Maqsut Narikbayev University-де Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігімен бірлесе үшінші өңірлік медиафорум өтті. Іс-шараға қатысушылар жасанды интеллект және ақпаратты манипуляциялау дәуірінде онлайн болу туралы пікір алмасты.
Жыл сайынғы іс-шараға Орталық Азияның барлық елдерінен жүзден астам журналистер, фактчекерлер, медиаменеджерлер, азаматтық қоғам мен медиа ұйымдардың өкілдері және студенттер қатысты. Сарапшылар жасанды интеллекттің рөлі, цифрлық қауіпсіздік және ақпараттық ортаның тұрақтылығы туралы айтты. Сондай-ақ дипфейктер, ЖИ арқылы жалған хабарлар, журналистік тұрақтылық, медиа саласындағы кәсіби мамандардың бейтараптығы және ақпараттық қауіпсіздігі туралы практикалық воркшоптар өткізілді.

«Әртүрлі көзқарастарды ұсынып, ақпарат құралдары қауымдастықтар арасында диалог пен түсіністікті дамытады. Дағдарыс кезеңдерінде БАҚ дәл әрі жедел ақпарат таратудың аса қажет құралына айналады. Журналистердің еңбегі азаматтардың ақпараттандырылған күйде болуын қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Ал ақпараттандырылған қауымдастықтар – бейбіт әрі дамыған қоғамның негізі», – деді ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс.
Арнайы өкіл атап өткендей, Еуропалық Одақ Орталық Азияда медиа еркіндігі және цифрлық тұрақтылықты нығайту жолында сенімді, ұзақ мерзімді серіктесті болып қала береді. Форум барысында қатысушыларға осы күндері Астанаға ресми сапармен келген Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштаның жылы лебізі жеткізілді. Іс-шара ЕО мен Орталық Азия медиа қоғамдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайтқан маңызды өңірлік оқиға болды.

«Форум жаңа кәсіби мәдениеттің бір бөлігіне айналатын мәселелерді көтереді. Біздің университет журналистерді дайындайтын жоғары оқу орындарының қатарында және биыл біз бітіруші курстың барлық студенттері үшін ЖИ курсын енгіздік. Сонымен қатар ЖИ зертхананы іске қостық. Бұл цифрлық ортада сенімді мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», – деді MNU Провосты Анар Ибраева.
Медиафорумға қатысушылар сондай-ақ MNU Халықаралық журналистика мектебінің қызметімен танысты.





