Maqsut Narikbayev University-де Фудань университетімен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды. Жоғары оқу орнында «Стратегиялық өзгерістер дәуіріндегі Қытай-Орталық Азия қатынастары» атты дөңгелек үстел өтті.
Сарапшылар Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің перспективаларын талқылады. Іс-шараға қатысушылар жаһандық өзгерістер жағдайындағы жасанды интеллект, қауіпсіздік, сауда және өңірлік саясат мәселелері бойынша пікір алмасты. Дөңгелек үстел барысында Фудань университеті Халықаралық зерттеулер институты Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Ма Бинь сөз сөйледі.
«Қытай мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасты зерттеу кең ауқымды және пәнаралық тәсілді талап етеді. Болып жатқан үдерістерді тереңірек түсіну үшін әртүрлі көзқарастар мен түрлі зерттеу тәжірибесі мен мамандануы бар ғалымдардың қатысуы қажет», – деді Ма Бинь.
Фудань университеті Аспан асты елінің ең көне және беделді жоғары оқу орындарының бірі. Ол әлемнің ең үздік 100 университетінің қатарына кіреді. Тараптар бірлескен зерттеулерді дамытуға, академиялық алмасуларды кеңейтуге және университеттер арасындағы серіктестікті нығайтуға мүдделілік танытты.
«Дөңгелек үстел пікір алмасу мен өңірде болып жатқан үдерістерді түсінудің жаңа тәсілдерін әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды. Біз түрлі көзқарастарды біріктіріп, сапалы зерттеулер мен сараптамалық пікірталастар негізінде шешім қабылдауға ықпал ететін мазмұнды диалог үшін кеңістік құруға тырысамыз», – деді MNU Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен.
Айта кетейік, өткен жылы MNU «Қытай – Орталық Азия» Заңгерлік білім альянсының мүшесі атанды.






