Maqsut Narikbayev University (MNU) Жоғары гуманитарлық мектебі (ЖГМ) болашақ аудармашыларды, лингвисттерді, психологтарды, сондай-ақ туризм және қонақжайлылық саласындағы мамандарды табысты дайындайды. Оқытудың жаңа форматтары қалай енгізілуде, бірден екі диплом алуға бола ма және рейтингтердегі жоғары позициялар немен байланысты? Осы және басқа да өзекті сұрақтарға жауаптар MNU Жоғары гуманитарлық мектебінің деканы Анар Ибраеваның сұхбатында.
– Анар Бауыржанқызы, биыл Жоғары гуманитарлық мектебін 300-ден астам маман бітіреді деп күтілуде. Кезекті академиялық жыл сіз үшін немен есте қалды? Барлық жоспарларды іске асыра алдыңыз ба?
– Егер өткен оқу жылын біз үшін бір сөйлеммен сипаттап көретін болсақ, бұл «ішкі тірегімен өсу» болар. Біз жылдам нәтижелерді қуалаған жоқпыз, бағдарламаларды жоспарлы түрде күшейттік, серіктестікті кеңейттік, академиялық тректер құрдық. Нәтижелі жұмыстың дәлелі – жақсы сандар, рейтингтер және студенттер мен жұмыс берушілердің кері байланысы. Даярлықтың әрбір бағытының артында тұтас бір команда, өзіндік логика және ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат тұр. Яғни, оқу процесі біздің студенттеріміздің өмірлік бағытына, ал білім беру бағдарламалары білім алудың жай ғана траекториясына емес, өсу кеңістігіне, өзінің таңдауы мен қалыптасуына айналуы.
– Бүгінгі таңда ЖГМ – MNU-да білім алушылар саны бойынша екінші мектеп. Мектеп бакалавриаттың 5 бағдарламасы және магистратураның 3 бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Сіздің ойыңызша, 2024/2025 жылы қандай бағыттар нақты өсу нүктесіне айналды? Түлектерді жұмысқа орналастырудың жоғары көрсеткішінің құпиясы неде?
– MNU Жоғары гуманитарлық мектебі гуманитарлық ғылымдар, туризм және психология салаларында жоғары білікті кадрлар даярлауда ерекше орын алады. Біздің бес бакалавриат және үш магистратура бағдарламаларының әрқайсысы жыл сайын өз әлеуетін арттырады және өздеріңіз көріп отырғандай, бұл сөзбен емес, нақты фактілермен расталады.
2024/2025 оқу жылында ЖГМ негізгі бағыттар бойынша айтарлықтай өсім көрсетті. Мысалы, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы рейтингінде бірінші орын алған «Туризм» бағдарламасы тәжірибеге бағдарланған білім берудегі көшбасшы ретінде позициясын нығайтады. «Туризм» және «Қонақжайлылық» бағыттары бойынша білім алушылар Marriott желісі, The Ritz-Carlton, The St. regis, Sheraton сияқты халықаралық кластағы қонақ үйлерінде, сондай-ақ Dubai Holding Group Services (Jumeirah Group) қонақ үйлерінде оқудан, тағылымдамадан және өндірістік практикадан өтеді. Жүзден астам студент дуальді оқыту бағдарламаларын ойдағыдай меңгеріп, әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істеуге дайын екендіктерін растады. Сондай-ақ БАӘ, Түркия және Вьетнам қонақ үйлерінде халықаралық тағылымдамалар кеңеюде. Бұл тағылымдамалар тек тәжірибені ғана емес, мансаптық бастау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Студенттер front office-тен event-менеджмент пен customer service-ке дейінгі барлық негізгі бөлімдерде жұмысқа тартылып, халықаралық сертификаттар, ұсынымдар және оқу аяқталғанға дейін жұмыс туралы ұсыныстарды жиі алады.
Егер «Атамекен» ҚР ҰКП рейтингінде көш бастаған «Қолданбалы лингвистика» бағдарламасы туралы айтатын болсақ, онда ол тілдік технологияларға, сандық коммуникацияға және мәдениетаралық құзыреттілікке баса назар аударады. Оқу жоспарына TESOL (ағылшын тілін басқа тілде сөйлеушілерге оқыту), медиалингвистика және аударма бойынша заманауи майнорлар кіреді. QSI, Quantum STEM School, Haileybury Astana, Riviera International School және басқа да халықаралық мектептер мен тіл орталықтарымен серіктестік біздің балаларға оқытудың бірінші жылынан бастап нақты білім беру жағдайларына және тілдік тәжірибеге енуге мүмкіндік береді.
«Аударма ісі» бағдарламасы еліміздегі үздік үштіктің қатарына тұрақты түрде кіреді. Біз мемлекет басшыларының кездесулерін сүйемелдеуден бастап халықаралық форумдарға дейін ең жоғары деңгейдегі іс-шараларға ілеспе және ізбе-із аударма жасауға қатысатын біздің студенттер мен түлектердің сапалы жұмысын мақтанышпен атап өтеміз. Мысалы, биыл осындай іс-шаралардың ішінде Kapuscinski Lectures, АӨСШК форумы, медиақолжетімділік бойынша конференциялар, сондай-ақ мәдениет пен тіл саласындағы фестивальдар және басқа да көптеген іс-шараларды атап өтуге болады. Біздің аударма қызметінің географиясы ҚР Сыртқы істер министрлігі, Сыртқы сауда палатасы, QazaqGaz компаниясы және еліміздің жетекші аударма агенттіктерін қамтиды.
Және де, бәлкім, ең өзекті және сұранысқа ие бағдарлама – «Психология». Онда бірегей білім беру контенті бар және когнитивті мінез-құлық терапиясы, HR сараптама, құқықтық психология, қолданбалы мінез-құлық талдауы секілді сұранысқа ие тауашалар бойынша заманауи майнорлар ұсынылған. Студенттердің практикасы Nazarbayev University, «Қалалық психикалық денсаулық орталығы», Samruk Business Academy, University Medical Center және басқа да жетекші денсаулық сақтау, білім беру және бизнес мекемелеріне интеграцияланған.
Мектеп тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі түлектерді жұмысқа орналастырудың жоғары деңгейі болып табылады – 91%. Әрине, мұндай нәтиже жүйелі тәсілдің арқасында қамтамасыз етіледі, яғни, жұмыс берушілердің болжалына сәйкес тұрақты мониторинг жүргізу, жыл сайынғы Бизнес-кеңестер арқылы бизнес-қоғамдастықтың білім беру процесіне, біздің мектептің бейіні бойынша 100-ден астам компанияның қатысуымен өтетін ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, сондай-ақ ел ішінде және шетелде ақылы тағылымдамалар. Студенттердің шамамен 30 пайызы практикадан өткеннен кейін бірден job offer алады. Біз түлектермен атаулы жұмыс жүргізіп, олардың мансаптық жолын қадағалаймыз. Осының бәрі бағдарламаларды жедел жаңартуға және олардың практикалық бағытын күшейтуге көмектеседі.
Мектебіміздің бүгінгі жетістіктері өзекті бағдарламаларды, кәсіби қоғамдастықпен тығыз интеграцияны, халықаралық әріптестікті және әрбір студенттің жеке даму траекториясын қамтитын кешенді тәсілдің нәтижесі болып табылады деп сеніммен айта аламын. Біз қол жеткізілген нәтижелерге тоқтап қалмай, көкжиектерімізді кеңейтуді жалғастырамыз.

– ЖГМ мамандықтары «Атамекен» ҚР ҰКП білім беру бағдарламаларының жаңартылған рейтингінде көшбасшы орындарға жайғасты. Аталмыш рейтингке алғаш рет қатысқан «Қолданбалы лингвистика» мамандығы бірден бірінші орын алды. Бұл немен байланысты және мектептің білім беру бағдарламалары қандай аккредитациядан өтеді?
– Біздің бағдарламаларымыз туралы айтатын болсақ, 2019 жылы ашылған «Қолданбалы лингвистика» бүгінде осы салада ағылшын тілінде мамандар даярлау бойынша Қазақстандағы жалғыз бағдарлама болып табылады. Бағдарлама шетелдік сарапшылардың көмегімен және қолданбалы лингвистика саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып әзірленді. TESOL қосымша мамандандыруларын, медиалингвистика және конференц-аударманы, сондай-ақ қосымша алты шет тілін (неміс, француз, испан, қытай, корей және түрік) зерделеудің арқасында бұл бағдарлама түлектерінің еңбек нарығында жоғары бәсекеге қабілеттілікке ие екенін атап өтуге болады. Бағдарламада FIBAA неміс агенттігінің аккредитациясы бар. Алайда, біздің негізгі мақтанышымыз – оқыту траекториясын іске асыруда және бағдарлама түлектерінің бейінін қалыптастыруда ерекше рөл атқаратын профессорлар мен оқытушылар. Олар Cambridge University, University of Aberdeen, University of Leicester, Lanzhou University және Еуропаның, АҚШ пен Азияның басқа да жоғары оқу орындары, сондай-ақ Қазақстанның жетекші университеттерінде білім алған мамандар.
– Жақында сіз Жапониядағы Soka University-де болдыңыз, онда академиялық ұтқырлық бойынша студенттер санын арттыру туралы келсімге қол жеткізілді. Жалпы, мектеп шетелдік жоғары оқу орындарымен қос диплом бағдарламасымен ерекшеленеді. Халықаралық ынтымақтастық қалай дамуда және студенттер шетелде оқып, халықаралық компанияларда тағылымдамадан өтіп, қандай мүмкіндіктерге ие болады?
– Токиодағы Soka University-ге сапарымыз MNU Жоғары гуманитарлық мектебінің халықаралық ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең болды. Кездесу барысында академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысатын студенттердің санын арттыру туралы келісімге келдік. Биыл бізде Жапониядан келген төрт бала білім алды және алты студентіміз Soka University-ге барды, сондай-ақ оқытушылармен алмасу, бірлескен курстарды іске асыру және қос диплом бағдарламасын ашу перспективалары талқыланды.
Халықаралық ынтымақтастық біздің жоғары мектебіміздің стратегиялық дамуының негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын атап өткім келеді. Жыл сайын біздің балалар академиялық ұтқырлық аясында шетелде сапалы білім алып қана қоймай, сондай-ақ, көпмәдениетті ортада оқу мен өмір сүрудің құнды тәжірибесіне ие болады. Ағымдағы оқу жылында ЖГМ студенттері келесі жоғары оқу орындарында білім алды: Кордова университеті (Испания), Туриба университеті (Латвия), Острава университеті (Чех Республикасы), Солтүстік-Батыс университеті (Қытай), Дунайварош университеті (Мажарстан), Шота Руставели атындағы Батуми мемлекеттік университеті (Грузия), Копенгаген университеті (Дания) және жоғарыда аталған Soka University (Жапония).
Мұндай сапарлар студенттерге түрлі білім беру жүйелеріне бейімделуге, академиялық және тілдік дағдыларды дамытуға, сондай-ақ заманауи мамандарға қажетті түрлі мәдениеттерді икемді ойлау мен түсінуді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Және ең маңызды аспектілердің бірі – ЖГМ-да қос диплом бағдарламасына көп көңіл бөлуіміз. Бүгінде біз Францияның, Швейцарияның, АҚШ-тың, сондай-ақ Excelia Tourism School, Swiss Education Group және Collège de Paris сияқты жетекші білім беру мекемелерімен жұмыс жасаймыз. «3+1» моделі үш жыл MNU-да және бір жыл серіктес университетте оқуды көздейді. Бағдарлама аяқталғаннан кейін студент қазақстандық және шетелдік үлгідегі екі диплом алады. Күні кеше біз Penn State University Қонақ үй менеджменті мектебімен 2025 жылы оқуға түсетін студенттер үшін Split Educational Program in Hospitality Management бағдарламасын іске асыру мүмкіндігін талқыладық. Мұндай формат халықаралық стандарттар бойынша академиялық даярлықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қонақ үйлер, круиздік лайнерлер мен авиакомпанияларды қоса алғанда, қонақ үй, туристік және сервистік секторлар компанияларында алты айлық ақылы тағылымдамадан өтуді қамтиды. Біздің әріптес университеттер оқуға жеңілдіктер береді, тұру және интеграция мәселелеріне көмектеседі. Ал бағдарламалар кәсіби портфолионың қалыптасуына және мансаптық мүмкіндіктердің кеңеюіне ықпал етеді.

Осылайша, «3+1» форматы арқасында студенттер екі дипломды иеленіп, ата-аналар сенімді болып, қаражатты үнемдейді. Өйткені шетелде оқу өз бетінше өмір сүруге дайын кезде, жоғары курстарда басталады. Сонымен қатар төрт жылға қарағанда шетелде бір жыл оқу, бір жағынан аз шығын жұмсауға, екінші жағынан жан тыныштығына мүмкіндік береді.
– Жоғары гуманитарлық мектебінің ең танымал білім беру бағдарламасы «Аударма ісі» болып табылады. Болашақта докторантура бағдарламасын іске қосу жоспары бар ма?
– Сөзсіз, «Аударма ісі» бағдарламасы MNU Жоғары гуманитарлық мектебінің құрылымындағы орталық орындардың бірін иеленеді. Соңғы жылдары ол өзін академиялық тұрғыдан мықты және сұранысқа ие бағыт ретінде көрсетті. Біз, өз кезегінде, бағдарламаның белсенді дамып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Аударма саласында болашақ мамандарды даярлау қазіргі таңдағы кәсіби қызметке барынша жақын. Оқу процесіне заманауи технологиялар – Bosch синхронды жабдықтары, аударма жады жүйелері, сондай-ақ SDL Trados және Phrase қоса алғанда автоматтандырылған және локализациялық платформалар интеграцияланған. Біздің студенттер алған білімдері мен дағдыларын ең жоғары деңгейдегі форумдар мен іс-шараларда ілеспе және жазбаша аудармаға қатыса отырып, нақты халықаралық жобаларда қолданады.
Алайда, докторантура деңгейінде біз гуманитарлық және цифрлық пәндердің қиылысындағы тұрған іргелі ғылыми сала ретінде «Тіл. Лингвистика және аударма» бағытын дамытуды көздейміз. Дәл осы мамандық бойынша алдағы жылдары PhD бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр. Өздеріңіз білетіндей, лингвистика бүгінде тіл саясаты мен үштілді білім беруден бастап, табиғи тілді өңдеу технологияларын әзірлеу мен енгізуге дейінгі өзекті мәселелердің кең ауқымын қамтиды. Біз лингвистика бойынша докторантура бағдарламасы тіл, саясаттану, мәдениет, тарих және технология торабында жұмыс істеуге қабілетті зерттеушілердің жаңа буынын дайындауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Бағдарлама когнитивті лингвистика, социолингвистика, медиалингвистика және компьютерлік лингвистика сияқты бағыттарды дамытуға бағытталатын болады. Бұл қазіргі әлемнің зияткерлік келбетін қалыптастыратын салалар.
– ЖГМ бірқатар іс-шараларды ұйымдастырды, олардың ішінде Kapuscinski Lectures аясындағы Орталық Азиядағы алғашқы дәріс, Астана қаласының туризмін дамыту бойынша Ideaton және аудиодескрипцияны дамытуға арналған SenseAble халықаралық конференциясы бар. Бұдан басқа, мектеп қазақ тілін насихаттауға шетелдік грантқа ие болды, ал «Орыс тілі шетел тілі ретінде» курсы 15-тен астам елдің тыңдаушыларын қамтыды. Бұл жобалар қаншалықты маңызды және салалық серіктестермен жаңа ынтымақтастық жоспарланып отыр ма?
– Біз тек оқытудың жоғары деңгейіне ғана емес, инклюзивті білім беруді, мәдени және тілдік әралуандықты дамытуға, сондай-ақ серіктестік байланыстарды кеңейтуге бағытталған маңызды жобалардың бастамашысы болуға ұмтыламыз. Біздің команданы «жаңа көкжиектердің мақсатты іздеушілері» деп сипаттауға болады.
Мысалы, MNU-дың Kapuscinski Lectures халықаралық сериясына қатысуы символикалық мәнге ие болды, өйткені біздің мектеп орнықты даму мәселелеріне арналған осы жаһандық жобаға Орталық Азияда бірінші болып қосылды. Кембридж университетінің профессоры Абхиманью Шарманың инклюзивті қоғамды құрудағы тіл саясатының рөлі туралы дәрісі қоғамның қызығушылығын тудырып, халықаралық академиялық тұғырнамада өзіміз туралы мәлімдеуге және өз мәртебемізді нығайтуға мүмкіндік берді.
2025 жылдың ақпанында біз аудиодескрипцияға арналған SenseAble халықаралық конференциясын ұйымдастырдық. Менің ойымша, аудиодескрипция көру қабілеті бұзылған адамдар үшін медиақолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызды құралы. Конференция түрлі елдердің сарапшыларын біріктіріп, Қазақстанда инклюзивті мәдени кеңістікті дамытуға үлес қосты. Өкінішке қарай медиақолжетімділік тақырыбы елімізде әлі де дамымай отыр.
Әрине, біз мектептің барлық бағыттарын жоғары деңгейде ұстауға тырысамыз, мысалы. Осы жылдың сәуір айында қала әкімдігімен және «Astana Tourism» орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған Astana Urban Tourism Ideaton өтті. Бұл оқиға студенттердің, сарапшылардың және индустрия өкілдерінің өзара іс-қимылының алаңына айналды, оның аясында қалалық туристік ортаны дамыту үшін нақты шешімдер ұсынылды.
Қазақ тілін ілгерілетуге арналған шетелдік грант ерекше мақтаныш тудырады, соның арқасында шетелдік аудитория үшін бірегей онлайн-курс іске қосылды. Ол 15-тен астам елдің тыңдаушыларының қызығушылығын тудырды. Ал Еуропадан келген біздің жобаға қатысушылардың бірі Қазақстан туралы кітап дайындады, оның тұсаукесері жақында Алматыда өтеді.
Жоғарыда айтылғандардан басқа, біздің мектептің негізгі бағыттарының бірі «Орыс тілі шетел тілі ретінде» курсын дамыту болып табылады. Ол тек тілдік қана емес, сонымен қатар Қазақстан мен шетел әлемі арасындағы мәдени-дипломатиялық көпірге айналады. Біздің «A Year Abroad» бағдарламасы аясында біз UCL, St Andrews, Cambridge, Oxford сияқты Ұлыбританияның жоғары оқу орындарының студенттерімен, сондай-ақ Жапония, Оңтүстік Корея, Дания, БАӘ және Францияның тыңдаушыларымен ынтымақтасамыз. Біз елімізді халықтар, мәдениеттер, дәстүрлер мен заманауи жетістіктер бейбіт өмір сүріп жатқан мемлекеттің үлгісі ретінде көрсетуге тырысамыз.
Әрине, аталған жобалардың барлығы біз жүргізіп жатқан ауқымды шаралардың бір бөлігі ғана. Жақын арада біз UNDP-мен серіктестікті жалғастыруды, сондай-ақ тіл саясаты, білім беру және туризм саласындағы бірлескен бастамаларды дамытуды және мектептің білім беру жобаларына ғылыми-зерттеу компоненттерін белсенді интеграциялауды жоспарлап отырмыз.

– Мектептің тағы бір маңызды жобасы «Қазақстан тарихы» пәнін жаңа форматта оқыту болып табылады. Онда теориялық бөлімнен басқа, студенттер республиканың көрнекті орындарына барып, тарихи оқиғаларға арналған спектакльді дайындауға қатысады. Бұл формат студенттерде сыни ойлауды дамытуға және ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастырып, ата-бабалардың мұрасын құрметтеуге септігін тигізді ме?
– Maqsut Narikbayev University-де «Қазақстан тарихы» курсын оқытудың бұл форматы академиялық қатаңдық пен тәжірибеге бағытталған оқытудын заманауи тәсілі болып табылады. Бұл форматтың негізгі мақсаты – тарихи фактілерді жеткізу ғана емес, балаларымыздың бойында тарихи процестерді терең түсінуді, мәдени мұраны құрметтеуді және еліміз үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру.
Оқыту тек классикалық семинарлық сабақтар мен жазбаша дереккөздермен жұмысты ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның киелі жерлеріне көшпелі тарихи-туристік экскурсияларды қамтиды. Бұл студенттерге тарихты тікелей сол ландшафттарда «тікелей» зерделеуге мүмкіндік береді. Бағдарға Ұлы Жібек жолының қалалары (Отырар, Түркістан, Тараз), Жетісу және Берел сақ қорғандары, Бестерек және Теректі Әулие петроглифтері кіреді. Сапар географиясы бүкіл елді қамтиды – шығыстағы Жидебайдан батыстағы Бекет Атаға және солтүстіктегі Бурабайдан оңтүстіктегі Түркістанға дейін.
2024 жылдан бастап студенттер шет елге – Ташкент пен Самарқанға барды. Онда олар қазақ және өзбек халықтарының көпғасырлық байланыстарын зерттейді, ортақ мәдени мұра мен Орталық Азияның тарихи қиылыстары туралы біледі. Осы тәжірибе енгізілгеннен бастап, ал біз 2013 жылдан бастап 2025 жылдың наурызына дейін біздің сапарларымызға үш мыңға жуық студент қатысты.
Біз студенттердің тарихи жобаларға деген қызығушылығын ерекше бағалаймыз. Осындай сапарлардан кейін олар қосымша ақпаратты өз бетінше іздестіре бастайды, көргендерін талдайды, өткен оқиғаларды қазіргімен салыстырады, өз ойларын оқытушыларға айтады. Балаларда ел дамуына өз үлестерін қосуға саналы түрде құлшынысы пайда болады.
Студенттердің модульдер аяқталғаннан кейін дайындайтын тарихи қойылымдарын бөлек атап өткім келеді. Олар алған білімдерін нығайтып қана қоймай, сыни ойлауды, шығармашылық қиялды және тарихи контекспен жұмыс істеу қабілетін дамытады. Қойылымдарға қатыса отырып, студенттер тарихи тұлғалардың өмірбаяндарын зерттейді, оқиғаларды сақнада көрсетеді және халықтың мемлекет тағдырындағы рөлін талдайды. Бұл оларға дәуірлердің атмосферасын сезінуге, ата-бабалардың құрбандары мен жетістіктерін түсінуге, тәуелсіздік пен орнықты дамудың құндылығын түсінуге көмектеседі. Нәтижесінде тарихпен берік эмоционалдық және зияткерлік байланыс қалыптасады.
Теория, практика және жеке бастың бастан кешуінің мұндай интеграциясы оқу процесін барынша жандандырып, мағыналы және есте қаларлық етеді. Біздің университеттегі «Қазақстан тарихы» курсы үлгілік оқу жоспары бойынша оқу пәні емес – ол азаматтық бірегейлік пен патриоттық сезімді қалыптастыру құралы. Осы көзқарастың арқасында тарих алыс өткеніміз ретінде емес, қазіргі күннің негізі және болашақ үшін платформа ретінде қабылданады.
– Белгілі болғандай, ЖГМ студенттері халықаралық сертификаттаудан (IELTS, TOEFL, TOLES, Cambridge) табысты өтуде. Мектеп оларға осы емтихандарға дайындалуға қалай көмектеседі?
– Біздің университет студенттерге IELTS, TOEFL, TOLES және Cambridge Exams сияқты халықаралық емтихандарға дайындалуда белсенді қолдау көрсетеді. Өздерінің міндетті курстары шеңберінде екінші шет тілдерін оқитын студенттерде испан тілі бойынша DELE, француз тілі бойынша DELF, қытай тілі бойынша HSK, корей тілі бойынша TOPIK, неміс тілі бойынша TestDaf немесе Goethe-Zertifikat және түрік тілі бойынша TYS сияқты халықаралық емтихандарға дайындалу және оларды тапсыру мүмкіндігі бар. Бұл қолдау мамандандырылған курстар мен стратегиялық серіктестікті қамтитын кешенді жүйе арқылы іске асырылады.
Мектеп ішінде ағылшын тілі департаменті тәжірибелі нұсқаушылармен IELTS-ке дайындық курстарын ұсынады. Бұдан басқа, біз British Council ресми тест орталығы болып табыламыз. Онда студенттер мен сыртқы кандидаттар компьютерде жаңа жабдықтармен қолайлы жағдайда емтихан тапсыра алады. Біз емтиханды өткізу сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Айта кетейік, IELTS біздің университетке түсу емтиханы ретінде танылады.
Біз сондай-ақ TOEFL iBT мойындаймыз. Студенттердің TOEFL iBT халықаралық емтиханын ETS (USA) серіктестігінің арқасында арнайы оқытылған инвигиляторлардың қатысуымен біздің базада тапсыру мүмкіндігі бар.
ЖГМ төрт жылдан бері Cambridge Exam Centre серіктесі болып табылатынын және бұл ынтымақтастық студенттерге айтарлықтай пайда әкелетінін атап өткім келеді. Бірінші курс шеңберінде барлық білім беру бағдарламаларының студенттері Cambridge English бағдарламасын оқиды және жұмысқа орналасу, тағылымдамаға тапсыру мен шетелдік жоғары оқу орындарына түсу кезінде танылған PET, FCE және CAE халықаралық емтихандарын тапсыра алады. TESOL майорын таңдаған студенттер ағылшын тілін оқыту әдістемесінің негіздерін білуін растайтын TKT (халықаралық сертификаттау) емтиханын тапсыруға, сондай-ақ CELTA, DELTA біліктілігі мен және басқа да халықаралық сертификаттары бар мамандардың жетекшілігімен педагогикалық практикадан өтуге мүмкіндік алады.
Ағылшын тілінің мамандандырылған курстарына келетін болсақ, ЖГМ аудармашы студенттер мен заңгерлерге арналған элективті пәндер аясында TOLES (UK) ағылшын заңгерлік курстарын, сондай-ақ заң компанияларына арналған корпоративтік курстарды ұсынады. TOLES Foundation (бастауыш деңгей), TOLES Higher және Advanced (ілгері деңгей) курстары ЖГМ студенттері мен Құқық жоғары мектебінде оқитындарда да сұранысқа ие.
Бір сөзбен айтқанда, ЖГМ студенттерге ойластырылған бағдарламалардың, білікті оқытушылардың және жеке қажеттіліктерге назар аударудың арқасында халықаралық сертификаттауға табысты дайындалуға көмектеседі.

– Мектептің пайымы – халықаралық стандарттар бойынша әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі мамандарды даярлауды және шығаруды жүзеге асыратын Орталық Азияның жетекші гуманитарлық-тілдік және сертификаттау орталығы болу. Бұл үшін не қажет және жаңа оқу жылында Жоғары гуманитарлық мектептің алдында қандай жоспарлар тұр?
– Орталық Азияның жетекші гуманитарлық-тілдік және сертификаттау орталығына айналу, иә, біз үшін бұл жай ғана тұжырым емес, біз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқан нақты бағыт. Жаңа оқу жылында біздің фокусымыз, әрине, академиялық негізді нығайтуға, білім беру бағдарламаларын дамытуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және жаңа білім беру мен зерттеу бастамаларын іске қосуға бағытталған.
Мен жоғарыда айтқан лингвистика бойынша PhD бағдарламаны дамыту, гуманитарлық ғылымдардың цифрлық және қолданбалы аспектілері бойынша қосымша майнорларды енгізу, бағдарламаларымызға жасанды интеллектті интеграциялау, сондай-ақ тіл, психология және туризм сияқты бағыттарда тәжірибелік-бағдарланған даярлық пен зерттеу құрамдасын күшейту басымдықтар қатарында.
Біз өз мақсатымызға, атап айтқанда тілді қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, кәсіби, зерттеу және мәдени ресурс ретінде де меңгерген мамандарды даярлауға біртіндеп қадам басып келеміз. Әрине, біздің мақсаттарымыз, міндеттеріміз, тілектеріміз бен армандарымыз бар. Осыны жүзеге асыру біздің командамыз, студенттердің энергиясы және тұрақты даму бағыттары арқылы мүмкін.
– Ертең еліміздің көптеген мектептерінде соңғы қоңырау соғылады. Мектеп түлектерін қорытынды емтихандар мен университет таңдау күтуде. Неліктен талапкерлер Maqsut Narikbayev University-ні таңдауы керек деп ойлайсыз?
– Мен әрдайым ата-аналар мен талапкерлерге маңызды таңдау, атап айтқанда, қайда бару керектігі, келесі жылдарды неге арнау және осы жолды кіммен өту керектігі туралы шешім қабылдау керектігін айтамын. Maqsut Narikbayev University тек әдемі инфрақұрылымы бар білім ордасы ғана емес. Бізде еститін, қолдайтын және мүмкіндіктер ашылатын орта мен кеңістік. Бізде балалар тек академиялық тұрғыда ғана емес, жеке тұлға ретінде де өсіп, сыни ойлауды, сенімді сөйлеуді және жауапкершілікпен әрекет етуді үйренеді.
Әрине, мен біздің профессорларымыз, оқытушыларымыз және әкімшілік блоктағы әріптестерімді мақтан етемін. Олар кәсіби және іске адал мамандар. Бізде мықты оқытушылар, халықаралық бағдарламалар, қызық студенттік өмір, бірінші курстан бастап түрлі тәжірибелер және шетелдегі тағылымдамалар мен халықаралық дипломдардан бастап үздік отандық, халықаралық компанияларға жұмысқа орналасуға дейінгі нақты перспективалар бар.
Ең бастысы, біз батыл, ашық болуға және сын-қатерлерге дайын болуды үйретеміз. Сондықтан, егер сіз өсуді, үздіктерден үйренуді және өз күшіңізге сенуді қаласаңыз, университетіміздің есігі ашық. Біз сізді күтеміз!
– Мазмұнды әңгіме үшін рахмет!