Maqsut Narikbayev University (MNU) Монс университетімен (UMONS) келісім жасасты. Жоғары оқу орындары ғылыми зерттеулер мен академиялық алмасу саласында ынтымақтасатын болады.
Уағдаластыққа Қазақcтан-Бельгия ректорлар форумы аясында қол жеткізілді. Құжатқа MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев пен UMONS Ректоры Лоран Лефевр қол қойды. Келісім студенттермен, оқытушылармен, ғылыми жарияланымдармен алмасуға және жоғары білім беру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Екі ел ректорлары форумы күні кеше Астанада өтті. Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильда қатысты. Пікірталас жасанды интеллекттің білім беру мен ғылыми зерттеулерге әсеріне арналды.
Айта кетейік, 12 мыңға жуық студент оқитын Монс университеті Бельгияның ғылыми бағыттағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Халықаралық жарияланымдар мен серіктестік көрсеткіштері бойынша UMONS әлемдік академиялық рейтингтер тізімінде және ғылыми дәйексөзделу мен бірлескен зерттеулер сапасымен мойындалған.





