Maqsut Narikbayev University беделді The Times Higher Education Sustainability Impact Ratings 2026 рейтингінде өз позициясын жақсартты. Университет 601-800 диапазонына көтерілді.
Times Higher Education Sustainability Impact Ratings (бұрын – THE Impact Rankings) – Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарына сәйкес орнықты дамуды қамтамасыз етуге бүкіл әлем бойынша университеттердің үлесін бағалайтын жалғыз жаһандық рейтинг. MNU төрт Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қосқан үлесі бойынша рейтингте ұсынылды. Университет жалпы рейтингте екі диапазонға көтеріліп, әрбір бағаланатын бағыт бойынша өз позициясын жақсартты.
MNU-дың «Бейбітшілік, сот төрелігі және тиімді институттар» №16 ОДМ бойынша 101-200 диапазонына көтерілгенін ерекше атап өтуге болады. Университет «Гендерлік теңдік» №5 ОДМ бойынша 201-300 диапазонына енді, ал «Лайықты жұмыс және экономикалық өсім» №8 ОДМ бойынша 401-600 диапазонына көтерілді. Сондай-ақ жоғары оқу орны «Орнықты даму мүддесіндегі әріптестік» №17 ОДМ бойынша 601-800 диапазонына көтерілді.
«Біз бұл рейтингке үшінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Ол біз үшін тек халықаралық беделімізді арттыратын көрсеткіш қана емес, сонымен қатар университетіміздің миссиясымен де тығыз байланысты. Біздің миссиямыз – сапалы әрі қолжетімді білім беру арқылы қоғамға қызмет ету. Заманауи университет тек білім мен ғылымның орталығы ғана емес, сондай-ақ адал академиялық орта, құқықтық мәдениет, студенттерді қолдау, серіктестік пен әлеуметтік жауапкершілік арқылы қоғамға нақты пайда әкелетін институт болу керек. Сондықтан БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына негізделген бұл рейтинг университетіміз үшін ерекше маңызды», – деді MNU Провосты Анар Ибраева.
Айта кетейік, рейтингке 116 елден 1600-ден астам жоғары оқу орны қатысты. Бірінші орынды Манчестер университеті (Ұлыбритания) иеленді. MNU рейтингте ұсынылған қазақстандық жоғары оқу орындары арасында үздік үштікке кірді.