Maqsut Narikbayev University-де (MNU) студенттердің 30-шы мерейтойлық оқу бітіру рәсімі өтті. Университет корпусының алдындағы жаңа Фемида гүлзарында өткен салтанатты іс-шараға екі мыңнан астам адам қатысты.
Биыл 828 адам MNU түлегі атанды, оның ішінде 698 бакалавр дәрежесінің иегері мен 130 магистр дәрежесінің иегері. Жас мамандардың көбісі Құқық жоғары мектебін (271 бакалавр және 69 магистр) бітірді. Түлектерді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтады.
«30 жыл ішінде Maqsut Narikbayev University заң білімінің алтын діңгегіне айналды. Біз мұны мойындаймыз. Бірінші кезекте түлектердің ата-аналарын құттықтаймын және сіздерге алаңдайтын ештеңе жоқ екенін айтқым келеді. Себебі MNU бүгінде түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда тұр. Олар ең мықты компанияларда жұмыс істейді, сондай-ақ біз оларды мемлекеттік қызметте көруге қуанышты боламыз», – деді Саясат Нұрбек.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, депутаттық корпус пен БАҚ өкілдері, университеттің басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы, MNU серіктестері және түлектердің туыстары қатысты. Диплом табыстау рәсімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ашылған жаңа Фемида гүлзарында өтті. Абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс шамамен 200 ағаш, 10 мыңнан астам жапырақты және қылқан жапырақты бұталар, 2 500 жуық өсімдіктер отырғызуды, іс-шаралар өткізуге және демалуға арналған алаң мен коворкинг-аймағын құруды, шағын сәулет нысандарын орнатуды қамтиды.

«Жаңа гүлзар бүгінде жаңа, жарқын өмірге аттанатын біздің түлектеріміз секілді жаңару мен өсудің символына айналды. Бүгін біз үшін жай ғана күнтізбедегі белес емес. Бұл – бірге жүріп өткен жол. Осы уақыт ішінде біздің университет елімізге мыңдаған кәсіби маман, көшбасшы, жаңашыл тұлғаларды дайындады. 30-шы түлектер – сол тарихи жолдың заңды жалғасы және оның жаңа кезеңін бастайтын ұрпақ», – деді MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Іс-шараның ерекше оқиғасы «Журналистика: аналитика және тергеу» мамандығы бойынша 25 түлекке диплом табыстау болды. Мамандық төрт жыл бұрын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (қазір – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі) қолдауымен ашылды, ал 2023 жылы ҚР Президентінің Телерадиокешенімен бірлесіп Халықаралық журналистика мектебі іске қосылды. Бұдан басқа, оқу барысында және университеттің қоғамдық өмірінде елеулі жетістіктер көрсеткен түлектердің есімдері жеке атап өтілді.
«Осы төрт жыл ішінде маған Maqsut Narikbayev University берген тәлімгерлік пен мүмкіндіктердің арқасында мен үлкен компанияларда тағылымдамадан өтіп, түрлі кейс-чемпионаттарға қатыстым. Бүгінгі таңда мен PwC-те – аудиторлық қызмет көрсететін Big4 компаниялардың бірінде табысты жұмыс істеймін. Біздің университет бізге мойымауды және өзімізге сенуді үйретті», – деді MNU түлегі Бақыт Сақышова.

Maqsut Narikbayev University 30-дан астам білім беру бағдарламасын іске асырады, беделді халықаралық аккредитацияларға ие және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жоғары көрсеткіштерін көрсетуде. MNU миссиясы сапалы және қолжетімді білім беру арқылы қоғамға қызмет ету болып табылады. Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдызы Батырхан Мәліковтың (ALEM) өнер көрсетуімен және мерекелік отшашумен аяқталды.







