Елордалық Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Maqsut Narikbayev University студенттер қатарына қабылдау 2026 салтанатты рәсімі өтті. Жоғары оқу орнының басты іс-шарасы «Кітап оқитын ұлт» тақырыбында ұйымдастырылды.
Іс-шара бес мың адамды біріктірді. Олардың қатарында Құрылтай депутаттары, Астана қаласының әкімдігі, халықаралық компаниялар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ, университеттің серіктестері, студенттер мен олардың ата-аналары, сондай-ақ MNU профессорлық-оқытушылық құрамы, қызметкерлері мен түлектері бар. Іс-шараның тақырыбы – «Кітап оқитын ұлт» болды.









Ауқымды рәсім барысында екі мыңнан астам бірінші курс студенті Maqsut Narikbayev University студентінің антын берді. Сонымен қатар студенттер паркетте ауданы 882 шаршы метр және салмағы 100 килограммға жуық Қазақстанның ең үлкен туын жайды. MNU Провосты Анар Ибраева өз құттықтауында жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Кітап оқу бізге өз идеяларымызды қалыптастыруға, сұрақтар қоюға және әлемге түрлі көзқараспен қарауға көмектеседі. Жасанды интеллект ақпаратты санаулы секундтарда бере алады, бірақ біз әлі де өз бетімізше ойлауымыз керек. Біздің университетте біз дербес және сыни ойлауды дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл ретте кітап оқу маңызды рөл атқарады», – деді Анар Ибраева.
Кештің басты оқиғасы – университеттің төрт жоғары мектебінің студенттер қатарына қабылдау кубогы үшін дәстүрлі күресі болды. Конкурстық бағдарлама барысында студенттер БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарының бағыттары бойынша жобаларды және Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен насихаттаудың маңыздылығы туралы театрландырылған қойылымдарды ұсынды. Осылайша, студенттер Мемлекет басшысының жарлығы аясында жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» ауқымды республикалық жобасын қолдады.
Студенттердің өнерін қоғамдық бірлестіктер мен мәдениет саласының өкілдері қатарынан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалады. Кубок иегері Жоғары гуманитарлық мектебінің студенттері атанды. Сондай-ақ Құқық жоғары мектебі MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтың атынан арнайы сыйлыққа ие болды.
Айта кетейік, іс-шара отандық эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас пен Ninety One тобының музыкалық нөмірлерімен аяқталды.







