Maqsut Narikbayev University-де (MNU) Черногория Президенті Яков Милатович болды. Ол студенттер алдында сөз сөйлеп, бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Черногория көшбасшысы Қазақстанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен алғашқы ресми сапармен келген. Кездесу университеттің жүзден астам студентін біріктірді. MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Яков Милатовичке талқылау мүмкіндігі үшін алғыс білдіріп, оның сапары екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына тұспа-тұс келгенін атап өтті.

«Жиырма жыл ішінде біздің елдеріміз өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген достық және сындарлы байланыстар орнатты. Қазақстан мен Черногория арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға өз үлесін қосуға Maqsut Narikbayev University де ұмтылады. Бұл кездесу – адамдар мен халықтардың жақындасуындағы білім беру саласының маңызды рөлінің тағы бір мысалы. Осындай көшбасшылармен бетпе-бет әңгімелесу студенттердің ой-өрісін кеңейтуге, халықаралық қатынастарды түсінуін тереңдетуге және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту үшін диалогтың маңызын бағалауға көмектеседі», – деді Талғат Нәрікбаев.
Іс-шараға сондай-ақ Черногорияның бірінші ханымы Милена Милатович, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова, MNU Провосты Анар Ибраева, черногориялық үкіметтік делегацияның мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Яков Милатович «Балқан және Орталық Азиядағы сыртқы саясат: күрделі геосаяси ландшафтта бағдарлау» тақырыбында сөз сөйледі. Черногория Президенті Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші саяси және экономикалық күшке айналғанын мәлімдеді.

«Қазақстан өзінің теңдестірілген және ойластырылған көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында өзін өңірлік тұрақтылықтың тірегі ретінде көрсетті. Елдің пікіріне барлық ірі астаналарда құлақ асады. Терең геосаяси өзгерістер дәуірінде сіздің ел барған сайын шешуші күшке, өзгермелі жаһандық ықпалды бөлудегі шынайы теңгерімдеуші факторға айналып келеді. Сонымен қатар Қазақстан Черногорияның сыртқы саясатының үшінші тірегі ретінде белгіленген БҰҰ-ның принциптері мен миссиясын мызғымас ұстануының арқасында біз үшін шабыт көзі», – деді Яков Милатович.
Черногория көшбасшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ны жан-жақты реформалау қажеттігі туралы ұсынысын қолдады. Яков Милатович екі мемлекет те тұрақты әрі гүлденген халықаралық тәртіп көпжақтылыққа, халықаралық ынтымақтастыққа, халықаралық құқықты құрметтеуге және дауларды бейбіт жолмен реттеуге негізделуі тиіс деген ортақ сенімге ие екенін атап өтті. Сондай-ақ ол студенттердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

«Халықаралық құқық» мамандығының студенті ретінде бүгінгі кездесу мен үшін халықаралық саясатты қалыптастыратын жоғары тұлғалармен және көшбасшылармен қарым-қатынас жасаудың үлкен мүмкіндігі. Барлығы интерактивті форматта өтті және біз барлық сұрақтарымызды қоя алдық. Мен Черногория Президентінен БҰҰ жұмысының тиімділігін қалай арттыруға болатынын сұрадым. Оның айтуынша, тек Қауіпсіздік Кеңесі реформаланған жағдайда ғана барлық мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен әлемдегі қауіпсіздік нығая түседі», – деді MNU студенті Шынар Байтон.
Кездесу барысында Черногория Президенті студенттермен өзінің билікке келуінің жеке тарихымен бөлісті. Студенттер Яков Милатовичтің әлемдегі климаттың өзгеруі мен «интеллектуалды көші-қон» салдары және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту туралы пікірін сұрады. Іс-шараға қатысушылар Черногорияның Еуропалық Одаққа кіру перспективаларына да қызығушылық танытты.
«Бұл есте қаларлық кездесу болды және Черногория көшбасшысының жауаптары мені қатты шабыттандырды. Түрлі тақырыптар, соның ішінде білім беру және екі ел арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелері де болды. Яков Милатович сондай-ақ өз елінің Еуропалық Одаққа мүше болуға деген ұмтылысын және мемлекеттің өз алдына үлкен міндеттер қоя алатынын мәлімдеді», – деді MNU студенті Дана Құмарғазы.
Іс-шара жоғары мәртебелі қонақтарға брендті кәдесыйларды табыс ету және естелік фотосуретке түсумен аяқталды. Айта кетейік, бұған дейін MNU-да студенттердің Франция, Германия, Нидерланд және Финляндия көшбасшыларымен кездесулері өткен болатын.









