MNU Logo

Халықаралық Жария және Жеке Құқық Ғылыми Мектебі

Ғылыми мектеп туралы

Maqsut Narikbayev University жанындағы Халықаралық жария және жеке құқық ғылыми мектебі Құқық жоғары мектебінің ой-өріс өзегі болып табылады. Ғылыми мектеп халықаралық құқық саласында терең де тиянақты ғылыми сарап жүргізу және іс жүзіндегі тәжірибемен ұштастыру мақсатында құрылған. Ғылыми мектеп қазіргі заманның құқықтық түйткілдерін жүйелі түрде зерделеуге, мәнін ашып, Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігінде қолдану және түсіндіру мәселелеріне айрықша көңіл бөледі.

 

Ғылыми мектептің жұмысы ғылым мен тәжірибені тоғыстыруға негізделген. Мұнда ғалымдар мен заңгер-практиктер бірлесе отырып зерттеу жүргізеді, нақты құқықтық мәселелерді талқылайды және соларды шешудің ұтымды жолдарын қалыптастырады. Ғылыми мектеп өз алдына дербес оқу бағдарламаларын жүргізбегенімен, оның жетекшілері мен зерттеушілері дәріс оқу, семинар өткізу және ғылыми жетекшілік жасау арқылы Құқық жоғары мектебінің оқу ісіне белсене араласады.

 

Ғылыми мектеп өз қызметі арқылы халықаралық құқық саласындағы ғылыми әлеуетті нығайтып, академиялық әріптестікті өрістетеді. Шетел зерттеушілерін тарту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және сапалы еңбектер жариялау арқылы Ғылыми мектеп тұрақты ғылыми орта қалыптастырып, Университеттің ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейдегі құқықтық ғылым орталығы ретіндегі орнын бекемдей түседі.

Ғылыми мектептің қызмет бағыттары

Халықаралық жария және жеке құқық ғылыми мектебінің қызмет бағыттары халықаралық құқық саласында терең ғылыми зерттеу жүргізуді қамтиды. Бұл зерттеулерде құқық ілімін талдау, салыстырмалы-құқықтық тәсіл және заман талабынан туған құқықтық түйткілдерді саралау негізгі орын алады. Осы арнада жүзеге асырылатын ғылыми жобалар теория мен тәжірибені ұштастырып, ғылыми еңбектерге, сарапшылық талқыларға және құқықтық жаңарту бастамаларына негіз болады.

 

Ғылыми мектеп тәжірибеге бейім дағдыны жетілдіруге айрықша мән береді. Бұл бағытта шәкірттерді халықаралық деңгейдегі құқық сайыстарына жүйелі түрде дайындау ісі жолға қойылған. Соның қатарында Philip C. Jessup International Law Moot Court Competition, Willem C. Vis International Commercial Arbitration Moot, Pax Moot Court Competition, Jean-Pictet Competition және AIFC Moot Court секілді беделді жарыстар бар. Дайындық барысында құқықтық жазу, ауызша уәж айту және істі стратегиялық тұрғыдан талдау машығы қалыптастырылады.

 

Ғылыми мектеп зерде мен уәжді ойлауды жетілдіретін қолданбалы орта қалыптастырады. Lex Fantastica пікірсайыс клубы осы істің тірегі ретінде құқықтық уәжді жүйелі құруға, ойды саралап жеткізуге және көпшілік алдында қорғауға баулиды. Сонымен бірге ішкі ғылыми мәжілістер мен жұмыс отырыстары өткізіліп, нақты істер талданып, құқықтық ойлау әдісі жетілдіріледі және тәжірибелік шешімдер түзіледі. Бұл үдеріс халықаралық құқық аясында кәсіби білікті орнықты түрде арттыруға қызмет етеді.

Ғылыми мектептің құрамы

Негізгі мамандануы халықаралық жария құқық, халықаралық шарт құқығы, бәсекелестік және салыстырмалы құқық бағыттарын қамтиды. Академиялық әрі басқарушылық тәжірибесі мол: білім беру бағдарламаларын әзірлеу және басқару, ғылыми құрылымдарды үйлестіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық актілерін даярлау мен сараптауға қатысу.

 

Ғылыми мектеп аясындағы басты зерттеу бағыттарының негізін қалаушылардың бірі. Халықаралық құқық бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлеріндегі білім беру траекториясын қалыптастыру мен дамытуға елеулі үлес қосты. Зияткерлік меншік және бизнес құқығы саласындағы WIPO бірлескен магистрлік бағдарламасына жетекшілік етеді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы халықаралық құқық кеңесінің мүшесі, сондай-ақ Brill Academic Publishers аясындағы Central Asian Yearbook of International Law басылымының редакциялық алқасына кіреді.

 

Халықаралық ұйымдар үшін, соның ішінде ЕҚЫҰ мен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы шеңберінде, тұрақты түрде сарапшы және кеңесші ретінде тартылады. Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін іске асыруды бағалау және құқықтық саясатты дамыту үдерістеріне қатысады. Халықаралық академиялық ортада белсенді: Philip C. Jessup International Law Moot Court Competition ұлттық, өңірлік және халықаралық кезеңдерінде төреші ретінде қатысады, сондай-ақ өзге де беделді байқаулар мен ғылыми бастамаларға тартылған.

 

Халықаралық шарт құқығы, адам құқықтарының халықаралық құқығы, бәсекелестік және зияткерлік меншік құқығы бойынша ғылыми еңбектердің авторы. Оның зерттеулері Қазақстанда және одан тысқары жерде халықаралық құқықтың заманауи доктринасының дамуына ықпал етеді.

Абай Абылайұлы — халықаралық құқық саласында PhD, қауымдас профессор

Оның академиялық болмысы Қазақстандағы жетекші заң мектептерінде ұзақ жылдық оқыту және зерттеу қызметінің негізінде қалыптасқан.

 

Халықаралық жеке құқықтағы негізгі зерттеу бағыттарының бірқатарын бірге қалыптастырған тұлға ретінде Ғылыми мектептің тұжырымдық әрі қолданбалы бағытын айқындауға қатысып келеді. Ғылыми еңбектері Қазақстандағы халықаралық жеке құқық доктринасының дамуына елеулі ықпал етті. Осыған байланысты Орталық Азиядағы осы саладағы алдыңғы қатарлы академиялық мамандардың бірі ретінде бағаланады.

 

Ол Hague Conference on Private International Law ұйымының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілдігіне жетекшілік етеді, аймақтың Гаага конференциясының құқықтық тетіктеріне институционалдық тұрғыдан кірігуін қамтамасыз етіп, оның құралдарын енгізуге жәрдемдеседі. Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты жанындағы Академиялық консультативтік кеңестің және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы халықаралық құқық кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі төрешілер тізіміне енгізілген.

 

Халықаралық ұйымдар жобаларында, соның ішінде ЕҚЫҰ аясында, сарапшы әрі кеңесші ретінде қатысады, шетелдегі ғылыми және білім беру бастамаларына тартылған. Халықаралық жеке құқық пен салыстырмалы құқық бойынша монографиялар, заңнама түсіндірмелер және ғылыми мақалалардың авторы. Оның еңбектері Қазақстандағы осы саланың қазіргі академиялық әрі практикалық негізін қалыптастыруға ықпал етеді.

Нуржан Ешниязов — құқық ғылымының PhD, қауымдас профессор, халықаралық жеке құқық пен халықаралық азаматтық процесс саласының маманы

Негізгі мамандануы халықаралық экономикалық құқық, инвестициялық құқық және теңіздің терең қабатындағы ресурстарды игеруді құқықтық реттеу мәселелерін қамтиды. Зерттеу аясына ұлттық және халықаралық құқықтық тәртіптердің өзара ықпалдасуы да кіреді.

 

Ол ғылыми зерттеуді практикалық кеңес берумен ұштастыратын пәнаралық бейіндегі маман. Мемлекеттік органдарға, шетелдік инвесторларға және халықаралық ұйымдарға кеңес беру тәжірибесі бар. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы халықаралық құқық кеңесінің мүшесі, сондай-ақ The Pew Charitable Trusts бастамалары аясында, халықаралық теңіз түбіндегі пайдалы қазбаларды өндіруді реттеуге қатысты жобаларда сыртқы сарапшы ретінде қатысады.

 

Әртүрлі шетелдік және ұлттық университеттерде дәріс оқыған тәжірибесі бар. Оқытатын пәндері құқық теориясынан бастап халықаралық жария құқық пен халықаралық қатынастарға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Бұл құқықтық және саяси-экономикалық тәсілдердің оқу үдерісінде өзара ықпалдасуына негіз қалайды.

 

Халықаралық инвестициялық құқық пен теңіз құқығы мәселелері бойынша, соның ішінде халықаралық теңіз түбіндегі ресурстарды игеру және инвестицияларды қорғау тетіктеріне қатысты жетекші халықаралық басылымдарда ғылыми еңбектер жариялаған. Халықаралық конференциялар мен ғылыми алаңдарда тұрақты түрде баяндама жасап, халықаралық экономикалық құқық доктринасының Қазақстанда және жаһандық деңгейде дамуына үлес қосып келеді.

Альберто Пекораро — халықаралық құқық саласында PhD, ассистент-профессор

Академиялық қызметті құқықтық консалтинг тәжірибесімен және мемлекеттік деңгейдегі институционалдық реформаларға қатысумен ұштастыратын кешенді кәсіби бейіні қалыптасқан.

 

Ол күрделі коммерциялық дауларды, трансшекаралық жобалар мен инвестициялық мәмілелерді құқықтық сүйемелдеуге маманданған. Қызмет аясына жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік және бизнесті құрылымдау мәселелері кіреді. Мемлекеттік органдар мен трансұлттық корпорациялардың мүдделерін білдіру, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың шетелдік нарықтарға шығуын құқықтық тұрғыдан сүйемелдеу тәжірибесі бар.

 

Әртүрлі кезеңдерде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің кеңесшісі және стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Осы лауазымдарда құқық саласындағы реформаларды үйлестіру және жобалық басқаруды дамыту бағыттарына жетекшілік еткен. Мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейінде шешім қабылдауға негіз болған стратегиялық бастамалар мен талдамалық материалдарды әзірлеуге қатысқан.

 

Академиялық қызметінде халықаралық жария құқық және халықаралық инвестициялық құқық пәндерін оқытады, сондай-ақ құқықтық консалтинг пен соттағы уәждеу бойынша практикалық курстар жүргізеді. Кәсіби аудиторияларға арналған дәрістермен тұрақты түрде шығып, ғылыми және талдамалық еңбектердің авторы ретінде Қазақстандағы құқықтық практика мен құқықтық саясаттың дамуына үлес қосып келеді.

Рамазан Көкжалов — құқық ғылымының PhD кандидаты, аға оқытушы, зияткерлік меншік құқығына, сондай-ақ корпоративтік, инвестициялық және халықаралық құқыққа маманданған практик-заңгер

Халықаралық құқық, заң шығару үдерісі және құқықтық талдау бағыттарына маманданған, академиялық қызметті мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысумен ұштастырады.

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппаратында және өзге де бейінді мемлекеттік органдарда жұмыс істеген, онда заң жобаларын сараптау мен норма шығару қызметті сүйемелдеуге қатысқан. Білім, ғылым, мәдениет және халықаралық ынтымақтастық салаларындағы заң жобаларын әзірлеуге тартылған, соның ішінде халықаралық шарттарды ратификациялауға қатысты актілермен жұмыс істеген.

 

International Law Association қызметіне Қазақстанның қатысуын бастамалаған және тиісті институционалдық өкілдіктің қалыптасуына үлес қосқан. Халықаралық ғылыми алаңдарда Қазақстан атынан тұрақты түрде қатысады, соның ішінде Hague Academy of International Law академиялық сессияларына қатысып, ұлттық құқық мектебінің жаһандық ғылыми ортаға кірігуіне ықпал етеді.

 

Құқықтық реформаның негізгі бағыттары бойынша жұмыс топтарына қатысу арқылы ғылыми және сараптамалық ортаның дамуына үлес қосады. Академиялық қызметінде халықаралық құқық, мемлекеттік басқару және конституциялық құқық пәндерін оқытады, теориялық дайындықты практикалық тәсілмен ұштастырып, құқықтық білім беру мен мемлекеттік басқарудың қазіргі дамуына ықпал етеді.

Саурык Абирбек — құқық ғылымының PhD кандидаты, аға оқытушы, заң шығару және атқарушы билік жүйесінде жұмыс тәжірибесі бар мемлекеттік қызметкер

Оның академиялық бағыты теориялық зерттеулерді құқық қолдану тәжірибесімен және құқықтық жүйені дамыту мәселелерімен ұштастыруға негізделген.

 

Халықаралық жария құқық, халықаралық шарт құқығы және соған жақын салалар бойынша маманданған. Қазіргі халықаралық-құқықтық доктринаны дамытуға бағытталған ғылыми зерттеулер мен білім беру бастамаларына қатысады. Зерттеу күн тәртібін қалыптастыруға және академиялық бағдарламаларды әзірлеуге тартылып, ғылыми нәтижелерді оқу үдерісіне енгізуді қамтамасыз етеді.

 

Университеттің ғылыми және сараптамалық қызметіне белсенді қатысады, соның ішінде талдамалық материалдар әзірлеу және Қазақстандағы халықаралық құқықтың дамуына қатысты академиялық жобаларға қатысу. Кәсіби және академиялық қауымдастық мүшесі ретінде ғылыми байланыстарды нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

 

Оқытушылық қызметінде халықаралық құқық пәндерін жүргізеді, студенттердің құқықтық талдау, уәждеу және академиялық жазу дағдыларын дамытуға басымдық береді. Оның қызметі күрделеніп келе жатқан халықаралық-құқықтық ортада жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарды даярлауға бағытталған.

Жамбыл Әлекбай — құқық ғылымының PhD кандидаты, аға оқытушы, халықаралық құқық және құқықтық талдау саласының маманы

Ғылыми қызметті инвестициялық және корпоративтік жобаларды құқықтық сүйемелдеу тәжірибесімен ұштастыратын қалыптасу үстіндегі академиялық бейіні бар.

 

Зерттеу бағыты юрисдикция, қолданбалы құқық және трансшекаралық дәрменсіздік жағдайларындағы жауапкершілік тетіктерін қамтиды. Халықаралық жеке құқық саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп, оқу пәндерін оқытуға қатысады, академиялық жарияланымдар мен талдамалық материалдар әзірлеумен айналысады.

 

Инвестициялық қызметті құқықтық сүйемелдеуде тәжірибесі бар: инвесторлардың құқықтарын қорғау, екіжақты инвестициялық келісімдерді талдау, процессуалдық құжаттар дайындау, ұлттық және шетелдік құқық бойынша құқықтық зерттеулер жүргізу. Корпоративтік және трансшекаралық мәселелер бойынша құқықтық қорытындылар, меморандумдар және талдамалық есептер әзірлеуге қатысады.

 

Академиялық қызметінде халықаралық жеке құқық және халықаралық азаматтық процесс пәндерін оқытуға, сондай-ақ Ғылыми мектеп шеңберіндегі зерттеу жұмыстарына қатысады. Ғылыми іс-шаралар мен жобаларға қатысу арқылы қазіргі құқықтық доктринаны дамытуға бағытталған академиялық ортаның қалыптасуына үлес қосады.

Абдель Мотталеб Мохаммед — құқық ғылымының PhD кандидаты, оқытушы және зерттеуші, халықаралық жеке құқық пен халықаралық азаматтық процесс саласына маманданған

Оның ғылыми бағыты халықаралық шарттарды түсіндіру және Қазақстан Республикасының құқық жүйесінде қолдану мәселелерін терең зерттеуге негізделген.

 

Ғылыми қызығушылығы шарт жасасу тәжірибесі мен түсіндіру үдерістеріне бағытталған, соның ішінде шарттық дереккөздердің қолжетімділігі мен жүйеленуін талдауды қамтиды. Халықаралық шарттар базасын қалыптастыруға және қолданудың доктриналық тәсілдерін жетілдіруге арналған зерттеу жобаларын әзірлеуге белсенді қатысады.

 

Халықаралық шарт құқығы бойынша ғылыми мақалалар мен ұжымдық монографиялар бөлімдерінің авторы. Академиялық зерттеулер мен жарияланымдық жобаларға, оның ішінде халықаралық жетекші баспалармен бірлескен бастамаларға қатысып, өңірлік халықаралық құқық доктринасының дамуына үлес қосады.

 

Оқу қызметінде халықаралық құқық пәндерін оқытуға қатысып, ғылыми зерттеуді білім беру үдерісімен ұштастырады. Ғылыми конференцияларға қатысу, баяндамалар әзірлеу және Ғылыми мектеп жобаларын іске асыру арқылы академиялық ортаның дамуына белсенді атсалысады.

Айзере Арыстанбек — құқық ғылымының PhD кандидаты, оқытушы, халықаралық шарт құқығы саласына маманданған

Негізгі бағыты халықаралық жария құқық, халықаралық экономикалық құқық және халықаралық дауларды шешу мәселелерін қамтиды. Ғылыми ізденісті күрделі халықаралық коммерциялық дауларды сүйемелдеуге қатысумен ұштастыратын қалыптасу үстіндегі академиялық-практикалық бейіні бар.

 

Кәсіби қызметінде халықаралық коммерциялық арбитраж және өнімді бөлу келісімдері шеңберіндегі дауларға қатысты істермен айналысады. Қызмет аясына сыбайлас жемқорлық, салықтық және экологиялық талаптар, сондай-ақ санкциялық реттеу контекстіндегі күрделі фактілік және сараптамалық материалдарды талдау кіреді. Құқықтық ұстанымдар әзірлеу, талдамалық қорытындылар дайындау және халықаралық заңгерлік кеңесшілермен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі бар.

 

Академиялық ортада халықаралық құқық бойынша оқу материалдарын әзірлеуге және оқыту үдерісіне қатысады, сондай-ақ Ғылыми мектеп аясындағы зерттеу жұмыстарына тартылған. Студенттерді халықаралық заң байқауларына дайындауға белсенді қатысады, оның ішінде Philip C. Jessup International Law Moot Court Competition шеңберінде құқықтық уәждеме әзірлеу, жазба меморандумдар дайындау және сот отырыстарының раундтарын өткізу.

Рахимбек Көңлімқос — халықаралық құқық саласындағы магистрант, оқытушы-ассистент және зерттеуші

Ағымдағы жобалар

Von Bar Ch., Foundations of Property Law. Translation to Kazakh by N. Yeshniyazov (Maqsut Narikbayev University Press, 2026)

Негізгі ағымдағы жоба Christian von Bar жазған «Foundations of Property Law» атты еңбегіне қатысты. Бұл еңбек Еуропаның жекеше құқық және салыстырмалы заттық құқық саласын терең қамтыған іргелі зерттеу болып табылады. Онда заттық құқық субъект пен объект арасындағы қатынасты реттейтін абсолюттік құқықтар жүйесі ретінде қарастырылып, «зат» ұғымының құқықтық мәні мен құқықтармен байланысы ашылады. Зерттеу континенталдық әрі англо-саксондық құқық дәстүрлерін қамтыған кең салыстырмалы әдіске сүйенеді.

 

Ғылыми мектеп аясында еңбек Нұржан Ешниязов жетекшілігімен қазақ тіліне аударылуда. Жобаның мұраты — жекеше құқық саласында қазақ тіліндегі іргелі қайнарлардың тапшылығын жою және сапалы ғылыми негіз қалыптастыру. Бұл аударма студенттердің даярлық деңгейін арттырып, құқық қолданушылардың заттық құқықты терең ұғынуына жол ашады да Еуропаның қазіргі заманғы доктриналық тәсілдеріне тікелей қол жеткізбек.

Abylaiuly A. ed, Treaty Law in Central Asia (Brill, 2026)

Негізгі ағымдағы жоба Абай Абылайұлы редакциялаған Treaty Law in Central Asia атты ғылыми еңбекпен байланысты. Бұл зерттеу Орталық Азия мемлекеттеріндегі халықаралық шарттар тәжірибесін жүйелеп, оның ішкі қисынын ашуға бағытталған. Еңбекте шарт жасау, оны түсіндіру және іске асыру мәселелері қарастырылып, өңір дербес құқықтық кеңістік ретінде, өзіне тән институционалдық және доктриналық ерекшеліктерімен талданады. Зерттеу кең салыстырмалы-құқықтық әдіске сүйенеді.

 

Ғылыми мектеп аясында бұл жоба өңірлік және халықаралық сарапшылардың қатысуымен ұжымдық зерттеу ретінде жүзеге асырылуда. Оның мұраты — Орталық Азиядағы халықаралық шарт құқығы жөніндегі жүйелі ғылыми еңбектердің кемшілігін толықтырып, осы салада орнықты зерттеу алаңын қалыптастыру. Күтілетін нәтиже — еңбектің өңірдегі халықаралық шарт құқығын теориялық тұрғыдан терең түсіндіруге үлес қосуы әрі мемлекеттік органдар мен шарттармен жұмыс істейтін мамандар үшін практикалық бағдар бола алуы.

Аяқталған жобалар

Abylaiuly A., Medetbekova D., Abdyrakhmanova K., Refugee Status Determination and Statelessness in Kazakhstan: Analysis of Court Practice (MIND, Maqsut Narikbayev University, 2026)

Іске асқан жоба «Refugee Status Determination and Statelessness in Kazakhstan: Analysis of Court Practice» атты зерттеу есебін әзірлеумен байланысты. Бұл еңбек 2014–2025 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының сот тәжірибесіне сүйеніп, босқын мәртебесін беру әрі азаматтығы жоқ тұлғаларды тану істеріндегі құқық қолдану заңдылықтарын айқындауға бағытталған. Зерттеу нәтижесі көрсеткеніндей, соттар көбіне босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімдерді қолдайды, ал азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты істерде тәжірибе әркелкі болып, өтініш иелері үшін салыстырмалы түрде қолайлы нәтижелер жиі кездеседі.

Алынған қорытындылар халықаралық стандарттардың ресми қабылдануы мен ұлттық деңгейде іс жүзінде қолданылуы арасындағы құрылымдық алшақтықты айқын көрсетеді. Жоба ғылыми да, қолданбалы да маңызға ие болып, босқындар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды қорғау саласындағы құқықтық саясатты жетілдіруге негіз қалайды. Зерттеудің түпкі нәтижелері Oxford University Press баспасының босқындар құқығына арналған рецензияланатын журналында жариялануы көзделіп отыр.

Abylaiuly A., Babajanyan E., Abenova A., Kokzhalov R., IEL Intellectual Property Law Kazakhstan (Wolters Kluwer, 2026)

Іске асқан жоба — IEL Intellectual Property Law: Kazakhstan, авторлары А. Абылайұлы, Э. Бабаджанян, А. Абенова және Р. Көкжалов. Бұл еңбек Қазақстандағы зияткерлік меншік құқығын теория әрі практика тұрғысынан жүйелі түрде баяндайды. Форматы жағынан International Encyclopaedia of Laws сериясына жатады, яғни жекелеген құқық салалары бойынша ұлттық құқық жүйелерін таныстыратын елдік монографиялар қатарынан табылады.

Еңбекте Қазақстандағы зияткерлік меншік құқығы заңнама, құқық қолдану, институционалдық тәжірибе және халықаралық міндеттемелер аясында талданады. Мұндай тәсіл тек нормативтік негізді ғана емес, сонымен бірге зияткерлік меншік нысандарын қорғау, пайдалану әрі құқықтарды қамтамасыз ету тетіктерін нақты күйінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Жобаның маңызы — Қазақстанның зияткерлік меншік жүйесін халықаралық салыстырмалы-құқықтық кеңістікке енгізуінде. Басылым ғалымдарға, тәжірибеші заңгерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, студенттерге әрі кәсіпкерлік ортаға арналған, яғни зияткерлік меншік саласындағы құқық, саясат пен тәжірибені тұтас ұғынуға мұқтаж қауым үшін маңызды ғылыми және қолданбалы қайнар болып табылады.

Abylaiuly A., Kazakhstani Law of Treaties: Commentary and Overview of Practice (Maqsut Narikbayev University Press, 2025). Published in Kazakh and Russian.

Іске асқан жоба Абай Абылайұлы жазған «Қазақстанның халықаралық шарт құқығы: комментарий және тәжірибеге шолу» атты қазақ және орыс тілдерінде жарияланған еңбекпен байланысты. Басылым оқу құралы сипатында болып, халықаралық шарт құқығының кодификациясына талдау береді, «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңына баптық түсіндірме ұсынады, сондай-ақ Қазақстанның ашық шарттық тәжірибесіне шолу жасайды.

Жобаның маңызы — Қазақстандағы халықаралық шарттар құқығын тек оқу пәні ретінде ғана емес, практикалық қолдану саласы ретінде де жүйелеуінде. Еңбек халықаралық шарттарды жасасу, орындау, өзгерту және тоқтату мәселелерімен айналысатын студенттерге, зерттеушілерге, мемлекеттік қызметкерлерге, судьяларға және заң кеңесшілеріне арналған. Басылым Қазақстандағы халықаралық шарт құқығын одан әрі дамыту үшін маңызды ғылыми және қолданбалы негіз қалыптастырады.

Yeshniyazov N., Abdel Mottaleb M. IEL Private International Law: Kazakhstan (Wolters Kluwer, 2025). Published in English.

Іске асқан жоба — Нуржан Ешниязов және М. Абдель Мотталеб авторлығымен жарық көрген IEL Private International Law: Kazakhstan. Бұл еңбек Қазақстанның халықаралық жеке құқығын ағылшын тілінде жүйелі түрде баяндайды. Форматы жағынан International Encyclopaedia of Laws сериясына жатады және Қазақстанның құқық жүйесін халықаралық салыстырмалы-құқықтық кеңістікте таныстырады.

Басылымда юрисдикция, қолданылатын құқықты айқындау, шетел сот шешімдерін тану және орындау, халықаралық азаматтық процесс, сондай-ақ шетел элементі бар отбасы, мұрагерлік, шарттық және корпоративтік қатынастар мәселелері талданады. Жобаның маңызы — Қазақстандағы халықаралық жеке құқық тәжірибесін шетелдік зерттеушілерге, заңгерлерге, соттарға, арбитрлерге және халықаралық кеңесшілерге қолжетімді етуінде, сонымен қатар осы саланың академиялық негізін нығайтуында.

Dozhdev D., Roman Private Law. Translation to Kazakh by N. Yeshniyazov (Smart University Press, 2024)

Іске асқан жоба — Д. Дождёв жазған «Римдік жеке құқық» еңбегін қазақ тіліне аудару Нуржан Ешниязов жетекшілігімен жүзеге асқан. Бұл еңбек римдік жеке құқықтың негізгі институттарын жүйелі түрде ашып, қазіргі цивилистиканы түсінудегі орнын айқындайтын іргелі оқу және доктриналық қайнар болып табылады. Дождёв еңбегі посткеңестік кеңістіктегі римдік жеке құқық жөніндегі маңызды еңбектердің бірі ретінде бағаланады.

Жобаның маңызы — қазақ тіліндегі академиялық және кәсіби ортаға жеке құқықтың құқықтық негіздерін танытатын басты қайнарға жол ашуында. Аударма мемлекеттік тілдегі іргелі құқық әдебиеттерінің тапшылығын толықтырып, римдік жеке құқықты түсінуді тереңдету арқылы студенттер, зерттеушілер және тәжірибешілер даярлығын күшейтеді. Бұл білім қазіргі азаматтық және салыстырмалы құқықты игерудің қажетті іргетасы болып табылады.

Yeshniyazov N., A Commentary on the Provisions of the Republic of Kazakhstan’s Legislation in Private International Law: A Practical and Study Manual (Smart University Press, 2023). Published in Kazakh and Russian

Негізгі зерттеу жобасы Н. Ешниязов жазған A Commentary on the Provisions of the Republic of Kazakhstan’s Legislation in Private International Law: A Practical and Study Manual атты қазақ және орыс тілдерінде жарияланған еңбекпен байланысты. Бұл еңбек Қазақстан Республикасының халықаралық жеке құқық саласындағы заңнамасына жүйелі түсіндірме беріп, коллизиялық нормалардың мазмұнын, қолданбалы құқықты айқындау тетіктерін және практикалық қолданылу ерекшеліктерін ашады. Зерттеу доктриналық талдауды практикалық бағдармен ұштастырып, теория мен құқық қолдану арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.

Ғылыми мектеп аясында бұл еңбек Қазақстандағы халықаралық жеке құқықтың заманауи академиялық негізін қалыптастырудың өзекті құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ол ұлттық құқықтық реттеуді түсінудегі бытыраңқылықты жоюға және халықаралық жеке құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда бірізді тәсіл қалыптастыруға бағытталған. Басылым құқықтық білім беру мен тәжірибе сапасын арттыруға ықпал етіп, студенттерге, судьяларға, зерттеушілерге және заңгерлерге арналған оқу құралы және қолданбалы құрал қызметін атқарады.

Abylaiuly A., ‘On the Necessity of Responding to the Findings of the International Law Commission’ in International Law, Politics and Security in Central Asia-Studies on Transformation and Development in the OSCE Region (Springer, 2026).

Негізгі ағымдағы жоба Абай Абылайұлы жазған “On the Necessity of Responding to the Findings of the International Law Commission” атты тараумен байланысты. Бұл еңбек International Law, Politics and Security in Central Asia (Springer, 2026) жинағында жарық көруі күтіледі. Зерттеу Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның, БҰҰ Халықаралық құқық комиссиясы аясында жүзеге асатын халықаралық құқықтың прогрессивті дамуы мен кодификациясы үдерістеріне қатысты институционалдық үнсіздігі мәселесін қарастырады. Еңбекте Комиссия жобалары мен қорытындыларына жүйелі жауаптың болмауы өңірдің халықаралық-құқықтық нормаларды қалыптастыруға қатысуын шектеп, оның доктриналық ықпалын әлсірететіні негізделеді.

Ғылыми мектеп аясында бұл жоба Орталық Азияның, әсіресе Қазақстанның, жаһандық құқық қалыптастыру үдерісіндегі орнын қайта пайымдау талпынысы ретінде қарастырылады. Еңбек мемлекеттердің халықаралық кодификация рәсімдеріне белсенді қатысуының қажеттігін негіздеуге бағытталған, соның ішінде пікірлер ұсыну, талқылауларға қатысу және ұлттық деңгейде жауап беру тетіктерін дамыту мәселелерін қамтиды. Күтілетін нәтиже — еңбектің Комиссия қызметіне қатысудың маңызын теориялық және практикалық тұрғыдан терең түсіндіруге үлес қосуы әрі неғұрлым проактивті халықаралық-құқықтық саясат қалыптастыруға жәрдемдесуі.

Нарикбаев Талгат Максутович
Председатель Правления АО «Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева»
Пішінді толтырыңыз

    Тілді таңдаңыз

    Мәртебесі

    Міндетті түрде

    Академиялық дәреже

    Міндетті түрде

    Азаматтық

    Міндетті түрде

    Аты

    Міндетті түрде

    Тегі

    Міндетті түрде

    Электронды пошта

    Міндетті түрде

    Ұялы телефон нөмірі

    Міндетті түрде


    Пішінді толтырыңыз

      Аты-жөні

      Міндетті түрде

      Электронды мекенжайы

      Міндетті түрде

      Телефон нөмірі

      Міндетті түрде

      Сізде ғылыми дәреже бар ма?

      Міндетті түрде

      Қызмет атауы

      Міндетті түрде

      Сіздің түйіндемеңіз