Астанада ірі кәсіпорындар мен түрлі компаниялардың 20-дан астам өкілі Maqsut Narikbayev University-де мамандар даярлауды күшейту жөнінде ұсыныстар берді. «Sheraton Astana Hotel-де» MNU Халықаралық экономика мектебі Бизнес кеңесінің X отырысы өтті.
Талқылау тақырыбы «Менеджмент саласындағы бизнес әкімшілендіру» білім беру бағдарламасы түлегінің бейнесі болды. Іс-шарада бағдарламадағы Supply Chain Management (Жеткізу тізбегін басқару) бағытына, еңбек нарығының сұранысы мен бағыттың мамандарды қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Бизнес кеңес отандық және шетелдік көлік-логистикалық кәсіпорындары, сондай-ақ мұнай-газ және консалтингтік компаниялары өкілдерінің арасында қызығушылық тудырды.
Халықаралық экономика мектебінің Деканы Сәуле Кемелбаева мектеп қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып, беделді халықаралық аккредитациялар мен түлектерді жұмысқа орналастырудың жоғары көрсеткіштерін атап өтті. Сондай-ақ, университет пен жұмыс берушілер арасында тәжірибеден өту бағдарламалары, кейс-чемпионаттар, меморандумдар жасасу сияқты түрлі форматтағы ынтымақтастық ұсынылды. MNU Провосты Анар Ибраева серіктестерге ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, академиялық қоғамдастық пен индустрия арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтті.

«Біз жыл сайын еңбек нарығы үшін мыңға жуық түлек даярлаймыз. Түлектеріміз жұмыс берушілердің үмітіне сай болуы өте маңызды. Біздің серіктестеріміздің Бизнес кеңестің оң жылдық қызметі аясында айтылған барлық ұсыныстары ескеріліп, талқылау қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларына енгізілді», – деді Анар Ибраева.
Провост сондай-ақ түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект компонентінің университеттің білім беру бағдарламаларына табысты енгізілгеніне тоқталды. Отырысқа қатысушылар ЖИ бойынша дағдыларды кеңейтудің маңыздылығына, сондай-ақ болашақ мамандардың Power BI және Microsoft Excel құралдарын меңгеруінің жоғары деңгейіне назар аударды. Бұдан басқа, интеграцияланған тәсіл, дипломдық жұмыстарды бағалаудың жаңа шарттары және сыни ойлау дағдыларын дамыту қажеттігі атап өтілді.

«Бізде үнемі сатып алу, есеп айырысу, талдаумен айналысатын қызметкерлерге қажеттілік туындайды. Бүгінгі таңда нарықта мамандар жетіспеушілігін көріп отырмыз. Университетпен осындай диалог форматы бізге компанияға қажетті тиімді оқытылған маманды шақыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жақсы бастама және оны жалғастыру қажет. Біз MNU-мен ынтымақтасуға дайынбыз», – деді Wabtec корпорациясының ЕМЕА аймағы бойынша жеткізу тізбегінің жетекшісі Эльмира Нұреділова.
Бизнес кеңес барысында Supply Chain Management саласында MNU-мен тығыз ынтымақтастық орнатқан компанияларға «Outstanding Business Partner» сыйлығы табыс етілді. Арнайы мүсіншелерді «Alstom», «PTC Holding» және «Sheraton Astana Hotel» компанияларының өкілдері иеленді. Отырыс қорытындысы бойынша жұмыс берушілердің мазмұндық ұсыныстары университет әкімшілігімен назарға алынатыны атап өтілді.
Айта кетейік, Бизнес кеңес – Халықаралық экономика мектебінің тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-ұсынымдық органы.







