаларының жоғары сапасын және қатаң халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды.
«Бұл аккредитация MNU бағдарламаларында есеп және қаржы саласындағы ең беделді кәсіби біліктіліктердің бірі – 13 емтиханнан тұратын АССА кәсіби сертификациясының басым бөлігі қамтылғанын білдіреді. Сонымен қатар, біз өзіміздің ең үздік түлектеріміз үшін 9 емтиханнан босатылу мүмкіндігін (MNU үшін ең жоғары рұқсат етілген сан) растадық. Олар кәсіби деңгейдегі 4 емтихан тапсырып, АССА сертификат иегері атана алады (АССА холдер)», – деді MNU Халықаралық экономика мектебінің деканы Сәуле Кемелбаева.
Естеріңізге сала кетейік, MNU Халықаралық экономика мектебінің білім беру бағдарламалары Германияның FIBAA агенттігі тарапынан аккредиттелген және CIMA, ICAEW, CFA Institute, aPHRi, GARP сияқты халықаралық кәсіби қауымдастықтарда танылған. Бүгінгі таңда мектеп бакалавриаттың 7 мамандығы, магистратураның екі бағдарламасы және экономика саласындағы болашақ PhD докторлары бойынша кадрлар дайындайды. Сондай-ақ, «Атамекен» ҚР ҰКП Білім беру бағдарламаларының жаңа рейтингісіне сәйкес, «Менеджмент», «Экономика және деректер туралы ғылым» сияқты мамандықтар барлық университеттер арасында бірінші орынға ие болды.
