Maqsut Narikbayev University (MNU) заңгерлік құжаттарды әзірлеуге көмектесетін жасанды интеллект моделін құруға белсенді қатысады. Бастама Астанада Құқық және дауларды шешу саласында ЖИ-ді қолдану туралы халықаралық форум барысында жарияланды.
«LegalTech Foresight және құқыққа бірлескен тәсіл» құқықтық форумы бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) өтті. Іс-шара заңнаманы дамытудағы және дауларды шешу жүйесіндегі жасанды интеллекттің рөлін талқылау үшін Қазақстан мен Қытай сарапшыларын біріктірді. Форумды АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО), MNU, Astana IT University (AITU) және Қытай саяси ғылымдар және құқық университетімен (CUPL) бірлесе ұйымдастырды.
Форум барысында сарапшылар заң практикасының трансформациясы және нормативтік актілер мен заманауи сот төрелігі жүйелерінің технологиялық негізін дайындаудағы ЖИ рөлін талқылады. Сондай-ақ заң зерттеулері, нормашығармашылық пен дауларды шешуге ЖИ енгізумен байланысты жаһандық үрдістер, мүмкіндіктер мен сын-қатерлер бойынша пікір алмасу болды. Бұдан басқа, АХҚО Соты, ХТО, MNU, AITU және CUPL заңгерлік құжаттарды әзірлеуге және өңірдегі құқықтық процестердің тиімділігін арттыруға көмектесетін жасанды интеллект моделін құру жөніндегі бірлескен LegalTech Lab жобасын іске қосу туралы декларацияға қол қойды.
«Біз LegalTech және GovTech саласындағы проактивті ЖИ шешімдер мен кең көлемдегі өнімдерді әзірлеуге назар аударамыз. Бұл бастамалар реттеушілік болжау тетіктерін нығайтып, мемлекетке, бизнеске және қоғамға елеулі пайда әкеледі», – деді MNU Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен.
Бұл бастама заң технологиялары саласындағы университетаралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы үлкен қадам болады. Форумға қатысушылар этикалық стандарттардың және құқықтық сала үшін ЖИ базасында сенімді, тиімді шешімдер жасаудағы кәсіби жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті. Қытай саяси ғылымдар және құқық университеті ЖИ, құқық және технологиялар институтының деканы Линхан Чжан ЖИ-ге қарасты этикалық тәсілдердің жаһандық маңыздылығына назар аударды.
«Жасанды интеллекттің сенімді жүйелері халықаралық ынтымақтастық жағдайында құрылуы керек. Жаңа технологиялар сот төрелігі, орнықты даму және жаһандық тұрақтылық мүдделеріне қызмет етуі тиіс», – деді Линхан Чжан.
Айта кетейік, CUPL өкілдері MNU-да қонақ дәрісін өткізіп, Қытайдағы ЖИ-дің дамуы мен реттелуі туралы айтады.




