Maqsut Narikbayev University-де БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджид болды. Ол қонақ дәріс оқыды.
Дәріс барысында арнайы өкіл 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Орнықты даму мақсаттары аясындағы күн тәртібіндегі балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қарсы іс-қимылдың маңыздылығы туралы айтты. Ол қатыгез қарым-қатынасты, балаларды пайдалану, сату және зорлық-зомбылықтың басқа да түрлерін жоюға бағытталған мақсаттардың бірінің ерекше рөлін атап өтті. Іс-шараға Орталық Азия елдерінің Бала құқықтары жөніндегі уәкілдері де қатысты.

«Балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғау – бұл Орнықты даму мақсаттарының міндеті ғана емес. Бұл барлық мақсаттарды қамтитын жан-жақты тақырып. Өйткені кедейлік, кемсітушілік, денсаулық пен өмір сүру жағдайлары өзара байланысты және балалардың зорлық-зомбылық алдындағы осалдығын арттыруы мүмкін», – деді Наджат Маалла Мджид.
Дәріс барысында сұрақтар мен жауаптар сессиясы өтіп, онда студенттер сарапшымен әлеуметтік проблемаларды шешудің халықаралық тәсілдерін және Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылады. Наджат Маалла Мджид бірқатар сұрақтарға жауап беріп, кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар MNU-дың заманауи инфрақұрылымымен танысты.
Айта кетейік, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Астанаға жұмыс сапарымен келді. Бұған дейін ол Орталық Азия елдерінің бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің екінші халықаралық форумына қатысып, Вице-Президентпен және бірнеше министрліктердің басшыларымен кездесті, сондай-ақ бірқатар білім беру ұйымдарына барды.




