
Maqsut Narikbayev University-де шетелдік сарапшылардың қонақ дәрістері өтті. Студенттер алдында Францияның Адам құқықтары жөніндегі Елшісі Изабель Ром және Халықаралық қызыл крест комитеті Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі жаһандық бастамасының басшысы Анна Кинтен сөз сөйледі.
Изабель Ром «Дипломатиядағы феминизм» тақырыбындағы дәрісінде феминистік принциптердің дипломатия мен халықаралық ынтымақтастыққа әсері туралы өз пікірімен бөлісті. Ол Францияның гендерлік теңдікті ұстануы, шешім қабылдауда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік аспектіні адам құқықтары саласындағы саясатқа қосу туралы айтты. Сонымен қатар спикер студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Анна Кинтен болса халықаралық гуманитарлық құқық жүйесіндегі қазіргі заманның сын-қатерлері туралы ақпаратпен бөлісті. Сарапшы студенттермен қазіргі заманғы қақтығыстар мен гуманитарлық принциптерді қорғаудың өзекті мәселелерін талқылады. Айта кетейік, Қазақстан 2024 жылы халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейімділікті күшейтуге бағытталған жаһандық бастаманы ұсынған алты мемлекеттің қатарында болды.


