Елордалық оқушылар мен студенттер Көктем мерекесінің (Қытай Жаңа жылы) жақындауын атап өтті. Maqsut Narikbayev University-де ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігімен бірлесе мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Іс-шара Астана қаласының 200-ден астам оқушыларын, студенттері мен оқытушыларын біріктірді. Қытай тілін белсенді меңгеріп жүрген жастар музыкалық, би және көркемдік нөмірлерді көрсетті. Мерекелік бағдарлама екі елдің мәдени әралуандығы мен дәстүрлерінің диалогын көрсететін шығармашылық композицияларды қамтыды.

«Бүгін мұнда оқушылар мен студенттер үшін қытай тілін үйрену – бұл тек оқу ғана емес, сонымен қатар Қытайдың бай мәдениетімен және тарихымен танысу. Бұл концерт тілдің адамдар арасындағы байланыстырушы буынға айналғанын көрсетеді. Келе жатқан жаңа жыл үйлесімділікті, жаңа мүмкіндіктерді және екі халық достығын одан әрі нығайтуды әкелсін», – деді MNU Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен.
Сергей Пен сондай-ақ MNU мен қытайлық серіктестер арасындағы жемісті ынтымақтастықты атап өтті. Сонымен қатар қытай тілі студенттер арасында сұранысқа ие. Бүгінде оны университетте 300-ге жуық адам меңгеруде.

«Чуньцзе – бұл отбасылық бірлік пен үйлесімділік күні, көктемнің символы және қытай халқы арасында болашақ өмірге деген ізгі үміт. Бұл туралы қазақ мақал-мәтелінде де айтылған: «Көктемнің лебі еседі, үміт оты жанады». Қытай тілін үйренуге ынталы оқытушылар мен студенттермен кездескеніме қуаныштымын. Осы тамаша іс-шараны ұйымдастырғаны үшін MNU мен барлық қатысушыларға алғыс айтамын», – деді Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі
Хань Чуньлин.
Айта кетейік, Көктем мерекесі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілген. Биыл Қытай Жаңа жылы 17 ақпанда тойланады.








