Maqsut Narikbayev University-де күні кеше республикалық референдумға дайындық аясында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті. Іс-шара Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Кездесу Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын, Астана қаласының басшылығын, елордалық университеттердің жетекшілерін, қаржы және IT секторы, мәдениет саласы, жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін біріктірді. Іс-шара барысында жаңа Ата заң жобасының негізгі ережелері бойынша пікір алмасылды. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек алдағы референдумның ел үшін маңыздылығын атап өтіп, жаңа Конституция жобасы мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты.

«Жаңа Конституцияның басты мәні – адам және оның құқықтары. Себебі азаматтардың құқықтары мен бостандықтары – Ата заңның өзегі. Білімге, ғылымға, мәдениет пен инновацияға ерекше назар аударылған, бұл – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Жоба бір палаталы Парламент – Құрылтайды қалыптастыруды, сондай-ақ жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы – «Қазақстан Халық Кеңесін» құруды көздейді», – деді Жеңіс Қасымбек.
Елорда әкімі құжатта «Әділетті Қазақстан» идеясы, «Заң мен Тәртіп» қағидаты, сондай-ақ адами капиталды дамыту мәселелері бекітілгенін еске салды. Кездесуде сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Марат Бәшімов пен Серік Егізбаев, Астана халықаралық биржасының қаржы директоры Жарас Мұсабеков, Amanat партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова және Codiplay edtech-компаниясының бас директоры Данабек Қалиаждаров сөз сөйледі. Депутат Марат Бәшімов жаңа Конституция жобасындағы құқық қорғау әлеуетінің маңыздылығын атап өтті.
«Конституцияның құқық қорғау әлеуеті табиғи құқықтар доктринасына негізделген. Адам дүниеге келген соң оның құқықтары оған туғаннан тиесілі. Біз жеке, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтардың кепілдіктерін күшейттік. Конституция халық егемендігін бекітеді, ең жоғары заңдық күшке ие және тікелей қолданылады. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – Қазақстан халқы», – деді Марат Бәшімов.

Айта кетейік, бұған дейін MNU-да «Жаңа Конституция – мемлекеттілік дамуының жаңа кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел өткен болатын. Сондай-ақ, жаңа Ата заң жобасы университет студенттеріне түсіндірілді.






